Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Жазғы демалыс

Мұса ЕРБАТЫР 09.08.2017 7259 0 пікір

Картинки по запросу лето

Жазғы демалыс. Осы сөзді естігенде өзенге шомылу, ауылда тандырдың нанын жеп, күбідегі айранды ішу сияқты дүниелер ойыма оралады. Десе де, қайда барып демалу керектігі жайлы кеңес бере алмаймын. Бурабай ма, Біркөлік не Зерендіге ме, Қатон Қарағай әлде шетелге ме? Алайда, қалай демалу керектігі жөнінде бірнеше пайдалы кеңес оқыдым. Оқығанымды сіздермен бөліссем деймін. Жалпы демалыс кезінде төрт жайтты ойын-сауық, тәжірибе және машық, білім және имандылықты ескеру керек деп жазылыпты. Жазғы демалыс ойдағыдай және көңілді өту үшін қажетті қағидалар осы екен.

Бірінші қағида. Ойын-сауық мақсатында өзен және көл жағасы, тау мен орманға бару немесе басқа да тәнді тынықтырып, жанға танымдық нәр беретін орындарға барудың жоспарын жасап алу қажет. Ал кешке немесе ауа райы жайсыз бола қалған жағдайда үй ішінде түрлі ойындар ұйымдастыруға болады. Қазіргі таңда интернет арқылы баратын демалыс аймағы жайлы түрлі пайдалы ақпарат алуға болатынын да ескерген жөн.

Екінші қағида. Ауылды немесе таулы аймақта демалу кезінде адам табиғатпен ете танысу мүмкіндігіне ие. Бұл балалардың дүниетанымына ерекше пайдалы. Сонымен бірге, бала үшін өмірлік тәжірибе. Қарапайым ауыз су мен нанның дәмін сезінеді. Әрі шынығып, шымырлана түседі. Қалалық жерде демалудың өзі де баланы көп нәрсеге машық етеді. Түрлі адамдармен қарым-қатынас жасаудың жөн-жосығын үйрене бастайды. Интернет немесе кітап арқылы тану мен көзбен көріп танудың айырмашылығы жер мен көктей екені мәлім.

Үшінші қағида. Жазғы демалыс – біршама пайдалы дүниелерді үйренуге және меңгеруге таптырмайтын кез. Сондықтан балаңызға суда малту, атқа міну сияқты өнерлерді үйретсеңіз құба-құп. Сонымен бірге, түрлі қызықты дүниелерді өзіңіз де меңгеріп алуыңызға болады. Бұл – төрт ереженің бірі, білімге қатысты кеңес.

Төртінші қағида. Демалыста имандылықты және рухани дәрісті де ұмытпағайсыз. Себебі, жаз маусымынан басқа уақытта жұмыс, баланың оқуы және т.б. жайттарды сылтау етіп баламызға Құраннан бірер сүре жаттату, күнделікті қажетті екі ауыз сөзден тұратын «лә иләһа илла Алла», «бисмилла», «әлхамду лиллаһ» сияқты дұғаларды үйретуге қолымыз тимейді. Демалыста жаздың ұзақ түнінің кешкі асынан кейін, бір сағат демей-ақ қояйын, он бес минут балаңызға рухани тәлім беріңіз. Тыныш түнде, шегірткенің шырылдауына құлақ түре отырып, жұлдызды аспанға қарап отырып, күндіз көрген таудағы немесе өзен бойындағы түрлі табиғаттың ғажайыптарын айта отырып, Жаратушы жайлы жеңіл, баланың тілімен жеткізіңіз.

Сонымен бірге, балаңызды сырттай бақылап оның өмірге өз бетінше бейімделе түсуіне мүмкіндік беріңіз. Қаладағыдай «анаған тиіспе, бұған жолама» деп мазасын алмаңыз. Жазғы демалысыңыз жайлы өтсін.

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру