
Әлемдерді көркем әрі кәміл етіп Жаратқан Алла Тағалаға барлық мақтаулар болсын. Алла Тағаланың адам баласына деген үлкен жанашырлығымен ең ұлы сыйы Мұхаммед пайғамбарымызға (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) салауаттармен сәлемдер болсын.
Жаратушы иеміз адамды әуелгі жаратылысындағыдай тазалығымен қасиетін сақтап қалу үшін толық қанды тәрбиесін жолдағаны белгілі. Алланың әрбір орнатқан тәртібінде ізгілікпен кемелділік көрініс табады. Оларды орындаған сайын жан рахатқа бөленеді.
Аллаға иман келтіргеннен кейінгі амалдардың ең ұлысы мұсылмандар бір-бірін Алла Тағала үшін жақсы көру болып табылады. Ал, бұл дегеніңіз Жаратушының талабы. Себебі бұл бұйрықты орындаған пенде өзінің іс-әрекетін, сөйлеген сөзін тіпті барлық сезімдерінде иманмен ақылға бағындыра біледі. Бұл мына құбылмалы өмірде пендені бір қалыпта ұстап тұратын тәрбие таразысы. Бұл деңгейге басқа тұрмақ, құлшылық қылып жүрген рухы күшті діндарлардың көпшілігінің өзі жете алмай жатады. Бұл деңгейге жету үшін пенде жан дүниесін жетілдіріп, аса сақтықпен сәт сайын өзін қадағалап және ізгілікті істермен өмірін өрнектеп көп еңбек еткенде қол жеткізетін үлкен белес. Алла үшін жақсы көру деңгейіне қол жеткізген пенде бұл дүниеде әрі ахиретте Алла Тағаланың уәде еткен барлық жақсылықтарына қол жеткізе алады. Өйткені пенденің иманы толық болғанда ғана Алла үшін жақсы көре алады. Пайғабарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын):
مَنْ أَحَبَّ للهِ وَأَبْغَضَ للهِ وَأَعْطَى للهِ وَمَنَعَ للهِ فَقَدْ اِسْتَكْمَلَ الإِيمَانَ
«Кімде-кім Алла үшін жақсы көрсе, Алла үшін жек көрсе, Алла үшін берсе, Алла үшін бермесе (тыйса) оның иманының толық болғаны»,[1]- деп ескерткен.
Бұл дүниеде жақсы өмір сүруді, мақсаттарының орындалғанын және жәннатқа баруды, ондағы нығыметтерді армандайтын мұсылман жоқ шығар. Алла Тағалада құлдарына арамандарының орындалғанын қалайды. Алла үшін жақсы көрудің бұйырылу сырыда осыған жеткізетін негізгі жолдың бірі. Ықыласпен еңбектенген пендеге қол жеткізуге болатын амал. Көпшілігіміз құлшылықты ықыласпен орындауға шамамыз келмей әрі жасаған құлшылықтарымыздан рахат сезіне алмуымыздың бір себебі де, Алла үшін жақсы көру деген түсінікті бойымызға сіңіре алмағандығымыздан болып отыр. Әйтпесе, әрбір құлшылық адамға ерекше рахат сыйлауы тиіс. Құлшылықтың ләззатын сезінген пендені дүниедегі еш нәрсе баурамасы анық. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): ):
عَنْ أَنَسِ بْنِ مَالِكٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، عَنِ النَّبِيِّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: " ثَلاَثٌ مَنْ كُنَّ فِيهِ وَجَدَ حَلاَوَةَ الإِيمَانِ: أَنْ يَكُونَ اللَّهُ وَرَسُولُهُ أَحَبَّ إِلَيْهِ مِمَّا سِوَاهُمَا، وَأَنْ يُحِبَّ المَرْءَ لاَ يُحِبُّهُ إِلَّا لِلَّهِ، وَأَنْ يَكْرَهَ أَنْ يَعُودَ فِي الكُفْرِ كَمَا يَكْرَهُ أَنْ يُقْذَفَ فِي النَّارِ
«Кімде мына үш нәрсе болатын болса, ол адам иманның дәмін татады: Алла мен оның елшісін өзгелерден ақтық жақсы көру, біреуді тек Алла үшін ғана жақсы көру, күпірлікке қайта баруды отқа түскеннен де, артық жек көру»,[2]-деген болатын.
Жаратушының заңы біріншіден Алламен пенденің арасындағы байланысты реттесе, екіншіден пенденің басқада адамдармен әрі қоршаған ортамен байланысын реттейді. Адамдармен қарым-қатынаста әділдікпен сыйластық, қайрымдылық, мейірімділікпен кешірімділіктің болуы маңызды істерден. Алайда, көбінесе жақсы қарым-қатынаста жүрген адамдар өмірдегі сәтсіздіктерге ұшыраған сәтте бірден әділетсіздіктерге жол беріп жатады. Міне, бұндай істер қоғамның қолайлы өмір сүруін қиындата түседі. Дініміздегі үлкен сауапты іс болғандықтан пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) мұсылмандарды Алла разылығы үшін жақсы көруге құлшындыратын көптеген сөздерін арнаған. Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын):
زَارَ رَجُلٌ أَخًا لَهُ فِي قَرْيَةٍ , فَأَرْصَدَ اللهُ لَهُ مَلَكًا عَلَى مُدْرَجَتِهِ , فَقَالَ : أَيْنَ تُرِيدُ ؟ قَالَ : أَخًا لِي فِي هَذَهِ القَرْيَةِ , فَقَالَ : هَلْ لَهُ عَلَيْكَ مِنْ نِعْمَةٍ تُرِبها ؟ قَالَ : لاَ إِلاَّ أَنِّي أُحِبُّهُ فِي اللهِ , قَالَ : فَإْنِّي رَسُولُ اللهِ إِلَيْكَ أَنَّ اللهَ أَحَبَّكَ كَمَا أَحْبَبْتَهُ
«Бір ауылда тұратын кісі бауырын зиярат етуге шығады. Алла Тағала оның жолына бір періштені жіберіп, ол: «қайда бара жатырсың?»,-деп сұрайды. Әлгі адам: «осы ауылда тұратын бауырыма»,-деп жауап береді. Періште: «оның қолында саған тиесілі бір нәрсе бар ма?»-деп сұрағанда, жігіт: «жоқ мен оны тек Алла разылығы үшін жақсы көремін», –деп жауап қатады. Періште: «мен саған Алланың жіберген елшісімін, расында сен оны қалай жақсы көрген болсаң, Аллада сені дәл солай жақсы көреді»,[3]- деген хадисі мұсылмандарды өзара сүйіспеншілікке жетелейді.
Шынында да Алла үшін бірін-бірі жақсы көруден үлкен сауапты амал жоқ сірә. Қиямет күні кейбір адамдар жақұтпен маржаннан жасалған міңберлерде отырады. Оларға қызыға қараған адамдар, бұлар пайғамбарларма деп қалады. Сонда оларға, бұлар бір-бірін Алла үшін жақсы көрген бауырлар екендігінен хабар беріледі.
Алла үшін жақсы көруге жеткізетін бірден-бір амал адамдармен ақ көңіл, ашық жүрекпен амандасу. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын):
" لاَ تَدْخُلُونَ الجَنَّةَ حَتَّى تُؤْمِنُوا وَ لاَ تُؤْمنُوا حَتَّى تَحَابُّوا ، أَوَلاَ أَدُلُّكُمْ عَلَى شَيْءٍ إِذَا فَعَلْتُمُوهُ تَحَابَبْتَمْ أَفْشُوا السَّلاَمَ بَيْنَكُمْ "
«Сендер иман келтірмейінше жаннатқа кіре алмайсыңдар, ал бір-бірлеріңді жақсы көрмейінше иман келтіре алмайсыңдар. Сендерге бір нәрсе үйретейін бе? Егер оны істесеңдер бір-бірлеріңді жақсы көретін боласыңдар. Араларыңда сәлемді көбейтіңдер»,[4]-деп бұйырған. Міне, өзара сәлемдесу Алла үшін жақсы көруге жеткізсе, ал Алла үшін жақсы көру иманның лаззатын сезінуге жеткізеді. Пенде үшін бұдан үлкен дәреже жоқ. Ондай болса, пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын):
مَنْ سُرَّهُ أَنْ يَجِدَ حَلاَوَةَ الإِيمَانِ فَلْيُحِبَّ المَرْءَ لاَ يُحِبُّهُ إِلاَّ للهِ
« Кімде-кімді иманның ләззатын сезіну қуантатын болса, онда адам баласын тек қана Алла үшін жақсы көрсін»,[5]- деп айтқанындай Жаратушымыз баршамызды осы дәрежеге жетуді нәсіп етсін.
Серікхан Рымханұлы,
Талдықорған өңірі бойынша өкіл имамы
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
12.04.2017
11810
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру