(Еске алу)
Латыпша Атамұлы жасы сексен үшке келгенде бұл жалған пәниден мәңгілік мекенге өтті. Соңғы күніне дейін имамдық қызметін мінсіз атқарды. Жасы егде тартқанына қарамастан мешіттің күнделікті қызметінің басы-қасында жүрді. Жамағаты ерекше құрметтейтін. Жергілікті ағайындардың атсалысуымен бұл мешіт 1999 жылы жекеменшік үйден құлшылық орнына айналған еді де оған жастайынан намазын үзбеген әрі 1995 жылы Түркиядан келген ұстаздан дәріс алып діни сауатын ашқан Латыпша ақсақал имамдыққа ұсынылды. Содан бері осы мешіттің жылуын, электр қуатын, басқа да шығындарына қаражаттың көзін өзі тауып тұрақты еңбекақысыз Алла разылығы үшін қызмет етті. Мешіт үшін тұрғын жайды да, оған қажетті қаражатты да жергілікті жомарт Зияддин Хасанов Алла разылығы үшін тауып, тұрақты қамқорлығына алды. Латыпша ақсақалдың жергілікті түрік ағайындары диаспорасының арасында беделі жоғары болатын.
Сонау Грузияның Нанакет елдімекенінде 1934 жылы дүниеге келген Латыпша Атамұлы бүкіл ғұмырының денін осы Алматыда өткізді. Өсіп өнген үлкен әулеттің ақсақалы. Көпшіл еді. Мінезі де кішіпейіл, жаны жайсаң болатын. Мешіттің газет-журналын алуға редакцияға жиі соғатын. Кеңірек әңгімелесетінбіз. Өзінің жасы ұлғайғанын білдіріп, бірде:
– Енді зейнеткерлер секілді демалғым-ақ келеді. Имамдықты тапсырайын десем, Зияддин бауырым: «Ақсақал, жүре беріңізші», - деп жібергісі келмейді. Жамағатқа да сездіргем. Олардың да менен айырылғысы келмейді, - деп күлгені әлі көз алдымызда.
Жиырма жылдан астам мешітте имамдық еткен ақсақалға:
– Е, ақсақал, денсаулығыңыз көтеріп жатса, Алла разылығы үшін қызметіңізді жалғастырғаныңыз абзал. Сауабыңыз көбейе түседі. Ертеңгі күні бәрі де алдыңыздан шығады, - деп көңілін демеген едік.
Қайтыс боларынан шамалы ғана уақыт бұрын қартты ұлы жетелеп келген еді. Шаршаулы көрінді. Әдеттегідей хал-жағдай сұрасып, әңгімелестік. Бұл біздің соңғы көрісуіміз екен.
Асыл дінімізге өз әл-қадірінше қызмет еткен қадірлі ақсақалдың рухы жәннатта шалқысын деуден өзге айтарымыз жоқ!
Оңғар Өмірбек,
Қазақстанның құрметті журналисі.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
14.04.2017
4468
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру