Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

РАМАЗАНДАҒЫ ФУТБОЛ

Мұса Ербатыр www.nurgasyr.kz 06.06.2017 3713 0 пікір

Биылғы рамазанға футболдан чемпиондар лигасы тұспа-тұс келіп отыр.

Ауызашар және тарауихпен жағаласып теледидардан футбол болып жатады. Доп тебуді және оны тамашалауды сүймейтін адам аз шығар. Ол жайлы әлеуметтік желіде пост жазғандар да баршылық. Тіпті, айдаладағы екі футбол клубы үшін екі қара домалақ біраз сөзге де келіп қалғаны бар. «Кәрі синьером» жеңеді, «корольдік клубым» алады деп атағандарын айтып та жатыр. Иә, футбол – ғажайып спорт. Миллиондаған жанкүйер 90 минут бойы күйіп-жанып «жынды болады». Бірақ, жарты сағаттан соң барлығы бітеді. Ары кетсе, бірер күн талқыланады. Айтпағым, футбол емес. Футболға қарсылығым да жоқ. Ұнатамын, ойнап тұрамын. Мақсатым, рамазан оразасын алғаш ұстап жатқан бауырлармен ой бөлісу.

Рамазан да – футбол сияқты күш сынасу. Жеңіске ұмтылу. Бірақ, оразадағы қарсыласыңыз – өзіңіз. Дәлірек айтқанда, сіздің бойыңыздағы ашық немесе жасырын жатқан жағымсыз мінез бен қылықтарыңыз. Қарсыласыңызды ойсырата жеңемін десеңіз Құран оқу және тарауих намазына қатысу арқылы шабуылдаңыз. Пітір садақаңызды беріп, әрбір жақсылықты шынайы ықыласпен орындаңыз. Өйткені, рамазан төрешісі симуляцияны кешірмейді. Сонымен бірге, қорғанысты да ұмытпаңыз. Қақпаңыздан доп жіберіп алмас үшін ас-судан тыйылғаныңыз сияқты көз, құлақ және ауызды тас қамал етіп ұстап, жаман әдеттерге бармаңыз. Аяқ-қолыңызға сақ болыңыз. Қарсыласыңыз асқазанға тікелей шабуылдай алмаса да, доп соғу үшін құлақ және көз жақтан саңылау іздейді. Тіліңіздің осал тұсын тауып, өсек айтып, ғайбат сөйлеуге еліктіру арқылы қорғанысты бұзуға әрекет етеді. Осыны берік есте ұстаңыз.

Рамазан чемпиондар лигасының жеңімпазы боламын десеңіз, ойын басталды. Сіз – ойындасыз. Сондықтан, шебер қорғанып, қарымта шабуыл ұйымдастырып, керек жерде әдіс қолданып жеңіске жақындай түсіңіз. Сіз РАМАЗАН ЧЕМПИОНЫ бола аласыз. Бастысы, осы амалдардың барлығын ықыласпен атқарыңыз. Хала, Рамазан! Футбол жанкүйерлері түсінеді.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру