Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

АРАФАНЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ

Батыржан МАНСҰРОВ, ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы 21.08.2017 5931 0 пікір

 

Картинки по запросу арафа

Мұсылман халқының әуелден қадір тұтып, ұлықтайтын қос мерекесі бар. Соның бірі ораза айт болса, екіншісі – Құрбан айт мерекесі. Иә, құрбан айт құлды жақсы амалымен Аллаға жақындатса, адамзат баласын бір-біріне мейірімділік пен бауыр екендігін көрсетеді. Құрбан айттан алдыңғы күнді «арафа» деп атайды. Сондай-ақ, тағы бір хадисінде сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.c.): «Арафа күнін құрметтеңдер. Өйткені, арафа – Алла қадірлі еткен күн», - деген.

Хазіреті Омардың (р.а.) бір яһудидің «арафа» күні жайында сөйлескендігі бар.  Әлгі яһуди оған: «Иә, Омар! Сендер бір аят оқисыңдар. Егер сол аят бізге түскенде, біз оның түскен күнін мереке етер едік», – дейді. Ол – «Мәйда» сүресінің 3-аяты болатын: «Міне, бүгін сендердің діндеріңді кемеліне жеткіздім және өздеріңе арнаған нығметімді тұтас етіп толықтырдым. Сондай-ақ, Исламның сендерге дін болуына разы болдым». Бұл аят һижри 10-жылы ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.c.) қоштасу құтбасы кезінде, қасиетті жұма әрі осы арафа күні түсірілген болатын. Аят түсіп жатқанда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Адба» дейтін түйесінің үстінде «Арафа» тауында тұрған болатын. Алладан түскен уахидың ауырлығы сондай салмағына шыдай алмай түйе шөгіп кеткен. Осы оқиғалардың бәрін жақсы білетін Омар (р.а.): «Біз ол күнді және сол күні осы аяттың Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) түсірілген жерін де білеміз. Арафа – біздің мерекеміз» деп жауап қайырған екен.

Мұсылман күнтізбесі бойынша зүлхиджа айының сегізі күні Ибраһим (а.с.) пайғамбар түс көрген. Ол бір жәй түс те емес. Баласы Исмайылды құрбандыққа шалғанын көреді. Алғашқыда көрген түсін «жәй түс пе, әлде аян ба» деп ойлайды. Ертесіне тағы дәл сол түсті көреді. Осыдан кейін оның Алладан келген аян екенін анық біледі. Осы себепті бұл күнді «арафа» «анықталған, «ақиқат» деп атап кеткен.

Сонан бері күллі мұсылман Құрбан айтқа деген дайындығын дәл осы арафа күнінен бастайды. Сауап істердің бастауы да осы арафа күні. Бұл күні дұға жасау қандай тамаша?! Алла Елшісі (с.ғ.с.) былай дейді:

«Дұғаның абзалы – Арафат күнінің дұғасы және мен әрі менен бұрын болған пайғамбарлардың айтқан дұғаның абзалы – Алла Тағаладан өзге тәңір жоқ. Ол – жалғыз. Оның серігі жоқ. Иелік және мақтау Алла Тағалаға тән әрі Ол барлық нәрсеге құдіретті». Сол үшін осындай қасиеті мол күнді уыстан бос жібермей, дұғамен күнімізді берекелі еткен жөн болады. Дұғамыз арқылы еліміз бен жеріміздің, жанұямыз бен ағайынның амандығын тілеу де қажет.

Арафа күні – күндердің ең қадірлісі. Арафа күні жасалатын ең ізгі істердің дарасы да – ораза ұстау. Ораза нәпсі тәрбиелеумен қатар, сауапқа себепші болатын амал. Сондықтан арафа күнін оразамен өткізген оң іс болмақ. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.c.) былай деген: «Арафа күні ораза тұтушыға Адам пайғамбардан қиямет сырнайы үрленгенге дейін өмір сүрген бүкіл адамдар санының екі есесіндей сауап жазылады». Қараңыз, сауап іздеген жанға арафа оразасының өзі-ақ жетіп жатыр. Күнәміздің кешіріліп, сауаптарымыздың еселеніп жазылуын қаласақ, Алла сый етіп берген осындай қасиетті күндер мен мүмкіншілігін жақсылыққа пайдалана білуіміз қажет.

Шүкір Аллаға халықтың сауап іске деген ынта-ықыласы бөлек. Қажылыққа бару мүмкіндігі барлар бұл күні Арафат тауында болып, сонда дұға жасайды. Ал бара алмағандар не істеу керек?! Қажылық жасай алмай, Алланың үйіне жете алмай қалған ағайын осы «арафа» күнді молынан пайдаланулары керек. Аллаға шын ниетімен жақындап, ораза ұстау секілді игі амалдар жасаса нұр үстіне нұр. Соның үшін арафа күнінде ораза ұстау мұстахап, сауап амал болып табылады. Ардақты Пайғамбардан (с.ғ.с.) арафа күнгі оразаның қадірі жайында сұралғанда, былай деп айтқан: «Сол күні ораза ұстаған адамның өткен жылғы және келер жылғы күнәлары кешіріледі». Алланың мейірімі шексіз. Бір күн оразамызбен өткен-келер жылғы күнәлардан тазартуы – біз үшін берілген үлкен сый.

Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде: «Дұғалардың ең қайырлысы – арап күні жасалған дұға...», – деген. Ағайын, арафа уақытында бос жүрмей, оразамызбен есте қалдырып, жоғында дұға-тілек жасауды естен шығармайық. Алла ізгі ниеттерімізді қабыл етсін!

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру