Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Тақуалық киім рухани әуреттің қорғаны

10.10.2016 7136 0 пікір

Киім ­­– ол Алла Тағаланың адамзатқа берген ең үлкен нығметтерінің бірі. Біз онымен тіршілігімізде ыстық-суықтан, күн-жауыннан қорғанамыз, әуретімізді жабамыз, ар-ұятымызды сақтаймыз және сәнденеміз.

Құран Кәрімде: «Алла сендерді ыстықтан қорғайтын киімдер және зияннан қорғайтын киімдер (сауыттар) жасады. Ол осылайша сендерге деген нығметін тәмәмдайды, бәлкім, бойсұнарсыңдар»[1], - делінген.

Ислам діні киім кию мәдениетін сақтау адам баласы үшін абырой һәм мәртебе, сұлулық һәм зейнет деп түсіндіреді. Қазақта «Ағаш көркі - жапырақ, адам көркі – шүберек» деген сөз бар. Расында, адамды хайуаннан ажыратып тұратын белгілердің бірі киім. Ұятты жерлерін жасыру үшін Алла Тағала адамға киім берді. Киімді шариғатқа сай киген адам ғана сұлу саналады. Хақ Тағала: «Уа, Адам ұрпақтары! Сендерге ұятты жерлеріңді жабатын киім түсірдік әрі сәндік киімдерді де. Ал, тақуалық киімі (иман, ізгі іс), сол – қайырлы. Бұл олардың еске алулары үшін Алланың белгілерінен»[2], - деді. Қарапайым бір киім әуретті жауып, денені әсемдесе, ал тақуалық киімі рухани әуретті жасырып, оны зейнеттейді. «Жаны сұлудың тәні сұлу», «Кісінің кісілігі киімінде емес, білімінде» деген мақал-мәтелдер де осы сөздерімізге дәлел. Ал, адамның тақуалық киімі жыртылып, рухани әуреттері ашық-шашық қалатын болса, материалдық киімі қанша жайнап тұрса да, ол түкке тұрмайды. Тақуалық киімі бар адамның материалдық киімі де дұрыс болуы сөзсіз.

Дегенмен, осы орында киім киюге қатысты бірқатар әдептерге тоқталып өтсек:

1. Киімді «бисмилләһ» сөзін айтып кию. Өйткені, барлық игі істерде «бисмилләһ» сөзін айту мұстахап.

2. Киім киетін кезде «Уа, Алла! Мен Сенен осы киімнің жақсылығын және осы киімнен туындайтын жақсылықтарды сұраймын. Мен осы киімнің жамандығынан және осы киімнен туындайтын жамандықтан Саған сиынып, қорғауыңды тілемін»[3], деп дұға ету. Бұл – Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннеті.

3. Күнде киетін жейде, шалбар, шұлық және аяқ-киімдерді оң жақпен киіп, сол жақпен шешу. Хадистерде: «Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) барлық істерде, тазалықта және аяқ-киім киюде, оң жақтан бастағанды ұнататын еді»[4], - делінген.

4. Киюге бағасы орташа, қарапайым киім таңдау. Аса қымбат, шектен тыс киімдерден, сондай-ақ салақтықтан, әбес және ибасыз көрінуден сақтану.

5. Киімнің тазалығына қатты мән беру. Өйткені, мұсылманның денесі мен киімі таза болуға тиіс. Алла Тағала: «Киіміңді тазала»[5], - деп бұйырады.

6. Сетілген немесе жыртылған киімді тігіп немесе жамап кию. Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) киімін өзі тігіп, мәсісін өзі жамап киген.

7. Жаңа, қымбат немесе әдемі киім киіп, мақтаншақтыққа және даңғойлыққа бармау. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Изарын (халат сияқты сыртқы киімін) сүйретіп, тәкаппарлық еткен адамға қиямет күні Алла қарамайды»[6], - деген.

8. Жейде немесе көйлектің жеңі білезікке шейін ұзын болуы – мұстахап. Хадисте: «Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жеңі білезігіне шейін жететін еді»[7], - делінген. Ал, әйелдердің білектері мен балтырларын ашып жүрулері – айып.

9. Дінімізде ер адамдарға жібек киім киюге тыйым салынған. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Менің үмметімдегі еркектерге алтын тағу және жібек кию – харам, ал әйелдерге – халал»[8], - деген.

10. Еркектердің киім киіп әйелдерге  ұқсауы, әйелдердің еркектерге ұқсауы күнә. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алла Тағала әйелдің киімін киетін еркекті және еркектің киімін киетін әйелді лағынеттеді»[9], - деген.

11. Тар, жұп-жұқа, ашық киім киюден сақтану. Әсіресе, әйелдер сұлулығы мен әшекейлерін бөгде адамдардан құпия ұстаулары тиіс. Алла Тағала: «Мүмин әйелдерге де айт (уа, Мұхаммед), жанарларын (харамнан) төмен қаратсын, абиырларын сақтасын, көрініп тұрғаннан (сыртқы киімдерінен) басқа көріктерін көрсетпесін. Жамылғыларын көкіректеріне тастасын»[10], - дейді. 

Киім де адамның мінезіне әсер етеді. Сондықтан әрбіріміз киген киімімізге жете назар аударуымыз қажет. Өйткені, киген киімі адамға құдды бірге жүрген досы іспеттес. Әр ұлттың, әр жыныстың, әр кәсіп иесінің өзіне тән киім кию әдебі бар емес пе?! Мысалы: ұлымызға әскери форма киіндіргенде, ол әскери адамға ұқсап батыл адымдай бастайды, өзін батырмын деп сезінеді. Қызымызға ақ халат кигізіп, қолына арнайы медициналық аспапты ұстатып қойса, ол дәрігер сияқты шыға келеді.

Қысқа, жұқа және тар киім киіп, ашық-шашық жүретін әйел-қыздардан инабаттылық, сыпайылық кетеді, сонымен қатар лезде оларға қырындайтын, тиісетін жігіттер табыла салады. Адамның киген кейбір киімдері оған көше-күйде қысылып-қымтырылмай әдепсіз сөздерді айтуға, бөгде адамдарға көз салуға жол ашады. Сондықтан, киімнің әсері күшті екенін еш уақытта ұмытпауымыз керек. Дініміз бен салтымызға сай, жарасымды киім бізді күнәдан сақтайды, иманымызды күшейтеді. Одан басқа, өзге адамның бізді құрмет етуіне, сыйлауына себеп болады. Сондықтан, күнәға жол ашатын, қадірін кетіретін және ұлтымыздың абыройын түсіретін киім киюден сақтанайық, перзенттерімізге де соны айтайық, құрметті ағайын.

Ашық-шашық жүргенді адамның табиғаты да, дініміз де, ұлтымыз да қабыл етпейді. Алла Тағала: «Уа, адам ұрпақтары! Енді шайтан (бұрын) ата-аналарыңды (Адам мен Хауаны) әуреттерінің көрінуі үшін киімдерін сыпырып, жұмақтан шығарғаны сияқты сендерді де азғырып жүрмесін. Расында, ол (шайтан) һәм оның тектестері сендерді көрмейтін тұстарыңнан көреді. Асылында, Біз шайтандарды иман келтірмейтіндердің достары қылдық»[11], - дейді.  Бұл жерде Ібіліс шайтанның мақсаты әшкерленіп тұр. Кімде-кім батыстың «жалаңаштану мәдениеті мен өркениетін» дәріптеп, оған үндеп жатса, демек ол адамзаттың дұшпаны, шайтанның малайы саналады. Өйткені, бұдан көзделген бірден-бір мақсат – адамды ұятсыздыққа, азғындыққа жетелеу. Шынайы мәдениет пен өркениет әуретті ашумен емес, керісінше рухани тазалық пен ар-намысты сақтаумен жүзеге асады.

Хасан Аманқұлов

 («Мәшһүр Жүсіп» мешітінің наиб имамы)

 

 

 

[1] «Нахл» сүресі, 81-аят.

[2] «Ағраф» сүресі, 26-аят.

[3] Ибн Сәний риуаят еткен.

[4] Бухари риуаят еткен.

[5] «Муддассир» сүресі, 4-аят.

[6] Бухари мен Муслим риуаят еткен.

[7] Тирмизи мен Әбу Дәуіт риуаят еткен.

[8] Тирмизи риуаят еткен.

[9] Әбу Дәуіт риуаят еткен.

[10] «Нұр» сүресі, 31-аят.

[11] «Ағраф» сүресі, 27-аят.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру