Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ӘЗІЛХАН НҰРШАЙЫҚОВТАН ЖАСТАРҒА АРНАЛҒАН ЕКІ СӨЗ...

10.02.2017 5682 0 пікір

Ұлдар, алдымен сөзiмдi сендерге арнаймын! Менiң сендерден өтiнерiм, арақ iшпеңдер, айналайындар! Арақ — адамзаттың жауы, халықтың дұшпаны. Арақ алдымен талантты адамдарды құртады. Содан соң өзгеге ауыз салады. Талантсызды да жалмап жұта бередi. Ендеше, арақ iшпеңдер, бауырларым! «Мен мықтымын» деп оқыраңдай бермеңдер, асып бара жатқан күштерiң болса, оны араққа емес, айналадағы адамдарға, ағайын-туыс, адал жарларыңа қамқорлық жасауға жұмсаңдар!

Қалқам! Арақты жеңемiн деп дәмеленбе! Шарапқа бүйiрiм шыға бiр тояйыншы деп талпынба! Ол ешкiмдi де тойдырмайды. Су екеш суды да сыздықтатып, сызылта iшсең ғана шөлiң қанады. Адам арақ iшпегеннен өлмейдi, араны ашылып арақ iшкеннен өледi. Әрбiр арақ iшкен адамның өмiрi аз, ғұмыры қысқа болады. Оның үстiне маскүнемнiң өмiрi — мәнсiз. Адамның өмiрi онсыз да қысқа, ендеше, аз ғұмырды ардақтап, шамаң келгенше мағыналы етiп өткiзгенге не жетсiн!

Жiгiттер! Жандарыңда жүрген қыздарды құрмет- теңдер. Қыз – болашақтың анасы. Қыз – алдыңғы ұрпақтың әжесi. Анаңды ардақтап, әжеңдi құрметте, қарағым!

Қыздар! Жандарыңда жүрген жiгiттердi ақылмен, әдептiлiкпен, сыпайы мiнезбен, сүйкiмдi назбен тiзгiндей бiлiңдер! Арақ iшкiзбеңдер, айғайға жолатпаңдар. Оларды түнгi 12-де мас болып рестораннан келiп, жұрттың шырқын бұзып, терезенiң түбiнде текедей бақылдап өлең айтып отырмайтындай етiңдер. Өйткенi, қыз жетелесе iлеспейтiн, қыз қиылса көнбейтiн жiгiт жоқ бұл дүниеде.

Ақыл анадан тарайды. Адамгершiлiк әйелден басталады. Жаратушы өздерiңе сыйлаған осы бiр өзгеше өнерлерiңдi қастарыңда жүрген жiгiттерге әсер етуге жұмсаңдар. Жiгiт жаныңда жүрсе – жолдасың, жауға жұмсасаң – жолбарысың. Ортада жүрсе – орманың, шетке шықса – қорғаның! Жiгiттерден жылы шырай, жұмсақ әзiлдерiңдi аямаңдар. Бiрақ, оларды жұрт көзiнше сүйiсiп , сөйлесiп тұруға үйретпеңдер, жабыса құшақтатпаңдар.

Адал сезiмдi ардақтап, бүркемелеп, қымтап ұстауға тырысыңдар. Менiң сендерден сұрайтыным осы ғана...

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру