Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Таңғы уақытты берекелі ететін 5 сүннет

www.muftyat.kz 24.10.2017 49689 0 пікір

Алла Тағаланың сыйлаған әрбір таңы берекеге толы. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Таңғы уақыт – береке әрі намаздың өз мақсатына жететін кезі» дейді. Тағы бір хадисінде: «Таң намазын оқығаннан кейін ырыс-несібеңізді табудан қапыда қалып, ұйықтамаңдар» (Табарани) десе, атам қазақ: «Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық», деп түйген.
Сонымен қатар, Әбу Һурайра (оған Алла разы болсын) Пайғамбарымыздың  (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әрбір таң арайлап атып, Алланың құлдары ұйқыларынан оянып жатқанда, көктен екі періште түседі. Бірі: Уа, Алла Тағалам! Дүние-мүлкін игі жолға жұмсағанның дүниесінің орнын толтыра гөр – десе, екіншісі: Уа, Алла Тағалам! Жиған-тергенін жұмсамай, тығып отырған сараңды шығынға ұшырат – деп дұға жасайды», деген хадисін жеткізген. (Бұхари, зекет 27; Мүсілім, зекет 57).

Бірде имам Шафиғи таң намазынан кейін үйіне қайтып келе жатып, бір кісімен кездесіп қалады. Әлгі кісі имамға сәлемін беріп, жақсы тілек-дұғасын жасап болғаннан кейін: «Таңды қалай атырдыңыз?» деп сұрайды. Сонда имам Шафиғи: «Менен таң сегіз нәрсені қалаған күйде атырдым» деп жауап береді. Әлгі кісі имамның жауабына таңданып: «Уа, имам! Сізден кім сегіз нәрсені талап етуде? Сіздің ешкімде ақыңыз жоқ емес пе?!», – дейді.

Сонда Имам: «Жаратқан Алла менен парыз амалдарын қалайды; Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) менен сүннетін қалайды; әйел, бала-шағам күнделікті нәпақасын қалайды; нәпсім өзіне бағынғанды қалайды; шайтан ізіне ергенімді қалайды; екі иығымдағы екі періште жақсы және жаман амалдарымды жазғанын қалайды; өткен күндерім қартайғанымды қалайды; жан алушы періште болса, өлімге дайын болуымды қалайды… Міне, осылармен бірге таңды атырамын. Әрбір таң менен осы сұрақтарға жауап күтеді» деген екен.

Иә, Таңғы уақыттың әрбір мұсылман үшін маңызы үлкен. Пайғамбарымыз Мұхаммед те (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алла, таңғы уақытта менің үмбетіме береке бер», деп бекер дұға етпесе керек?! Осы бір берекелі уақыттың берекесін арттырып, мұсылманның мерейін үстем етер Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кейбір сүннеттерін ұсынамыз.

1. Алланы зікір ету

Хадисте: «Намаз (таң намазын) оқып болған соң, орнында қалып Алланы еске алатын кез-келген адам үшін ол зікірін тоқтатпайынша періштелер: «Аллаһым, оны кешірші! Аллаһым, оған рақымыңды төкші», деп  Алладан ол үшін  кешірім сұрауын тоқтатпайды» (Бұхари) делінген.

Тағы бір хадисте:

«Кімде-кім таң намазын оқып болып, орнында қалып, күн шыққанша Алланы еске алса, ал күн шыққан соң екі ракағат намаз оқыса, ол толықтай кіші және үлкен қажылық өтегендей сауап алады», (Тирмизи) деп айтылған.
2. Дұха намазын оқу

Дұха намазы – ерікті түрде оқылатын нәпіл намаз, оны күн шыққаннан кейін шамамен 20 минуттан соң әрі бесін намазына 45 минут қалғанға дейін оқуға болады.  Дұха намазын оқу – күннің сәтті өтуінің кепілі.

Хадисте: «2 ракағат дұха намазын оқуда табандылық танытқан адамның күнәлары (кіші) теңіздің көбігіндей көп болса да, кешіріледі», (Тирмизи) делінген.

Ал, басқа хадисте: «Жұмақта «Дұха» қақпасы бар. Қиямет күні хабаршы былай дейді: «Дұха намазын оқығандар қайда? Мынау сендер кіретін қақпа, Алланың мейірімімен осында кіріңдер», (Табарани) деп айтылған.

3. Құран оқу

Таңғы уақытты Құран оқуға және оның мағынасына ден қойып, ой жүгіртуге арнаған өте пайдалы. Бұл уақыт өзін Құранға ғана арнап күллі әлемнен оңашаланып, сауаптар мен Алла Тағаланың разылығына кенелетін кез. Әрі Құранды жаттауға ең лайық уақыт.

Қасиетті Құранда Алла Тағала былай айтқан:

«Түс қиғаннан, түннің қараңғылығына дейін намаз оқы (бесін, екінті, ақшам және құптан намаздары). Әрі таң намазын оқы. Күдіксіз таң намазына періштелер де қатынасады» (17:78).

Ал, хадисте: «Егер адам Құран оқуды кешке аяқтаса, періштелер оған таң атқанша истиғфар (кешірім сұрау) етеді, ал егер адам Құран оқуын таңертең тәмамдаса, періштелер кешке дейін истиғфар етеді» делінген.

4. Дұға жасау

Асыл дініміз исламда дұға жасауға, Алладан шынайы тілек тілеуге барынша маңыз берілген. Қасиетті Құран кәрімде «Бақара» сүресінің 186- аятында:

«(Мұхаммед!) Егер құлдарым, Мен туралы сенен сұраса: Өте жақынмын, қашан менен тілесе, тілеушінің тілегіне жауап берем. Ендеше олар да әмірімді қабыл етсін. Және Маған сенсін. Әрине тура жол тапқан болар еді»,-делінген.

Алла Елшісі (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын): «Мұсылман баласы күнә іс болмаған және туысқандық қатынасты үзуге бағытталмаған бір дұға жасаса, Алла оған үш жауаптың бірін береді: не дұға-тілегін лезде кешіктірмей қабыл етеді, немесе қиямет күнге сақтап қояды, немесе дұға-тілегіне тең келетін жамандықты қайтарады,-дейді. Сонда мұны естіген сахабалар: ондай болса дұғаны көп-көп жасайық, - дейді. Алла Елшісі (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) де: Алла одан да көп (яғни, жомарт)», дейді.

Күллі әлем шырт ұйқыда жатқан осы бір қайырлы уақытта Алла Тағаладан дүние һәм ақыретіңізге қажеттінің барлығын сұраңыз. Хадисте келгендей «Тіпті аяқ киімнің бауын да» сұраңыз, туыс-бауыр, дос-жаран, көрші-қолан, елге, барша үмбетке Алладан тілеңіз. Дұғаны шынайы ниетпен жасаңыз.

5. Күн тәртібі

Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) уақытты үнемді пайдалануға аса мән берген. Сондықтан да, мұсылман баласы өз уақытына ұқыпты қарауы тиіс. Таңғы уақытта күні бойы істейтін шаруалардың күн тәртібін жасаудың маңызы зор. Сол тәртіпке сай әрекет етсеңіз күніңіз сәтті, ісіңіз жемісті болмақ!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру