Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Мәуліт мерекесінің мәні жайлы бір сөз

27.12.2016 5100 0 пікір

Рахман және Рахим болған Алла атымен бастаймын!

Пайғамбарымыздың туған күні мәуліт күнін атап өту жақсы амалға жатады. Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) Рабиал-Әууәл айында дүниеге келген. Негізінен Мәулітті ислам әлемі һижри ІV-V ғасырдан бастап атап өтіп келеді. Қазіргі кезде ҚМДБ-да әз Пайғамбарымыздың дүниеге келген күнін атап өтуді жақсы дәстүрге айналдырған. Ондағы басты мақсат ардақты Пайғамбарымызға салауат айтып, оның асыл қасиеттерін халыққа жеткізе отырып, адамдардың бойына имандылық сезімін ұялату. Өскелең ұрпақтың ислам қағидаларын сақтауына септігін тигізу. Теріс жолдан тайдыру. Дұрыс жолға бағыт-бағдар беру. Алайда Кеңес үкіметінің солақай саясатының кесірінен «Дін апиын» деп , әкең «горила», шешең «шимпанзе» деп, талай адамдарды төл дінінен айырды. Теріс жолды сілтеді. Осындай қиын қыстау кезеңдерде қазақ халқы Аллаһу акбарды, алып қояйық пен айырбастап кәпірдің суын, қасиетті зәм-зәм суынан артық санады. Ислам дінінен алшақтай бастады. Бірақ еліміз тәуелсіздік алып, ислам діні халық арасында кеңінен қанат жая бастаған шақта, діни мерекелерді кеңінен атап өту ел арасында жақсы үрдіске айналды. Мәуліт күні де мұсылмандардың асыға күтетін мерекесіне айналды. Халыққа пайдалы әрі мәнді уағыздар айтылып, советтік (құдай жоқ) деген идеологиямен тәрбиеленген аға буын өкілдерінің бұл күні ислам дініне деген махабаты, сүйіспеншілігі арта түсіп, пайғамбарамыздың асыл қасиеттерін бойына сіңіруді ендігі кезекте өзіне мақсат санайды. Осындай кештен алған әсерін құрбы-құрдастарымен бөлісіп, оларды нақ әрі тура жол Ислам діні жолымен жүруге шақыра бастайды. Міне Мәуліт күнін тойлаудың бір артықшылығы осында болса керек. Құранның «Әнбия» сүресінің 107-ші аятында «Біз сені күллі ғалам үшін рахмет етіп қана жібердік» дейді. Міне бүкіл әлемге рахым етіп жіберілген пайғамбарымыз Нұр-Мұхаммедтің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) туылған күнін діни дәстүр бойынша осылай атап өтудің зор тәрбиелік мәні бар. Олай болса біз пайғамбарымыздың туған күнін тойлау дұрыс екендігін,қарсы шыққандардың жаңсақ пікірде екендігін білеміз. Пайғамбарымыздың Нұр-Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) дүниеге келуі мұсылмандар үшін зор қуаныш. Жасаған иеміздің құлдарына жасаған ұлы жақсылығы. Сол үшін мұсылмандар өздерінің ұлық пайғамбарларын Нұр-Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) жақсы көрулері арқылы Оның (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) туылған күнін мейрамдауға қол жеткізді. Бұл әрекет оларға бұл дүниеде де, ақыретте де, Аллаһ және Оның Расулының (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) алдында пайда береді. Бірде Пайғамбарымыз Нұр-Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) Абу-Бакр Сыддық, Омар және Оспан (р.а.) –барлығы Мадина- Мунаууарадағы Ухуд тауының төбесіне шыққан уақытта, Ухуд тауы қуанып, қозғалып басқа тауларға мақтанды.

Пайғамбарымыз Нұр-Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) айтты: «Ухуд тауы бізді жақсы көреді. Біз де оны жақсы көреміз» дегеніндей, кімде-кім Нұр-Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын)-ды жақсы көрсе және Нұр-Мұхаммедтің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) туған күнімен қуанса, әлбетте Нұр-Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) сол адамды Ухуд тауын жақсы көргендей жақсы көретіндігіне анық сенуге болады

Алла Таала баршамызды өзіне сүйікті құл, хазірет Нұр-Мұхаммедке (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) шынайы үммет болуды нәсіп еткей! Әмин!

 Нұрлан САМАТҰЛЫ,

ҚМДБ-ның БҚО бойынша баспасөз хатшысы, дінтанушы

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру