Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Сығаев Асқар: ЕҢБЕК ЕТУ МЕН ТАБЫС ТАБУДЫҢ ИСЛАМДАҒЫ МАҢЫЗЫ

11.04.2017 5760 0 пікір

Саналы ғұмырында адал жолмен мал табу, қоғамға, отанға қызмет ету ‒ Алла Тағаланың адам баласына жүктеген міндеттерінің бірі.

Шын мәнінде, кімде-кім бала-шағасын, отбасын адал жолмен асырау мақсатында шынайы еңбек етсе мерейі тасып, ырысы асатыны сөзсіз Құранда «Бақара» сүресінің, 168-аятында: «Ей, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің халал әрі тазасынан жеңдер!» - делінген.

Әбу Һұрайра (оған Алла разы болсын) айтады: Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Әй, адамдар! Алла кіршіксіз таза, сондықтан таза еместі қабыл алмайды. Алла Пайғамбарларға бұйырғанын мүміндерге де бұйырған».

Құранда «Мүминун» сүресінің 51-аятында: «Әй, Пайғамбарлар, таза нәрселерден жеңдер және ізгі іс істеңдер», делінсе  «Бақара» сүресінің 171-аятында: «Әй, мүміндер, сендерге ризық ретінде бергенімнің тазасынан жеңдер деп әмір еткен». Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) артынша әңгімесін жалғап: «Қасиетті сапарға шыққанымен, үсті-басы ретсіз, шашы ұйпа-тұйпа, бірақ қолын жайып: «Уа, Раббым! Уа, Раббым!» - деп дұға оқып отырған біреу туралы, «Бұл кісінің ішкені харам, жегені харам, кигені харам. Сөйте тұра тілігім қабыл болса дейді. Мұндай адамның дұғасы қайдан қабыл болсын?» - деді. (Мүслім, зекет-65). Әр мұсылман адал кәсіппен шұғылданып, адал табыспен күн көруге де жіті көңіл бөлуі тиіс.

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір жолы Сағыд ибн Муазды (оған Алла разы болсын) кезіктірді. Екеуі қол алысып амандасқанда, сахабасының қолы күстеніп кеткенін байқайды. Себебін сұрағанда жолы Сағыд ибн Муаз (оған Алла разы болсын) отбасын асырау үшін еңбек етіп жүргенін, қолы содан күстенгенін айтады. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): Міне, Алла осындай қолдарды ұнатады деген еді. (Әбу Дәуід, Буюғ-1).

Сондықтан мұсылман адам жұмысынын беделі жоғары не төмендігіне, жеңіл не ауырлығына, табысының аз не көптігіне емес, бірінші кезекте адалдығына мән беруі керек.  Құран Кәрімнің «Исро» сүресінің 70-аятында: «Біз адам баласын құрметті орынға қойдық, оларды құрғақта және теңізде өмір сүретін еттік, оларды жақсылыққа кенелттік және оларды Өзіміз жаратқан барлық тіршілік иелерінен жоғары қойдық», делінсе «Нәжім» сүресіні, 39-42-аяттарында: «Адамзат тек еңбегіне қарай табысқа жетеді. Сөз жоқ, еңбегінің нәтижесін жедел көреді кейін оған еткен еңбегінің бодауы толық беріледі». Ал «Бақара» сүресінің 22-аятында: «Ол сондай, Алла сендерге жерді төсек, аспанды төбе етіп жаратты. Әрі көктен жаңбыр жаудырып, сол арқылы сендер үшін әр түрлі өсімдіктен ризық шығарды», - деп ескертіледі. Ал, енді осы Құранда айтылған Раббымыздың нығметтерін адам баласы тек қана еңбегімен пайдалана алады.

Мұсылмандар үшін адал кәсіптің өте маңызды екендігін біздің Пайғамбарымызда (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) саралап түсіндірген.  Ол (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Адал кәсіп ету ‒ әр мұсылманға парыз: «Адал табыс табуға шыққан адам жиһадта жүрген кісі тәрізді», - дейді. (Бухари).

Хазіреті Адам (ғ.с) егінші болды, Нұх (ғ.с) кеме жасады, Ідріс (ғ.с) тігінші болды, Мұса (ғ.с) шопан болды, Дәуід (ғ.с) ұста болды, Зәкәрия (ғ.с) ағаш шебері болды, Иса (ғ.с) медицина ұстазы болды, ал, ұлық Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әр дайым Алладан  өзін жалқаулықтан, борыштанудан, күпірліктен, кедейліктен, сараңдықтан сақтауға жалбарынды. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Адал кәсіппен айналысып, содан шаршап ұйықтаған адам күналары кешірілген халде түнейді. Диқаншылық жасаңдар, өйткені ол ‒ берекелі іс. Қой бағыңдар, өйткені береке сонда», - деп, адал кәсіпкерлікті диқаншылық пен мал бағуды уағыздады.

Жалпы, мұсылман баласы үшін ешкімге мұқтаж болмай өмір сүру, адал жолмен мал табу ‒ басты өмірлік қағидалардың бірі. Мұсылмандықтың басты шарттары да осыны қамтиды. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Адамнан дүние-мүлікті қалай тауып, оны қалай жұмсағаны қиямет күнінде сұралады», - деген. (Муслим).

Шындығында, дүние деген мұз секілді, күн шуағы түскен сәтте лезде еріп кетеді. Бұл ‒ адам баласы үшін үнемі есте жүруі тиіс. Халқымыздың: «Еңбегі бардың өнбегі бар», «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген аталы сөздер бар. Бұларға тереңнен үңіліп, жете зер салсаң, көптеген мәселелерге көз жеткізе түсесің. Халық айтса, қалт айтпайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Бір мұсылманды алдаған, оған зиан тигізген немесе айла жасаған адам бізден емес», - деген. (Бұхари). Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Саудада шындықтан, туралықтан бір сәт айырылмаған адам қиямет күнінде Пайғамбардың жанынан орын алып, солармен бірге болады», - деп ескертеді. (Мүслім). Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сауданы адал жасаңдар, саудада береке бар, жалған ант ішу затты өткізеді, бірақ берекені жояды», - деп айтқан. (Термизи).

Абдулла ибн Масғуд (оған Алла разы болсын) Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Екі түрлі адамға ғана қызғанышпен қарауға болады: «Алланың берген байлығын түгелімен Алла жолында жұмсаған жомартқа және Алланың адамның бойына дарытқан даналығымен билік айтып, әрі өзгелерге даналық тәлім үйреткен данышпанға», - дейді. (Бұхари, Мүслім).

Адам баласына өмір сүру үшін аздаған болса да қаржының, тіршілікке керекті мал-мүліктің қажеттілі анық. Алайда, адамға бұлардың жолында туралықтан тайып кетуіне қандай да бір адасушылықтарға жол берілмеуі керек. Ең бастысы ‒ адам бойында имандылық пен ынсап болуы керек. Хакім Абайдың қара сөзінде: «Құдай Тағала саған еңбек етіп дүние табарлық қуат берді. Ол қуатты адал кәсіп етерлік орынға жұмсаймысың? Жұмсамайсың, ерінбей еңбек етсе, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды».

Құранда «Ниса» сүресінің 29)-аятында: «Ей, иман келтіргендер! Екі жақтың ризашылығына сүйенген саудадан басқа, мал-мүліктеріңді харам жолдармен араларыңда (алып-сатып) жемеңдер.

Жалпы, қандай да бір игілікті істі жасап, Аллаға тәуекел етіп, медет тілеген жанға Алла өзі медет болады. Сондықтан адал қызмет жасап әрбір бастаған ісімізді Алланын атымен бастайық, әрі қандай жағдай болса да сабырлы бола білейік, сонда ғана шынайы құлға тән қасиетке ие боларымыз сөзсіз.

 

 

Сығаев Асқар,

 Алматы облысы, Райымбек ауданының бас имамы 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру