Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Харам астың азабы

muftyat.kz 13.07.2017 4322 0 пікір
Әбу Бәкір Сыддықтың (р.а.) бір қызметшісі бар болатын. Кешкі асты ылғи да сол даярлап әкелуші еді. Алайда Әбу Бәкір алдына әкелген астың қайдан, қалай  келгендігін бәрін тәптіштеп сұрап білмейінше асқа қол созбайтын.

Әлгі қызметшісі бір күні кешке әдеттегідей тамақ әкелді. Әбу Бәкір Сыддық бұл жолы тамақтың кімнен сатып алынғандығы, дастарханға қойылғанға дейін қалай келгендігі туралы ешқандай сұрақ сұрамастан бірден бір қасық алып аузына салды. Оның бұл тосын әдетіне таңырқаған құлы:

– Қожайын-ау, сіз күнде тамақтың жай-жапсарын сұраушы едіңіз, бүгін қалайша сұрап жатпастан ауыз салдыңыз? – деп сұрайды. Бұны естігенде Әбу Бәкірдің (р.а.) көзі жасқа шылана:

– Е, қайтейін-ай, қу аштық соған қаратты ма?! Енді кеш те болса маған тамақтың қайдан қалай келгенін айт, – деді мұңая. Қызметші:

– Исламға дейінгі уақытта мен халыққа өнер көрсетуші едім. Бір күні кездесе кеткен бір топ кісінің қолқалауымен оларға өнер көрсеткенім бар еді. Сол мезет олардың маған ақы ретінде ұстатар ештеңелері болмай, ақысын кейінірек бермек болып уәде берген еді. Бүгін соларды көріп, берген уәделерін естеріне салдым. Олар өздері жемек болып отырған тамақтарынан маған берген болатын, – деді. Бұл жайсыз жауапты естігенде Әбу Бәкір (р.а.) іштей қатты реніш білдіріп, абайсызда болған қателігіне қатты өкінді.

Тіпті бет-жүзін тарам-тарам жас жуып кетті. Алдында тұрған тамақты лақтырып жіберді. Сұқ саусағын аузына тығып жіберіп қақала- шашала құса бастады. Бір көгеріп, бір қызарып өзін қатты қинады. Жылымшы ғана су ішіп тағы да құсты. Бір орында байыз таппай мазасы кетті. Асқазанында ештеңенің қалмағандығына әбден көзі жеткенде ғана барып тоқтатты. Қасындағылар таңдана:

– Түкке тұрғысыз бір татым тамаққа бола осынша- ма қиналғаныңыз қалай? – деп сұрағанда, ол:

– Иә, – деді, – өйткені бірде Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Ішкен-жегені харам болған кісілерге Алла тағала Жұмақты нәсіп етпейді» дегенін естіген едім. Сөйтті де басын жоғары көтеріп:

– Уа, барша әлемнің Иесі! Байқамастан жеп қойған бір шайнам ас үшін қолымнан келгенін істеп, бәрін де құса алғанымша құстым. Егер әлгі тағамнан бойымда қалып, тамырыма еніп кеткен нәрсе болса, Өзің кешіре гөр! Тозақ отыңа шыдай алмайтын қауқары жоқ, әлжуаз құлмын ғой, – деп дұға оқып егіле тілек тіледі...

Иә, берік тақуалығына сүйсінген бұл досы жайлы Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Әбу Бәкір тура менің көзім, құлағым секілді» деген еді.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру