Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Әке аманатына адал еді

13.12.2016 5937 0 пікір

(Еске алу)

Күні кеше ғана ортамызда жайраң қағып жүрген Әбсаттар Шәкірұлы бауырымызды дүниеден озды деуге аузың бармайды. Дүние жалған деген осы екен-ау?! Елуге енді ғана толғанда бақилық болды. «Әбсаттар қайтыс болды» деген суық хабар жеткенде сенер-сенбесімізді білмедік. Сонау түстіктің Ташкентке іргелес Сарыағаш ауданындағы Ынтымақ елді мекеніне еліміздің әр өңірінен оның жаназа намазына қатысып, қабіріне топырақ салуға асығушылар аз болмады. Жаназа намазына он мыңға тарта жамағаттың қатысуы соның айғағы.

Кезінде ханафи мәзһабының негізін қалаушы имам Ағзам Әбу Ханифаның жаназасына бүкіл Бағдат қаласы тұрғындарының қатысқаны тарихтан белгілі. Ал бүгінгі күні жаназасына он мыңға тарта кісі қатысқан Әбсаттар Шәкірұлын еліміздің діндарлары мен мұсылман жамағаты жақсы біледі десек асыра айтқандық емес.

Расында, Әбсаттар Шәкірұлы кім? Ол сонау кеңес заманының соңғы жылдарында негізі қаланған еліміздегі алғашқы медресенің ұйымдастырушысы әрі білікті басшысы еді. Әкесі ел сыйлайтын тақуа, діндар еді. Ұлдарын Ташкенттегі әл-Бұхари атындағы Ислам институтында оқытқан әрі адалдыққа, шынайы мұсылмандыққа баулып, тәрбиелеген-ді. Медресе ашқысы келген ұлдарына: «Бұған балалар тегін оқитын болсын, ешқайсынан ақы алынбасын. Осы талапты орындасаңдар ғана рұқсат», - деп талап қойған-ды. Ұлдары келісті. Әке талабын әлі орындап келеді. Еліміздегі алғашқы діни оқу орнынан бүгінгі діндарларымыздың дені оқып шықты. Солардың арасында бүгінгі күні мешіт имамдары болып отырғаны қаншама?!

Сарыағаш медресесі 2010 жылы ресми түрде ашылғанға дейін үнемі білім алуын жалғастырған Әбсаттар Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық университеттің магистратурасын үздік бітірген-ді. Бұл күндері Білім және ғылым министрлігінен де тіркеуден өтіп колледж-медресе мәртебесін алған санаулы діни оқу орынының бірі. Ескі ғимараттары бүгінгі сәулеткерлік өнерге сәйкес қайта салынып, жаңарды. Оқу базасы күшті. Мұнда ер және қыз балалар да оқиды. Бәрі де тегін үш мезгіл тамақпен, жатақханамен қамтамасыз етілген. Оқу мен тәрбие сапасы да жоғары. Ұстаздары білімді де тәжірибелі. Ұлдары әке аманатын орындаумен келеді. Оның басшысы Әбсаттар марқұм еді. Ол діни басқарманың ғұламалар кеңесінің мүшесі ретінде де қыруар іс тындырды. Еліміздің көптеген аймақтарына шығып, түрлі ұжымдарда кездесулер өткізді. Үгіт-түсінік жұмыстарын жүргізді, мешіт жамағаттарына уағыз айтты.

Отбасылы. Перзенттерін ислами әдеппен тәрбиеледі. Алды діни жоғары оқу орындарында оқыды. Қызмет ете бастады. Көпшіл әрі барынша қарапайым еді. Үлкен-кішіге сыйлы еді. Қолынан келгенінше қамқорлық жасауға тырысатын. Шын мәнінде нағыз білімді де тақуа, аяулы асыл азамат еді. Өлімге қиятын жан емес еді. Ажалға ешкім араша түсе алмайды. Тағдыр солай. Аллаға деген шексіз сеніміміз солай.

Топырағың торқа, иманың серік болсын, аяулы бауырым!

Оңғар Өмірбек,

Қазақстанның құрметті журналисі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру