Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Алла Айюбқа (оған Алланың сәлемі болсын) барлық балаларын қайтарып берген...

"Ануарул-ғашиқин" кітабынан. www.muftyat.kz 04.10.2017 5038 0 пікір

Бір риуаятқа сай, жұма намазы күні Жәбірейіл Айюб пайғамбарға келіп:

- "Уа, Айюб! Алла Тағаланың қалауымен аяғыңа тұрып, жерді қатты теп" деп бұйырады.

Айюб пайғамбар аяғына тұрып, жерді бір тебеді. Жерден екі бұлақ шығады, бірі жылы су, екіншісі салқын су болады. Су сүттен ақ, балдан тәтті әрі жұпар аңқыған болады.

Жәбірейіл Айюбқа (оған Алланың сәлемі болсын) салқын судан ішіп, жылы сумен жуынуды бұйырады. Пайғамбар судан жүзі жаңа туған айдай жарқырап шығады. Содан кейін Жәбірейіл Жұмақтан екі киім әкеліп, Айюбқа кигізеді. Аяғына екі алтын сандал кигізіп, айва жегізеді. Осыдан кейін Айюб (оған Алланың сәлемі болсын) ауруынан айығып, өзін өте жақсы сезінеді.  

Айюбтың науқасының ұзақтығы жөнінде әртүрлі көзқарастар айтылған болатын. Анас ибн Мәліктің пайымдауынша, науқас он сегіз жылға созылған. Уахаб ибн Мухаббихтың айтуынша, ол үш жыл ауырған. Кейбіреулер болса, науқас  жеті жыл, жеті ай, жеті күн, жеті сағатқа созылған деген.  

Осыдан кейін Айюб (оған Алланың сәлемі болсын) Алланың қалауымен тұрып, екі ракағат намаз оқиды. Содан кейін ол өзінің орнына барып отырғанда, оның әйелі Рахима келеді. Оны кезекті рет садақа сұрай барған үйі қуып жіберген болатын. Айюбты іздеп, орнынан оны таппайды. Оның орнында отырған өзге біреуді байқап, одан:

- Уа, Алланың құлы! Бұл жерде науқастанып жатқан Айюбты көрмедің бе? деп сұрайды.

- Оны көрсең таныр ма едің? - дейді Айюб.

- Иә, танимын. Дені сау болғанда ол біраз саған келетін, - дейді әйел. 

Пайғамбар күлімсіреп, өзің Айюб екендігін жеткізеді. Сол кезде Рахима өз күйеуін танып, қатты қуанады. Оны құшақтап, жылап жібереді. Бетін оның бетіне тигізіп, көзіне қарап, аяғын құша жығылады. Олардың қатты жылағандары соншалықты отырған жерлері су болып кетеді. Жәбірейіл келіп, Рахимаға да бір жеміс береді. Алайда, Айюб Рахимаға жүз дүре соғамын деген антын есіне алып, көңілі түсіп кетеді. Сонда Алла Тағала:  "Жүз тары сабағын байлап, сонымен ұр!" деп бұйырады. 

Айюб солай жасап, өз антын іске асырады. Осыдан кейін Алла оған барлық балалары мен жақсылықтарын қайтарып береді.

Мәртебелі Айюб пайғамбардың жер бетінде 290 жыл өмір сүргені айтылады. Ал кейбіреулер болса ол 93 жас жасаған деген.  

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру