Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Құран тілі

Әділбеков Хамзат, «Қызылжар» орталық мешітінің ұстазы 10.08.2017 11325 0 пікір
Құран тілі

Әлем тілдерінің ішінде шоқтығы биік тіл араб тілі екенінің бірден-бір көрінісі - адамзатқа тура жол көрсетуші, қияметке дейінгі өмір сүру жүйесі Құран кәрімнің араб тілінде түсуі. Алла тағаланың соңғы заңы әрі кәләмі араб тілінде болуы бұл тілге берілген ерекше мол шарапат және ерекше құрмет.

Араб тілі жайында Құран кәрімде оннан астам жерде зікір етіледі. Алла тағала Құран кәрімде:

      ( وَلَقَدْ ضَرَبْنَا لِلنَّاسِ فِي هَذَا الْقُرْآنِ مِنْ كُلِّ مَثَلٍ لَعَلَّهُمْ يَتَذَكَّرُونَ . قُرْآنًا عَرَبِيًّا غَيْرَ ذِي عِوَجٍ لَعَلَّهُمْ يَتَّقُونَ )

         Расында Біз бұл Құранды адам баласына әр түрлі мысалды, олар үгіт алу үшін келтірдік. Бұл мүлтіксіз бір арапша Құран. Әрине олар сақсынар.[1]

         Басқа бір аятта:

﴿ بِلِسَانٍ عَرَبِيٍّ مُبِينٍ 

         Ап-ашық бір арап тілінде.[2]

            Бұл аят араб тілінің басқа тілдермен салыстырғанда көш ілгері екенінің дәлелі, өйткені Алла тағала араб тілін сипаттағанда «баян» сөзін қолданған. Баян сөзі ашық, анық, айқын, қасиетті деген мағыналарды білдіреді.

Алла тағала осы тілді асқақтатып, Құран тілі етіп таңдаған болса, бұл тілді үйреніп басқаға үйреткеннің сауабын елестету қиын емес шығар. Өйткені бұл тілді үйрену арқылы Алланың сөзі Құранды түсінеді және басқаның да осы білім бұлағынан сусындауына себеп болады. Құранмен амал жасалынып, адамдар арасында әділдіктің орнауына өз үлесін қосады.

       Бұл тілді үйрену арқылы адам баласы пайғамбарымыз (с.а.у) оның сахабалары сөйлеген тілмен сөйлейді, оның сүннетіне амал жасап, ғибратты өсиеттерінен сусындайды. Жәннат тұрғындарының да сөйлейтін тілі араб тілі.

            Араб тілін үйрену оны меңгеру шариғат ілімдерін түсінудегі негізгі құрал. Өйткені шариғат ілімдерін түсіну ол араб тіліне тікелей байланысты. Екінші бір адамға араб тілін үйрету ол дін ілімдерін, исламды үйретумен пара-пар.  Пайғамбарымыз хадис шәрифінде:

( مَنْ دَلَّ عَلَى خَيْرٍ فَلَهُ مِثْلُ أَجْرِ فَاعِلِهِ ))

«Кімде-кім қайырлы нәрсеге нұсқаса соны жасағандай сауап алады»[3] деген. Егер кімде-кім араб тілін біле тұра ешбір себепсіз басқаларға жаюға асықпаса Алланың шексіз сауабынан мақұрым қалады, себебі ол Алла жолына шақыруға тосқауыл болғандай болады.
   Исламдағы барлық құлшылық араб тілімен байланысты тіпті кейбір құлшылық араб тілінде орындалмайынша қабыл болмайды. Әрбір мұсылманның көзінің қарашығы болған намаздағы сүрелер, дұғалар тек араб тілінде оқылады.

Араб тілі сонымен қатар өркениет, мәдениет, ғылым тілі. Исламның алтын ғасыры деп аталған ғасырларда араб емес қауымдар үшін араб тілін үйрену сол тілде сөйлеу үлкен мәртебе, абырой болып саналатын. Сол кездегі аса құнды әдебиеттер, ғылыми еңбектер мен жетістіктер тек араб тілінде жарық көретін. Қазіргі замандағы сан алуан саладағы ғылыми жаңалықтардың бастауы, оның алғашқы дәнешігі араб тілінде пайда болған және жазып қалдырылған.

Құран кәрім мен сүннет өз кезегінде араб тілінің 15 ғасыр бойы еш өзгеріссіз сақталуының бірден-бір кепілі. Сол себепті ілгерідегі сәләфтар араб тіліне ерекше мән берген бірегей жүйе қалыптастырған. Араб тілі жайында Омар ибн әл-Хаттаб (Алла одан разы болсын) «Араб тілін үйреніңдер өйткені ол діннен және мирас ілімін үйреніңдер өйткені ол діннен»[4] деген.

Имам Шағби араб тілі жайында: «Наху[5]  ол тамаққа қосылған тұз секілді онсыз ештеңе жүзеге аспайды» деген.

Имам Шафиғи: Араб тілі қағидалары бойынша жауап бермейінше фиқһ мәселелерін сұрамаймын» деген.[6]

          Имам әл-Кәсәи: «Кімде-кім наху ілімін терең меңгерсе, барлық ілімдерге жол ашылады» деген.

            Араб тілінің ерекшелігі сол сөйлемде тіпті бір әріп түгілі бір харекеті өзгерсе, түгел сөйлемнің мағынасы өгеріп шыға келеді. Мысалы:

ما أَجْمَلُ السَّماءِ   мен ما أَجْمَلَ السَّماءُ сөйлемдерінің айырмашылығы тек бір харекетте дегенмен бірінші сөйлемнің мағынасы: Аспан несімен әдемі? сұрақ болса, оған жауап: бұлттарымен, жұлдызымен. Екінші сөйлемнің мағынасы: Аспан қандай әдемі таңырқауды білдіреді. Бір арыстан деген сөздік араб тілінде мыңға жуық мағынасы бар. Құран аяттары мен хадистергі бір әріптің мағынасы дін ғалымдарында әртүрлі қолданыстарда пайдаланылуы мүмкін. Осындай себептерден ислам заңдарында бір мәселенің бірнеше түсіндірмесі пайда болады.

            Діни дәлелдер тек араб тілінде келтіру арқылы толық жүзеге асқан болып саналады және сенімдірек әрі ақиқатқа жақынырақ болады. Алла тағала Құран кәрімде:

﴿ يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا كُونُوا قَوَّامِينَ بِالْقِسْطِ شُهَدَاءَ لِلَّهِ 

         Әй мүміндер! Әділдікді мықсы ұстаныңдар[7]

Адам дәлелмен куәлік берген кезде, куәлік берген нәрсесін түсінуі шарт, түсінбеген нәрсесіне куәлік берілмейді. Алла тағала Құран кәрімде:

 ﴿ وَمَا شَهِدْنَا إِلَّا بِمَا عَلِمْنَا وَمَا كُنَّا لِلْغَيْبِ حَافِظِينَ 

Біз білгенімізге ғана айғақпыз. Сондай-ақ біз көместі білмейміз деңдер.[8]

Сол себепті дін атынан сөйлеп, үкім беретін адам араб тілін білуі ләзім.

         Араб тілін  Алла разылығы үшін үйрену, сөйлеу адамның ақылына, мінезіне, дініне әсерін тигізеді. Құран аяттарының бір сөзін түсініп  оқыған адамның сауабы түсінбей оқыған адамның сауабынан әлдеқайда көп. Пайғамбарымыздың хадистерін, өмірбаянын, сахабалардың өмір жолдарын араб тілінде оқу арқылы адамның ойлау жүйесі, мінез құлқы өзгереді. Имам Шафиғи: «Кім нахуды оқыса, мінезі жұмсарады»[9] деген.

            Араб тілі қасиетті тіл болуымен қатар ең бай тілдердің бірі. Адамға қатысты сипаттар оның көңіл күйін қазақ тілінде бір сөзбен сипаттап шектелсе, араб тілінде оннан астам синонимі болу мүмкін және әрбіреуінің өзіндік қолдану жолы, мақсаттары бар.

            Араб тілінің ерекшеліктерінің бірі – бір сөзден жүзге тарта сөз туындауы мүмкін. Мысалы: كَتَبَ  - жазды, يَكْتُبُ  - жазады, مَكْتُوبٌ  - жазылған, كاتِبٌ  - жазушы, كتابَةٌ – жазу, т.б. Көріп отырғанымыздай барлығы бір түбірден туындайды бірақ беретін мағыналары әртүрлі.

Араб тілі әлемнің барлық тілдеріне өзінің әсерін тигізген. Сол әлем тілдерінің ішінде қазақ тілінің де сөздік қорында алар орны ауқымды. Сан ғасырлар бойғы қолданыстың әсерінен түбірі өзгеріске ұшырап, қазақ сөздерінің құрамына сіңісіп кеткен. Мысалы: сабын, тағлым, ғалым, дәлел, шүбә, тәуекел, қасапшы, балта, мәжбүр, мысал, нұқсан, мешіт, кәміл, сабыр, халық, ақпарат, бұлбұл, адам, әулет, шежіре, әлбетте, ажал, мал, мүлік, әсер т.б сөздер араб тілінен туындайды.

Араб тілін үйрену әрбір мұсылман үшін мұстахаб абзал болған амалдардан. Ал дін саласында жүрген имамдарға, ұстаздарға араб тілін үйрену ол заман талабы. Оның дін насихатындағы негізгі құралы әрі дәлелі. Уағыз-насихат барысында діни дәлелдерді араб тілінде келтіру арқылы ғана тыңдаушылардың жадында сенімділік, тыныштық орнайды. Алла дінімізді үстем қылсын!

 

[1] Зумар сүресі, 27-28 аяттар.

[2] Шуғара сүресі, 195-аят.

[3] Муслим хадистер жинағы.

[4] Әбу Бәкір Мухаммад ибн әл-Қасым ибн Башар әл-Әнбаридің «Идах уақф уәл Ибтида» кітабы

[5] Араб тілінің грамматикасы

[6] Имам Зәһәбидің «Сиар ағлам нубала» кітабында

[7] Ниса сүресі, 135-аят.

[8] Жүсіп сүресі, 81-аят.

[9] Ибн Абдул Бирдің «Жамиғ баян әл-Илм уа фадлиһи» кітабында.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру