Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ӨМІР СҮРУДІҢ «АСТАНАЛЫҚ МЕКТЕБІ»

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ, ҚМДБ баспасөз хатшысы www.muftyat.kz 18.10.2017 3729 0 пікір

 

Бауыр басу

«Әкетай, Астанада қала берейікші! Маған бұл жер қатты ұнады. Енді басқа қалаға бармайықшы, жарай ма?»

Бұл – Мәриям қызымның бірінші сыныпқа барған кезде айтқан өтініші, бала тілегі еді. Үлбіреген үмітін бірден үзбейін деп: «Жарайды, қызым!» – дедім.

Қызмет бабымен бірнеше қалада тұрдық. Бірақ Астанаға бірден бауыр басып қаламыз деп ойламаппыз. Өйткені, әуелгіде «Астанада алты ай суық, алты ай қатты суық екен» деген сөздер біздің де санамызды билеп-төстеген. Сібірге бара жатқандай, қалың киімдерді ақшаның бетіне қарамай, сатып ала беріппіз...

Осы үрейдің бәрі енді үмітке айналды. Басқа қалаға барған бойда балаларым: «Қашан Астанаға жетеміз», – деп мазалай бастайды. Өзіміз де үйден екі күнге кетсек, Астанаға аңсарымыз ауып тұрады. «Өз үйім – өлең төсегім», – дегені осы болса керек.

Саф ауа, жайлы табиғат, тұрақты қызмет, діттеген жеріңе жылдам жету – еріксіз өзіне баурап алған негізгі фактор болды. Бұл – Елордаға тән магнит күші екен. Өйткені, Астана – Елбасының «жеті рет өлшеп, бір рет кесіп», сөйтіп, 32 өлшемге (жан-жақты талаптар бойынша) салып, таңдауы түскен ерекше қала. Президенттің осы жас қаланы Қазақ Елінің жаңа астанасы ету хикметін енді сезіне бастадық.

 

Ақиқатқа айналған арман

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 1997 жылғы тарихи таңдауы мен шешімі, сөз жоқ, кешегі боздақ бабалардың ұлы арманы еді. Алаштың ардақты ұлдарының бірі Әлихан Бөйкеханов «Григорий Николаевич Потанин» атты мақаласында: «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ «Қозы Көрпеш – Баянды» шығарған Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау», – деп жазады.

Қараөткел, яғни қазіргі Астана – қазақтың жаңа Елордасы. Халықаралық дәрежеде университет салынды. Қазақтың ұл-қызы әлемдік деңгейдегі іргелі жоғары оқу орындарында оқып жатыр. Қазақтың киелі топырағынан шыққан Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты Еуропа тануда. Берісі Азия, арысы Еуропа елдерінің басын біріктірген Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына ТМД бойынша тұңғыш рет Қазақстан төрағалық етті. 2010 жылы ел кіндігі Елордада өткен әлемдік тарихи шара – ЕҚЫҰ саммиті күллі дүниежүзін өзіне қаратты. Әлемдік қауымдастық сан ғасырлық тарихы бар қазақтың іргелі ел, жоралы жұрт екендігін таныды.

Әлиханның арманы – бүгінгі – шындық, ертеңгі – тарих. Біз – ХХІ ғасырдың ұрпағымыз. Ал кешегі мен бүгінгі заманды көрген көнекөз қариялар тәуелсіздіктің қадірін бізден гөрі жақсы біледі. Қазақтың өз алдына ел болуын тілеген текті бабалардың дұғасы қабыл болған екен. Қасиетті хадисте: «Атаның ұрпағына жасаған тілегі қабыл», – делінген. Тәуелсіздікке өздері жете алмаса да бүгінгі ұрпағы жетті. Аллаға шүкір! Алайда кешегі арыстар мен боздақтардың қанымен келген егемендікті сақтап қалу – бүгінгі ұрпаққа сын, асыл міндет, үлкен аманат.

 

«Рухани дипломатияның» ордасы

Астана – тек саяси шешімдер мен тарихи шаралардың ордасы емес. Сонымен қатар, Елорда – халықаралық дінаралық келісімнің, бейнелеп айтқанда, әлемдік «рухани дипломатияның» орталығы. Бүгінде бүкіл дүние жүзінде діни алауыздықтар өршіп, оның соңы шиеленістер мен күзелістерге ұласуы Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлері съезінің маңыздылығын күн өткен сайын арттыруда. Рухани дағдарыс шарпыған осынау өтпелі кезеңде әлем жұрты Астананың діни диалогқа бастаған игі қадамдарына мұқтаж екендігін саналы түрде сезініп келеді. Өйткені, рухани құндылықтарсыз дағдарыстан құтыламын деу – о бастан шикі шешім екендігі белгілі еді.

1998 жыл, 10 шілде. Қазақ халқының жаңа елордасы – Астананың тұсауы кесілді. Осы жылы ЮНЕСКО-ның шешімі бойынша Астанаға «Бейбітшілік қаласы» деген жоғары мәртебе беріліп, медальмен марапатталуы заңды құбылыс еді. Бас қалаға берілген айрықша құрмет пен марапат өзін ақтады. Бүгінде жас Астана бірлік пен бейбітшіліктің алтын бесігіне айналып үлгерді. Елорда – тұрақтылық пен татулықтың, рухани келісім мен ізгіліктің символы.

Сарыарқа төсінде дүниежүзіне жолданған салиқалы сөздер, ұйымшылдыққа ұйытқан үндеулер, ымыраға бастаған игі жобалар халқымыздың діні мен ділін, салты мен шынайы қалпын әлем алдында асқақтатты. Осы жазда өткен «EXPO-2017» халықаралық көрмесі жас мемлекетіміздің білім мен ғылымға ұмтылысын бүкіл елге паш етті. Қазақстан әлемге қазіргі ғылыми жетістіктерді танытты, әлем қазақтың жан-жақты жетістіктерін таныды. Алматыны – Астанаға көшіру – тәуелсіздік жылдарындағы тамаша жетістіктеріміздің бірі. Бұл – егеменді еліміздің тарихында алтын әріптермен жазылған ұлы оқиға. Оған шүбә жоқ.  

 

Жалқаулықты жақтырмайды

Астана бізге әлемдік дамудың қалтарысынан қалыс қалмауға үйретті. Қазіргі нарық жағдайына сай үйлесімді тіршілік етуге бейімдеуде. Байқағаным, өмір сүрудің «астаналық мектебі» көп адамды ширатуда. Қала жалқаулықты жақтырмайды екен. Мақсатсыз үмір сүруді де мүлде ұнатпайды. Ертең не істесем екен деп тұрасың. Жоспар құрып, жүйелі жұмыс жасауға дағдыланасың. Өйткені, қаланың қарбалас тіршілігі бос жүруге дес бермейді. Бір күн бос жүрсең өзіңді өмірден қалып қойғандай сезінесің. Тіпті, баспаналы болуға деген ұмтылыс ертеңге үміт сыйлайды. Осы жолда ерінбей еңбек етуге тәрбиелейді. Қысқа қайырғанда, Елорда – үкілеген үміттер қаласы.

Астананың рухани келбеті өз алдына бір әңгіме. Әуежай маңында салынған «Әлжан ана» мешіті қалаға кірген әр шетелдік азаматты қандай елге келгенін бірден сезіндіреді. Әуеден әуежайға төмендей бастаған ұшақ терезесінен ең әуелі мешіт мұнарасы менмұндалайды. Елбасының «Нұр Астана» мешітінің құрылыс жобасын талқылау барысында сол кездегі Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәліге қарата: «Шетелдік азаматтар мұсылман еліне келгенін сезінуі тиіс», – деп айтқан сөзінде үлкен мән бар.

Астанада әр 3 жыл сайын өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі Қазақ Елінің бейбітшілікті мұрат тұтқан мұсылман жұрт екендігін әлемге танытып келеді. Қазақ топырағында бұрын-соңды болмаған, ТМД елдері бойынша теңдесі жоқ «Әзірет Сұлтан» мешітінің әсем шаһарда бой көтеруі еліміздегі мұсылман қауымының еңсесін көкке көтерді. Бас қаланың сәулетіне айрықша көрік берген республикалық бас мешіт санаулы жылдар ішінде білім мен ғылымның, діни оқу-ағарту саласының рухани ордасына айналды. Астана рухани кемелденуді көздейтін кез-келген адам үшін де таптырмас мол мүмкіндіктер қаласы.

Сайып келгенде, осынау нығметтің, игіліктің, жақсылықтың бәрі әуелі Алланың қазақ жұртына берген сыйы, жаңа елорданы таңдау бақыты бұйырған Елбасының ерен еңбегі, ғасырлар бойы тәуелсіздікті аңсаған халқымыздың қайта бүр жарған үкілі үміті. Алла Тағала ұзағынан сүйіндірсін!

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру