إنما الأَعمال بالنيات
Амалдар ниетке байланысты
«Мен үйренетін ілімде халқымның, елімнің қажеттілігі бар, шынында бұл білімді үйренуім қажет», осы бір ниетте болған кісі шынында ғибадатта болады. Білім талап етушінің аяқтары астына періштелер қанаттарын жаяды. Шынайы сауап пен ұлы мақсатқа жетеді. «Білім алсам, мал дүниеге қол жеткізіп, абыройға жетемін» деген ниетпен жүрген адам аңсаған арманына жетуі мүмкін, алай да маңызды болған Алла алдындағы ұлы сыйдан құр қалары ақиқат.
Шариғатымыз пенденің өмірін дін және дүниеге болып бөліп жармайды.
Бұл біздің өмірлік ұстанымымыз болуы ләзім. Сонда адам баласының өмірінің әр бір уақыты, тіпті ұйқысы да ғибадат болып есепке алынады. Хадисте «Кімде-кім құптан намазын (мешітте) жамағатпен оқыса, ол түннің жарымын намазбен өткізгендей болады және кімде-кім таң намазын жамағатпен оқыса, түнді түгел намазбен өткізгендей болады» деген.
Адам баласы таза жүріп, Алла бұйырған жолмен жүрер болса ол да өзі үшін ғибадат болып есептеледі
Қасиетті Құранның Зәрият сүресіндегі «Мен жындар мен адамзатты, тек Өзіме құлшылық етулері үшін ғана жараттым» деген аяты жоғарыдағы хадисті қуаттайды. «Ислам- жеңілдік діні», деген сөздің мағынасы да осыны меңзейді.
Адам баласының өмірінде жай ғана күнделікті әдетке айналып кеткен істердің өзі шариғатымызда мұсылман адам ниетін түзету арқылы сол бір амалдарын ғибадатқа айналдыра алады. Шынайы мұсылман өз ниетін түзету арқылы, шариғатымызда рұқсат етілген жолмен өз нәпсісін қандыруы, күнделікті жеп-ішуі, киіну сол сияқты тағыда басқа амалдарды атқаруы да ғибадат болып саналады.
Ия, шынында Ислам түзу ниет, дұрыс амалдар діні, мұсылман адам жақсы ниеттегі, жақсы амалдағы адам. Ол өз өмірінің әр бір сәтін, әр бір амалын ғибадатқа айналдыруы мүмкін. Себебі адамзаттың әр бір ісінде Шариғаттың нұсқаулығы бар.
Ақиқи мұсылман шын бақытты адам, себебі оның жеке, отбасылық, қоғамдық, туысқандық, достық басқада байланыстарының баршасы ғибадат болуы мүмкін. Ол үшін пендеден көп амалдар талап етілмейді дін қағидалары мен амалдарын үйреніп, әр ісін шынайы ниетінмен атқарса болғаны. Соңында әр ісі сауапқа, амалы ғибадатқа айналады.
Кейбіріміз намаз оқу, ораза ұстау, неке қиып жаназа шығару амалдарын діни істер, қалған әрекеттер дүниелік амалдар деп есептейміз. Бес уақыт намазды парыз еткен Алла Тағала адал кәсіпті де парыз еткендігін естен шығарамыз. Намаздың парыз болғандығы сияқты, адал кәсіп жасап, таза ризықтан жеу де бізге міндеттелгенін ұмытпағандығымыз жөн.
Шынында барша байлық Алланың мүлкінен емес пе?
Барша адамдар Алланың құлы емес пе?
Ислам Алланың діні емес пе?
Алла өзі жаратқан жаратылыстардан, нені қаласа да баршасына күш құдіреті жетуші емес пе?
Ол өзі жаратқан пендесіне қалаған бұйрығын беруші емес пе?
Ол Исламды өзінің ақырғы, кемел діні етіп адам баласының барша ісін дінің шеңберіне сиғызған құдіретке ие емес пе?
Мұсылман адам ешқашан дін және оның тармақтарын, бұйрықтары мен тыйымдарын толықтай орындай алмайды. Бәлки дінде не келсе, сол бұйрыққа мойынсұнғандығы үшін ол мұсылман атауын алған бір пенде. Мұсылман өз дінін мұқият үйреніп, оған толық амал етсе ғана, кәміл мұсылман бола алады.
Сол үшін де біздер өз дінімізді тыным таппай үйреніп, амалдарымызды шариғат шеңберінде атқаруға тырысамыз.
Сонда ғана біз әр амалымызда жақсы ниет ете алатын боламыз.
Сонда ғана біздің әр амалымыз ғибадатқа айналуына мүмкіндік жасаймыз.
Сонда ғана біз бүткіл өмірімізді Аллаға құлшылық етуге арнай аламыз.
Қажымұхан Қамбарұлы,
Маңғыстау облсытық «Бекет ата»
мешітнің наиб имамы
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
16.01.2017
8397
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру