Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ: Өзекті мәселе кешенді жоспармен шешіледі

20.10.2016 3718 0 пікір

Мемлекетіміз өз Конституциясында көрсетілгендей, зайырлы қоғам қағидаттарын басшылыққа ала отырып, дәстүрлі діни сенімдерге заң тұрғысынан кепілдік береді. Бұл еліміздегі әрбір азаматтың дін ұстану еркіндігіне, оның ар-ождан бостандығына жасалған үлкен қамқорлық. Бүгінде әлемде және елімізде дін саласында жауапкершілік артып, міндеттер еселене түскенін көріп отырмыз. Қоғамдағы діни ахуалды тұрақтандырып, біртұтас азаматтық қоғам қалыптастыру мақсатында Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің құрылуы да заманның һәм бүгінгі қоғамның басты талабы десек болады.

Жаңа ведомство басшысы Нұрлан Ермекбаев бастаған министрліктің БАҚ өкілдерімен өткізген баспасөз брифингі, онда көтерілген мәселелер қоғамда қордаланған тақырыптардың түйінін ашып берді. Министр өз баяндамасында дін саласындағы маңызды міндеттің көш басында еліміздің зайырлы қағидатын қамтамасыз ете отырып, азаматтардың ар-ождан бостандығын бұлжытпай кепілдендіру, сондай-ақ дінді таңдау, ұстану еркіндігі екендігін баса көрсетті. Сонымен қатар, дін саласын дамытуда тұтастай түсінік қалыптастыру үшін еліміздің білікті дінтанушы, сарапшы мамандарының, азаматтық қоғам өкілдерінің бірлесуімен Дін саласындағы мемлекеттік саясат туралы концепцияны (тұжырымдаманы) әзірлеу ісі мемлекетіміздің дін саласындағы стратегиялық мақсаттары мен жұмыс бағыттарын айқындай түспек.

Бұл концепцияны шын мәнінде мемлекет пен діни бірлестіктер арасындағы қатынастарды нығайтатын маңызды құжат деп бағалауға болады. Себебі, министр атап өткендей, дін мен зайырлы қоғамның бір-біріне жаттығы жоқ. Бәлкім, діни бірлестіктер – азаматтық қоғамның бөлінбес бөлшегі. Осы тұрғыда мемлекет діни қызметтерді атқаруға құқықтық жағдайлар қалыптастырып, қамқорлық танытуы атап өтерлік жағдай.

Министрлік осы діни қызмет, ұстанымдарды теріс мақсаттарда пайдалануға ұмтылатын кез келген әрекеттерге тосқауыл қойып, жолын кесу үшін тиісті шаралар қабылдамақ. Бұл да бүгінгі қоғамда дін атын жамылған жат ағымдарға қарсы күресте өте оңтайлы және дұрыс шешім деп білеміз. Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жұмыстарын министрлік 2 бағытта – жалпы профилактика және мақсатты реабилитация негізінде жүргізуді жоспарға алған. Осы ретте министр радикалды идеяларға қарсы іс-қимыл мен теріс діни ағымдарға ерген азаматтарды оңалту ісінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бірлесе атқарып, өзара әрекеттестікті күшейтуді көздейтінін ашық баяндады. Дін саласындағы басты рөл ойнайтын діни бірлестіктер ішінде Мүфтиятты ерекше атауы – біздерге жоғары жауапкершілік пен үлкен міндет жүктейді. Бұған қоса, имамдардың білім-біліктілігін арттыруға, олардың қызметінің жариялылығын қамтамасыз етуге әрі өз жұмыстарын зайырлылық жағдайына бейімдеуі де министрлік тарапынан көрсетілер үлкен қамқорлық деп санаймыз.

Бейбіт қоғамның бірлігін нығайтып, тыныштығын сақтауда министр Н. Ермекбаев мырзаның баяндамасында қамтылған мақсат-міндеттер үлкен маңызға ие. Түйткілді мәселелерді шешу үшін осындай кешенді жоспар құру өте қажетті іс деп білеміз әрі осы жұмыстар бүтін бір қоғам болып жұмыла кіріскенде нәтижелі болады деген сенімдеміз.

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары діни

басқармасының наиб мүфтиі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру