
Діни басқарманың бір белді қызметкері Шымкенттен Алматыға жолаушылар ұшағымен ұшып, мұнда жеткен соң асығып түскендіктен польтосының белбеуін қалдырып кеткенін білмей де қалады. Оны артынша іздеп тауып ұшақ қызметшісі тапсырғанда бір-ақ біліп, олардың бұл ұсақ-түйекке дейін жете мән беретініне таңғалып алғысын айтады. Расында да бұл халықаралық әуежайдың қызметінде ұсақ-түйек деген болмайды. Ұқыптылық, адалдық, жолаушыларға барынша жоғары сапалы мәдени де қызмет көрсету басты өлшем саналады.
«Алматы халықаралық әуежайы» АҚ еліміздің ең үлкен әуежайы болып есептеледі. Соңғы 5 жылда жолаушылар тасымалы артып, инфрақұрылымы дамып, қаржылық жағдайы тұрақталып, өсім байқалды. Тек 2015 жылы ғана 5 миллионнан астам жолаушыға қызмет көрсетіп, 52,1 мың тонна жүкті межелі жеріне жеткізсе, 2016 жылғы көрсеткіште мұнан аспаса кем емес деп күтілуде. Жалпы Алматы әуежайы 33 жолаушылар мен 30 жүк әуе компанияларына қызмет көрсетіп келеді. Барлық түрдегі ұшақтарды қабылдап, қызмет көрсетуге толық мүмкіндігі бар.
Соңғы жылдары бүгінгі үлгідегі заманауи техникалармен жабдықталған соң әуежайдың қызмет сапасы тиісінше жақсара түсті. Сондай-ақ, қызметкерлердің үздіксіз білімін жетілдіру арқылы елеулі жетістіктерге қол жетті. 2011-2015 жылдары 15 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды.
ИКАО талаптарына сәйкес әуежайдың ұшу-қону алаңына түрлі-түсті белгілер беретін жабдықтар орналастырылды. Осының арқасында қолайсыз ауарайы кезінде де ұшақтар еш кедергісіз, әуеге көтеріліп, қонатын жағдайға жетті. Келесі жылы екінші ұшу-қону алаңы да қайта жарақталып, әуежайдың өткізу мүмкіндігін әжептәуір арттыру көзделуде.
2012 жылы ішкі ұшу-қону терминалы күрделі жөндеуден өтті. Бүгінде жалпы 42 шекаралық бақылау-өткізу бөлімшелері жолаушыларға үздіксіз қызмет көрсетуде. Бұл бірнеше ұшақтан бір мезетте түскен жолаушылар ағынын ешбір кедергі-кезексіз өткізе алады деген сөз. Сонымен қатар 6 жүк беру лентасы, 42 жолаушыларды тіркеу бағанасы мен 7 өз-өзін тіркеу бағанасы қалтқысыз жұмыс істеуде. Ал, 2015 жылы жолаушылар терминалындағы 4 эскалатор жаңасына ауыстырылды.
Соңғы 2 жылда әрқайсысы 137 жолаушы сиятын 3 Neoplan автобусы, 4 автобасқыш, 4 ленталық транспортер, 2 Vamas автокөлгі сатып алынды. Аталмыш техникалар жылдың барлық мезгілінде, қолайсыз ауарайында жолаушыларға мінсіз қызмет ете алады. Бұл өз кезегінде қызмет көрсету сапасын жақсартып, халықаралық талаптарға толығымен жауап береді. Сондай-ақ, алдағы уақытта тағы бір Neoplan автобусы мен 2 заманауи жанармай құю жабдығын сатып алу көзделуде.
Алматы әуежайы мүмкіндігі шектеулі жолаушылардың да үнемі жағдайын ойлап, олардың алаңсыз жүріп-тұрулары үшін барлық мүмкіндіктерді қарастыруда. Атап айтқанда:
– Мүмкіндігі шектеулі жандардың мүгедектік қол арбаларын тегін жеткізіп береді;
– Шекаралық-кедендік бақылау-өткізу бөлімшелерінде құжаттарды рәсімдеуге көмектесіп, арнайы мүгедектік арбалармен қамтамасыз етеді.
– Мүмкіндігі шектеулі жандарды ұшаққа отырғызып, түсіру үшін Mersedes-Bens маркалы амбулифт сатып алынды;
– Көзі көрмейтін жандарға дауыстық құрылғылар орнатылған арнайы 7 лифт орнатылған;
– 2 арнайы эскалатор;
– Шақыру тетігімен жарақталған әжетхана бөлмесі;
– Германияда жасалынған 10 мүгедектер арбасы;
– Көзі нашар көретін жолаушыларға арналған ықшам да ыңғайлы тақта орнатылған;
– Мүмкіндігі шектеулі мүгедек жандарға қызмет көрсететін арнайы медбикелер:
– Мүгедектерге арналған 10 тегін автотұрақ қарастырылған.
Алматы әуежайының әкімшілігі жолаушылардың діни ұстанымдарына да тиісінше құрмет көрсетіп, 3 намазхана бөлмесін ашып қойған. Сондай-ақ олардың дәрет алулары үшін аяқ жуатын құрылғы мен душ та қарастырылған.
Алматы әуежайы қызметкерлерінің жан-жақты қызметін бір арнаға үйлестіріп тұрған «Нұр-Отан» партиясының біздегі бастауыш ұйымының орны ерекше. 2010 жылы ұжымдағы небәрі 23 адам осы партияға мүше болса, бүгінде іргелі бастауыш партия ұйымына 1660 қызметкері мүше. 6 жылдан бері осы бастауыш партия ұйымының жетекшілігін Алматы әуежайы АҚ-ның басшысы Айбол Әнуарұлы Бекмұхамбетов мырза өзінің сан салалы қызметімен қатар абыроймен атқарып келеді. Ол кісі «National Business» сараптамалық іскер журналының ұйғарымы бойынша соңғы 5 жылдағы коммерциялық басшылардың арасындағы сында 3-орынға ие болса, Алматы әуежайы АҚ 2015 жылы үздік мекеме атағын жеңіп алып, Ұлттық рейтинг агенттігінің алтын медалымен марапатталды. Соңғы ең ірі табысы ТМД бойынша «Халықаралық аэродромды дамыту саласында жеткен жетістігі үшін» номинациясы бойынша Алматы халықаралық әуежайы ең үздік деп табылды. Бұл мәртебеге халықаралық авиация комитеті басшылығының шешімі бойынша ие болды. Сертификатты тапсыра тұрып халықаралық авиация комитетінің басшысы Татьяна Анодина: «Аэродромдарға ІІІ В категориясын барлық алты номинация бойынша енгізген Алматы халықаралық әуежайының үздік жетістігіне ТМД-да, тіпті Ресейде жеткен жоқ», - деп атап көрсетті. Әрине, бұл өте сүйсінерлік жоғары баға.
Сондай-ақ қызметкерлеріне салауатты өмір сүрудің барлық талабына сай жағдай жасаған мекеме ретінде Алматы денсаулық сақтау басқармасы тарапынан «Асыл алма» медаліне де ие болды. Биыл бұл мекеме республика бойынша алдыңғы қатарлы салық төлеуші ретінде тіркелді. Соңғы 5 жылда мемлекетке 20 миллиард теңгеден астам салық төледі.
Алматы әуежайы өз қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайына да ерекше көңіл бөлуде. Мекеме ұжымына тегін медициналық қызмет көрсетіледі. Денсаулықтарын нығайтуы үшін кезекті еңбек демалыстарында еліміздің шипажайларына жеңілдетілген жолдама беріледі. Жылына ұжымдағы жүздеген қызметкерлер мен ардагерлер мекеме есебінен денсаулықтарын түзеп, олардың балалары жазғы демалыстарын сауықтыру лагерлерінде өткізеді. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға атаулы жәрдемақылар, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне және табиғи апаттан зардап шеккендерге ұдайы көмек көрсетіліп келеді.
Ел тәуелзсіздігінің 25 жылдығына орай қосымша 170 автокөлікке арналған тұрақ пен әуежай маңынан спорт алаңы пайдалануға берілді.
Оңғар Өмірбек,
Қазақстанның құрметті журналисі,
«Иман» журналының Бас редакторы.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
15.12.2016
4806
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру