Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ҚАРИЯҒА ҚҰРМЕТ – МҰСЫЛМАНДЫҚ АСЫЛ МІНДЕТ

28.09.2016 8068 0 пікір

 

Бисмилләһир рахманир рахим!

 

Аса Қамқор, Ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!

إن الحمد لله نحمده، ونستعينه، ونستغفره، ونعوذ بالله من شرور أنفسنا، وسيئات اعمالنا، من يهده الله فلا مضل له، ومن يضلل فلا هادي له، وأشهد أن لاإله إلا الله وحده لاشريك له ، وأشهدأن محمدا عبده ورسوله. 

 

Барлық мақтау бүкіл әлемнің иесі Аллаға тән. Бүкіл әлемге қамқорлық әрі ескертуші ретінде жіберілген әлемнің ең соңғы Пайғамбары Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) сәлем әрі салауат   болсын!

Үлкенге ізет көрсеткен дана халқымыз: «Қариясы бардың - қазынасы бар», - деген қанатты сөз қалдырған. Бұл үлкенін ізеттейтін, кішісін құрметтейтін елге ғана тән құбылыс десек артық айтқандық емес.

Бүгінде қазақтың әрбір үйінен отбасы мүшелеріне ақылын айтып, тәлімді тәрбиесін беріп, ұлағатты ұғымдарды сіңіріп, шүпірлеген немере-шөберелерінің ортасында марқайып отырған ата-әжелерімізді көрудің өзі – бір ғанибет. Жастары егде тартқан шақта қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіріп, жетілдірген ұл-қыздары қас-қабағына қарап, немерелері қойнына тығылып, мойнына асылып жатса – еңбектерінің ақталғаны емес пе? Қарияларымыздың «Жасымда бейнет бер, қартайғанда зейнет бер», - деп құдайға құлшылық етуінің мәні де, мәнісі де осында.

Осы тұрғыда халқымызда қалыптасқан ұғымдар мен түсініктердің түп-төркінінің асылдінімізбен кеңінен астасып жатқанын атап өтуге тиіспіз. Бұл әсіресе келесі аят-хадистерден анық көрінеді:

 

قَالَ اللهُ تَعَالَى: ﴿وَقَضَى رَبُّكَ أَلاَّ تَعْبُدُواْ إِلاَّ إِيَّاهُ وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَاناً إِمَّا يَبْلُغَنَّ عِندَكَ الْكِبَرَ أَحَدُهُمَا أَوْ كِلاَهُمَا فَلاَ تَقُل لَّهُمَا أُفٍّ وَلاَ تَنْهَرْهُمَا وَقُل لَّهُمَا قَوْلاً كَرِيماً *وَاخْفِضْ لَهُمَا جَنَاحَ الذُّلِّ مِنَ الرَّحْمَةِ وَقُل رَّبِّ ارْحَمْهُمَا كَمَا رَبَّيَانِي صَغِيراً﴾ 

Алла Тағала былай бұйырады: «Раббың Өзінен басқаға құлшылық қылмауларыңа және ата-анаға ізгілік жасауларыңа бұйырды. Егер олардың біреуі не екеуі де қартайса, ол екеуіне «түһ» деп те айтпа, оларға дауыс та көтерме, оларға тек жақсы сөз сөйле. * Оларға мейірімділік пен кішіпейілділіктің қанатын жайып: «Раббым! Кішкентайымда мені тәрбиелегені секілді оларға Сен де рахым ет» деп айт»[«Исра» сүресі, 23-24 аяттар].

Міне, байқағанымыздай, қасиетті Құран аятында Құдай Тағала ата-анаға «түһ» деп айтудың өзіне тыйым салып тұр. Сонымен қатар, кішкене кейістіктің өзі ата-ананы жәбірлеудің ең жеңіл түрі саналатындығын байқаймыз. عَنْ عَبْدِ اللهِ بْنِ عَمْرٍو رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا عَنِ النَّبِيِّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: »رِضَى الرَّبِّ فِي رِضَى الْوَالِدِ وَسَخَطُ الرَّبِّ فِي سَخَطِ الْوَالِدِ«. رَوَاهُ التِّرْمِذِيُّ.

Абдулла ибн Амрден (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Алланың разылығы ата-ананың разылығында, Алланың ашуы ата-ананың ашуында»[Имам Термизи].

Имам Ағзамхазреттері имам ӘбуЮсуфқа: “Ғалымдарды құрметте! Үлкендерге құрмет, кішілерге ізет-мейірімділік көрсет!» деген.

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنِ النَّبِيِّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: »رَغِمَ أَنْفُهُ ثُمَّ رَغِمَ أَنْفُهُ ثُمَّ رَغِمَ أَنْفُهُ – أَيْ لَصِقَ بِالرِّغَامِ وَهُوَ التُّرَابُ مِنْ الذُّلِّ – قِيلَ مَنْ يَا رَسُولَ اللَّهِ ؟ قَالَ: مَنْ أَدْرَكَ وَالِدَيْهِ عِنْدَ الْكِبَرِ أَوْ أَحَدَهُمَا ثُمَّ لَمْ يَدْخُلْ الْجَنَّةَ أَوْ لَا يُدْخِلَانِهِ الْجَنَّةَ». رَوَاهُ مُسْلِمٌ.

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта бірде Пайғамбар (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Қор болды! Қор болды! Қор болды!» – дейді. Сахабалар: «Уа, Расулалла! Ол кім?» – деп сұрайды. Сонда ол (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ол жасы ұлғайған ата-анасы болып, сосын жәннатқа кіре алмаған немесе ол екеуі оны жәннатқа кіргізе алмаған адам», – деп жауап береді. Демек, ата-анаға дер кезінде қызмет ете алмай, сондай мүмкіндікті пайдалана алмау, сондай ізгі істі істеп, соның сауабымен жәннатқа жете алмау орны толмас қасірет екен.

Міне, осы мәселелерден үлкенге құрметкөрсетудің маңыздылығын ұғынамыз. Әсіресе, мұсылман қарттарға  ерекше құрмет көрсеткен жөн. Жақсы-жаман деп ажыратып жатпай, барлығына бірдей жақсылық жасау керек. Мысалы, қоғамдық көліктерге жас, кәрі, ауру, сау, әйел, еркек, бай, кедей, ғалым, надан сияқты әртүрлі топтың адамдары мінеді. Әлсіздерге көмектесу керектігін ескере отырып, автобусқа мінерде де, түсерде де көмектесіп, үлкендерге орын ұсыну ләзім. Мұндай мәселе тек сауаптылықты көрсетеді. Осы тұрғыдағы хадис шәрифтер де былай делінген: «Әлсіздерге, науқастарға, қарттарға және кішілерге мейірімділік көрсетіңдер!» және

«Қарттарға құрмет және сияпат, Алла тағалаға деген құрметтентуындайды.» (Имам Бұхари)

"لَيْسَ مِنَّا مَنْ لَمْ يَرْحَمْ صَغِيرَنَا وَيَعْرِفْ شَرفَ كَبِيرِنَا"

«Үлкендерін құрметтемеген, кішілерге мейірім етпеген адам бізден емес.» (Имам Бұхари).Мына үш нәрсе Алла тағалаға деген тағзымнан саналады:

1. Мұсылман болып қартайған адамды құрметтеу,

2. Құран кәрімді жаттаған адамды құрметтеу,

3. Ғалымды құрметтеу. 

«Мұсылман болып қартайғанды құрметтеген адам Нұх алейһиссаламды кұрметтегендей сауап алады. Нұх алейһиссаламды құрметтеген адам, Алла тағаланы құрметтеген болады.» (И.Хатиб). 

«Тәкбір, тахмид, тәсбих және таһлил себебімен мұсылман болып қартайған мүминнен абзал адам жоқ.» (И. Ахмед) (Тәкбір: Аллаһу әкбәр, таһмид: Әлхамдулиллаһ, тәсбих: Сүбханаллаһ, таһлил: Лә илаһә иллаллаһ)

Қазіргі кезде, шыны керек, шекпенін желбегей салып, тақиясын шалқайта киіп, салалы сақалын уыстай тарамдап, маңғазданып отыратын байсалды да салиқалы қарттарды сағынатын болдық. Ауылды жерлерге жол түсіп бара қалсақ та төр алдында қазықтай шаншылып, қаршығадай қомданып отыратын иманжүзді ақсақалдарды іздейтіндігіміз жасырын емес. Жүріс-тұрысыңды бағып, берген сәлеміңді мәнерлей, бипаздай алатын ақылгөй де батагөй қарияларды көруге асығатындығымыз бар.  

Шындығында да қазіргі кездері алпысты алқымдап, жетпіске жетіп қалған қарияларымыздың бірқатарының әлі де шайтансудан кет әрі еместігін көріп қамығасың. Ертеңгі күні өскелең ұрпақ – жастарымызға тағылымды тәрбие беруге тиісті қартымыздың осылайша қарт емес қыртқа айналып отырғанына ішің ашиды. Алла сондайлардан сақтасын деп тілейік.

Дегенмен, Аллаға шүкір, ел ішінде қазыналы қарияға айналып отырған абыз ақсақалдарымыздың да жетерліктей екендігіне шүкірлік етеміз. Сол ақсақалдарымыздың арқасында еліміздің бірлігі артып, жоғымыз бүтінделіп отыр десек  артық айтпаймыз.

Сөзімізді қорыта келе, кейінгі ұрпақ - жастар өкілдеріне қарияларымыздың, дарияларымыздың бағыттауымен алға басар болсақ адаспасымыз анық дегім келеді.

 

 

Ахметжан қажы Керімбек,

ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамы, дінтанушы

 

Қолданған әдебиеттер тізімі:

 

   [1]  «Құран-Кәрім», 2002 ж. «Дәуір» баспасы, Алматы.

   [2] «Термизи», 1-том, 1999 ж. «Адолат», Ташкент.

   [3]  «Дурратун-насихин», 2004 ж., Ташкент.

   [4]  «Дін мен дәстүр» кітабы. Алматы қаласы 2013ж.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру