Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Алла әділетсіз бе..? немесе математикадағы минустың аксиомасы 

 

Картинки по запросу небо

Мектепте математика пәнінен сабақ берген Ғалияш есімді ұстазымның тақырыпты түсіндіруде ұтымды бір әдісі болатын. Бала санамыз тез қабылдауы үшін ол жаңа тақырыпты тағаммен, күнделікті көз үйреткен мысалдармен байланыстыру  не салыстыру арқылы түсіндіретін. Бөлшек санды алма не қауынның бөліндісімен көрсетіп, кей мысалдарымен бізді қыран-топан күлкіге қалдыратын.

Әлгі ұстазымның  ерекше есімде қалған бір мысалы теріс таңбаға байланысты. Минус пен плюс таңбасы қатар келгенде таңба теріске айналатындығын ол адамның жақсы және жаман амалдарымен сәйкестендіріп түсіндірген болатын. Мәселен, сіз адамға қанша жақсылық жасасаңыз да, сіздің бір ғана жағымсыз әрекетіңізге бола ол бұл жақсылықтың барлығын лезде ұмытып, есерлігіңізді есіне алып қалады. Математика заңдылығында да тура солай. Мейлі сан алдында миллиондаған плюс таңбасы бола берсін, бір ғана минус оның бәрінің мысын басып кетеді де, ол теріс таңбаға өзгереді.

Ұстаз үйреткен бұл ілімді оқушы кезімізде еш қарсылықсыз қабылдаған болатынбыз, талай есептерді жүйрікке жеткізбестен жылдам шығарып, осы ережеге бағындық емес пе?!  Бірақ өмірде мүлдем басқаша, математикадағыдай емес, мойынсұну қиын екен. 

Расымен де, кейде адамдардың бір ретке қана бетін қайтарып, көмек беруден бас тартқаның үшін соны қатты көңілге алып қалып, томсырайып қалатындарын көріп, таңырқайтынмын. Мұндаймен мүлдем келіспейтінмін. «Адамдар неге сонша ынсапсыз осы?» «Мына жалғанда жан баласына жағу мүмкін емес қой» деп ренжитінмін, адамдарды әділетсіз деп айыптайтынмын.

Бірде хадистердің бірінен ойнастық қылып, жеңіл жүріске салынған әйелдің таңдайы кепкен қаңғыбас итке аяқ киіміне толтыра су беріп, шөлін қандырғаны үшін жәннаттық болғандығын оқығаным бар. Одан бөлек қияметте Алла Тағаланың дүниеде дәулет беріп, сынаған құлын елдің мақтауына ие болуды қалаған жалған ниеті үшін жәһаннамға тастайтындығы туралы хабарлар да хақ. Сонда мұның қайсысы әділдік..?

 Шексіз ойға шомып отырып, Алла Елшісінің (с.ғ.с.) мына бір сөзі есіме келді: «Алла Тағаланың рахымынсыз ешкім жәннатқа кірмейді». Яғни, бір де бір адам өз амалына сүйеніп, жәннатқа кіремін дей алмайды деген сөз. Осыған дейін адамдарды әділетсіздікте айыптаған мен Алланың хикметін ұғынғандай болып, өз ойыма іркіліп, үнсіз қалдым. 

Пендесінің ықыластағы тазалығын, ниетінің шынайылығын сынайтын Алла құлым амалының көптігіне қарап, сауабына сеніп кетпесін дейді екен ғой. Демек, сөз басында айтқан «әділетсіз» айып тағушы адамдарға ренжимін деп, жақсылықтан қол үзу дұрыс емес. Мейлі оны  бөгде біреу бағаламай-ақ қойсын, бірақ Алла көріп тұрғаны хақ. Себебі, Алла: «...кім тозаңның түйірінің салмағындай жақсылық істеген болса, ол оны көреді. Ал және кім тозаңның түйірінің салмағындай жамандық істесе, оны көреді» демей ме?!

Алла баршамызды амалдарымызда ықыласты еткей.

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру