Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Мұсылман әлемі ғылымда неге артта қалды?!

Абдусамад ОҚАН, исламтанушы kazislam.kz 17.07.2017 5547 0 пікір

Ислам – адамзат өмірінің материалдық және рухани жағын толыққанды қамтитын, қоғамдық өмірдің барлық саласына бағытталған дін. Ислам діні адамзатқа әуелі Алланың «Оқы...» бұйрығын жеткізді. Әмір пәрменінде келген аяттың «үйрен, ізден, ақиқатты тап, жаратылыс сырын ұқ» деген сынды үкімдік мағыналары мұсылмандық міндет болып табылды.

Иләһи үкімнің мәніне терең үңілген мұсылман ғалымдары тарихта өшпес із қалдырды. Орта ғасыр кезеңі философия, медицина, астрономия, архитектура, география, алгебра және физика сынды ғылымдардың адамзат игілігіне ұсынылған дәуірі болды. Мұсылман әлемі үшін қарыздар екендерін бүгінде Батыс ғалымдары да айтып жүр. Сондай-ақ, мұсылман ғалымдарының ашқан ғылымдағы жаңалықтарын Батыс әлемі тереңінен зерттеп, XX-XXI ғғ ғылым-технологияның батыстық үлгіде шарықтап дамуына себепкер болды. Осы тұрғыдан Батыс әлемінің ғылым-технологияға сіңірген еңбегі ерекше екеніне куә болудамыз. Күн санап қарыштап дамыған ғылым-технологияны меңгеру салихалы өмір сүрудің шартына айналып та үлгерді. Ғылымның көзін мұсылмандар ашса, оны тәжірибелік қолданысқа мұсылманнан өзге адамдар кіргізді десек болады.

Осы ретте мынандай сұрақ туады. Ғылымды игерген мұсылмандар өздерінің қол жеткізген жетістігін ары дамытуға, адамзаттың игілігіне ұсынуға неге дәрменсіздік танытты?! Әрине, мұның өзіндік себептері бар. Соның бір қырына қысқаша тоқталып көрелік.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Даналық – мүмінніңжоғалтқан қазынасы, қай жерден тапса оны алсын» дейді. Яғни, мұсылман бірлігін ыдыратуды көздеген Батыс әлемі, әуелі «Мұсылмандардың қолынан Құранды алу керек» деген саяси идеологияны ортаға салды. Шығыс әлемін, мұсылман қоғамын зерттеу мақсатында «Шығыстану» мамандығын Шығыстың әрбір елдерінен ашты. Сөйтіп, Шығыстың құндылықтарына қол жеткізіп, өздеріне тең қарсылық күшті жоюды мұсылмандарды сауатсыздандыру деп түйіндеді. Әрі атаққұмар, дүниеқоңыз мұсылман шейхсымақтардың (ғалымсымақтар) тілімен, «Біз балаларымызға ақырет білімін (Құран, хадисті) ғана оқытамыз, дүниелік білімді (қазіргі жаратылыс ғылымдарын) оқытудың қажеті жоқ» деген сыңаржақтылы пәтуасын енгізді. Мұсылман халықтары «Батыстану» ғылыми-зерттеу орталығын ашып, ғылым мен технологияны тең игеруге ұмтылу былай тұрсын, балаларына пән ілімдерін оқытудан ат тонын ала қашты. Аталмыш шейхсымақтардың пәтуасына құлай сенді. Сонымен мұсылман елдерінде, ғылым ошағы саналатын Орта Азияда да «Хұжыралар» (тек діни білім ғана берілетін медреселер) кеңінен тарай бастады. Ғылым мен технологияны игеруден бас тартқан мұсылман әлемі адамзат игілігі үшін жаратылған жаратылыс әлемін өз қажетіне жаратуға дәрменсіздік танытты, сауатсыздық кең етек алып, кедейліктің кебін киген төменгі тап халыққа айналды. Бұл жіберген қателіктердің салдары кейін келе анық болды.

Соңғы ғылыми зерттеулердің қорытынды нәтижесі мынандай:

Ғылыми мақалалар: 2005 жылы Ислам Конференциясы ұйымына мүше 57 елде (1,5 миллиард адам!) барлығы 45,425 ғылыми мақала жарияланса, АҚШ-тың бір Нью-Йорк штатының (19 миллион адам!) өзінде 52,560 мақала жарияланған екен. Бір ғана Гарвард университетінде (6,650 студенті бар) 2005 жылы 15,455 ғылыми мақала жарияланғаны көп нәрсені байқатады. Осы уақытта Қытайда - 80,282, Ресейде - 28,073, Үндістанда - 29,047 мақала жарияланған.

Зерттеу және дамыту (R&D): 1996-2003 жылғы деректер бойынша мұсылман елдері жалпы ішкі өнімдерінің (ЖІӨ) тек 0,38 пайызын зерттеу және дамытуға жұмсаса, АҚШ 2,67%, Қытай 1,31%, Оңтүстік Корея 2,64% және Израиль 4,72 пайызын зерттеу және дамыту саласына жұмсайды (World Bank, World Development Indicators).

Жоғары технология (Hi-Tech): 2004 жылы барлық мұсылман елдерінің әлемдегі жоғары технологиялық өнімдер (ЖТӨ) экспортындағы үлесі небары 4,1% болған. Осы көрсеткіштің, яғни 4,1 пайыздың 97 пайызын мына үш мұсылман елі құрайды: Малайзия, Индонезия және Түркия. Қалған 54 мемлекет 3-ақ пайызға ие. Осы санаттан әлемдегі ЖТӨ экспортының АҚШ 15% және Қытай 11% өндіріп отыр»[1].

Қасиетті Құранда: «Бір қауым өз жағдайын өзі өзгертпейінше, олардың жағдайын Алла өзгертпейді» («Рағд» сүресі, 11-аят) делінсе, дана Абай «Күллі мақұлық өзгерер, Алла өзгермес» дейді. Ендеше, Шығыс халқының рухани мұрасын бойына сіңіріп, Батыс әлемінің ғылым-технологиясын меңгерген еңселі елге айналуға неге болмасқа?! Жазушы М.Әуезовтың: «Егер Шаһабуддин Маржанидің жәдидтік бағдарламасы мен есепті ақылға құрылған пікірін ұстанбаса, Абай Еуропалық ғылым мұхитының жағасына жете алмас еді» деген ой-тұжырымы рухани білімнің жәдидтік үлгіде берілу керектігін білдіреді. Сонда еңсесі биік, алынбас қамалды бағындырған елге айналмақпыз!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру