Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ДҮНИЕТАНЫМДЫҚ САБАҚТАСТЫҚ ЖӘНЕ «ДӘСТҮРЛІ ИСЛАМ ЖАУҺАРЛАРЫ»

23.09.2016 3833 0 пікір

Үстіміздегі жылдағы еліміздің рухани өмірінде орын алған басты жаңалықтардың бірі – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жариялаған «Дін және тарих тағылымы» жылы аясында асыл дініміз жайлы сыр шертетін «Дәстүрлі ислам жауһарлары» (құрастырған филология ғылымдарының кандидаты, доцент Төрәлі Қыдыр) жинағының басылып шығуы.  Х-ХVІІ ғғ. аралығындағы қарахандықтар, Алтын Орда және Қазақ хандығы дәуірлерінде түркі тілінде жазылған діни-танымдық туындылар жинақталып, жүйеленіп Алматы қаласындағы «Таңбалы» баспасынан көлемді еңбек болып жарыққа шықты. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультетінің ғылыми кеңесі ұсынған бұл кітапқа Дін істер комитетінің дінтану сараптамасы мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сараптау комиссиясы оң қорытындысын берген. Дін мен дәстүр сабақтастығын насихаттайтын бұл кітаппен мұқият танысу барысында көзі қарақты оқырман еңбектің бірнеше бағыттар бойынша баға жетпес құндылықтарын бірден пайымдай алады.

Бірінші құндылығы – жинаққа енген ислам жауһарларының еліміздің тарихында жасаған түрлі мемлекеттік құрылымдардағы дәстүр мен дүниетанымға негізделген идеологиялық жүйенің сабақтастығына дәлел бола алуы. Дәлел болып қана қоймай «аяғы аспаннан салбырап түсіп», «есіктен кіріп төрге озғысы келетін»  тегі күманды, тамыры таяз діни ағымдардың теріс қағидаларына рухани тосқауыл бола алуы.

Қазақ мемлекетінің тарихы мемлекеттің алуан түрлі саяси-мәдени кеңістіктерімен шектесуі мен осы кеңістіктің болмай қоймайтын тарихи ықпалдарына ұшырап, қилы кезеңдерді бастан өткергендігімен күрделі. Ақындардың ұлт тағдырына «мың өліп, мың тірілген қазақ» деп сипаттама беруі де тарихи шындықтан алыс емес. Шындығында саяси-жағрапиялық орналасуы жағынан  түрлі саяси-этникалық ерекшеліктерге ие аймақтармен көрші бола отырып, Қазақ елі тарихтың  қатал доңғалағына тапталмастан, елдік мұраттары бүгінге дейін жалғасын тауып, өз мемлекеттілігін сақтап қалды. Осы тұрғыда еліміздің «Мәңгілік ел» идеясын жалаулатуының да тарихи себептері жоқ емес.

Тарих сахнасынан жоғалған талай елдің тарихына талдау жасасақ, қазақтардың ата-бабаларының да сол мемлекеттер сияқты қатал да күрделі саяси-экономикалық, мәдени аласпырандарды бастан кешкендіктерін байқаймыз. Осы тұрғыда Қазақ мемлекеттілігінің сақталып қана қоймай, әлемнің алдыңғы қатарлы елдерімен тізе қағыстыра өсіп, өз дамуын жалғастырып отырғандығы белгілігі бір тарихи заңдылықтарға байланысты болғандығында дау жоқ. Анығырақ айтқанда бұл «кереметтен» қандайда бір «тағдыр сыйын», немесе кездейсоқтықты іздеудің қажеті жоқ. Бұған нақты, тарихтың шынайы талабына жауап бере алатын факторлардың болғандығы ақиқат. Сол факторлардың негізгісі де, бастысы да – дін.

Отан тарихын терең ұғыну дiннiң дәстүрлi мемлекеттiлiкке ықпалы туралы жан-жақты, кешендi  зерттеулердi талап етедi. Өйткенi, ортағасырлық түркi мемлекеттерi үшiн дiн мемлекеттiк-идеологиялық құрылым ретiнде қоғамдық өмiрдiң барлық салаларына араласты. Мемлекеттiк институттар, әдет-ғұрып, салт-сана, сыртқы байланыстар, iшкi шаралар, мәдениет пен өнер де дiннiң әсерiнен тыс қалмады. Дiннiң мемлекеттiк идеология ретiнде ықпалы сол мемлекеттердiң қалыптасып дамуына тiкелей қатысты болды.

Дегенмен, отан тарихындағы көптеген бұлыңғыр мәселелердiң шешiлуiне ықпал ете алатын бұл ақиқат белгiлi тарихи себептерге байланысты ұзақ уақыттар бойы назардан тыс қалды. Соңғы жылдары, Қазақ мемлекеттiлiгiнiң қайта қалпына келтiрiлуiмен жас мемлекетiмiздiң тәуелсiздiк тұғырын нығайту мақсатында отан тарихының назардан тыс қалып келген тұстарын  жете зерттеу заман талабы болып отыр. Өйткенi, төл тарихымызды зерттеу  ұзақ жылдар бойы бiр жағынан кеңестiк идеологияның, екiншi жағынан әлем тарихын зерттеудегi еуроцентристiк көзқарастың қысымымен өз дәрежесiнде жүргiзiлмедi. Ал, дүниеге көзқарастың атейстiк қалпын негiзге алған коммунистiк идеология рухани үдерістердiң  тарихымыздағы орыны жайлы зерттеулер жүргiзуге мүмкiншiлiк бермедi.

Саяси тәуелсiздiкке    қол жеткiзуiмiзбен, рухани қайнарларымызға бет бұрып, бұрынғы таптырауын болған көзқарастан арылып, рухани мұраларымызды шынайы зерттеу қажеттiлiгi туындауда. Бұл туралы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев ‘‘қазақтардың бүкiл тарихы, әсiресе дiн тарихы өлтiре сынға алынды……..Халықтың бойындағы дiни сезiмдi аластай отырып, тоталитаризм осымен қатарлас тағы бiр мәселенi шешуге – жаңағы зорлықтан пайда болған “бос кеңiстiкке”   өзiнiң сiрескен үлгiлерiн тықпалауға тырысты. Дiни сенiмдi осылайша күшпен аластамайынша, мемлекеттiң үйiрсек идеологиясын ойдағыдай орналастыру мүмкiн емес едi'' деп, кеңестiк кезеңдегi дiни мұралардың теперiш көру себебiн дөп басып айта бiлдi.

Идеологиялық құрсаудан босап, тәуелсiздiкке қол жеткiзген соң зерттеушiлер үшiн бұрын еркiн жiберiлмеген зерттеу тақырыптарына қайта оралуға жол ашылды. Тәуелсiздiкпен бiрге, дiннiң отанымыздың тарихындағы маңызы жайлы алғашқы ғылыми зерттеулер жарық көре бастады.

Аталмыш мәселелер төңiрегiндегi зерттеулердi жүргiзу тек тарихи таным үшiн ғана емес, елiмiздiң тәуелсiздiгiн нығайтып тарихи дәстүрлерден сабақ алу үшiн де аса маңызды. Елiмiздiң саяси-экономикалық тұғырының бекiп, дамуы барысында мемлекеттiлiгiмiздiң одан әрi дамуы үшiн керектi құрал ретiнде рухани құндылықтардың қажеттiлiгi барынша сезiлiп отыр. Мемлекеттiк тәуелсiздiкке қол жеткiзгеннен бергi мерзiм iшiнде елiмiзде өздерiне берiлген конституциялық құқық негiзiнде идеологиялық ағымдардың түрлi нұсқалары  қалыптасып үлгердi. Мемлекетiмiздегi этно-демографиялық, саяси-әлеуметтiк жағдайдың дамып, өзгеруiне байланысты осы идеялардың арасынан басталған реформалардың табысты жүргiзiлiп, оған қоғам мүшелерiнiң белсендi қатысуын қамтамасыз  ететiн, халықтың көпшiлiк бөлiгiнiң рухани сұранысын қамтамасыз ете алатын дара түрiн мемлекеттiк  дәрежеге көтерудiң қажеттiлiгi барына сезiле бастады. Осы орайда Елiмiздегi жаңа ұлттық-мемлекеттiк идеологияның қалыптасуы барысында тарихи құндылықтарды ескеру тәуелсiздiгiмiздiң баяндылығының кепiлi екендiгi анық. Мiне, сондықтан да Қазақстан мұсылман діни басқармасының көпшілік назарына ұсынып отырған еңбегі туған тарихымыздың өткенiнен сабақ алып, рухани мұраларымызды халық кәдесіне жарату үшiн аса өзектi болып табылады.

Бұдан өзге, еңбектің тағы бір басты құндылығы – «түбі бір түркі жұртын» рухани тұрғыда біріктіруге тигізетін игі ықпалы. Жоғарыда атап кеткеніміздей «Дәстүрлі ислам жауһарлары» Х-ХVІІ ғғ. аралығындағы қарахандықтар, Алтын Орда және Қазақ хандығы дәуірлерінде түркі тілінде жазылған діни-танымдық туындыларды қамтиды. Аталмыш кезеңде түркі жұрты ортақ тарихи тамырға ие, шаруашылық-мәдени, лингвистикалық, антропологиялық тұрғыда бiртұтас қауым еді. Бірақ, уақыт өте келе өзгеріске ұшырап, түрлі ағымдар мен идеологиялық жүйелерге ерген түркілер сол өздері ерген бағыттардың ықпалымен бір-бірінен алшақтай берді. Егер қазiргi түркi халықтарының арасында қандай да бiр этно-мәдени, саяси  жақындық байқалса, немесе, осындай қандай да бiр алшақтық болса, онда оның себебiн өзге факторлармен қатар дiннен де iздеген дұрыс.  Ортағасырлық түркi мемлекеттерiне тән ерекшелiк те дәстүрлi дүниетанымның сол мемлекеттердiң саяси тарихында үлкен маңызға ие болып, олардың өркендеуi мен құлдырауына айтарлықтай әсер еткендiгi.

Ислам түркі-көшпенділер құрған мемлекеттердің басым көпшілігінде саяси-идеологиялық жетекшілікке ие болды. Осы діннің аясында жаңа сипаттағы, бірыңғай, анағұрлым дамыған жаңа түркі мәдениеті қалыптасты. Сопылық арқылы енген ислам дінінің идеялық құндылықтары–заң-дәстүрлер, өнер мен мәдениет, этикалық ережелер жүйесі, тұрмыстық сипаттар, шаруашылық-экономикалық типтер ресми түрде түркілік ерекшеліктер түрінде рәсімделді.

Тіпті, сопылыққа негізделген исламдық түркілік мемлекеттердің өзіндік мемлекеттік формалары қалыптаса бастады. Ислам мемлекеттері саналатын түркі-көшпенділері мемлекеттері дәл осы сопылықтың арқасында шынайы түрде әрі ислам мемлекеті, әрі өзіндік ерекшеліктерге ие көшпенді түркі мемлекеттері деп атауға толық лайықты мелмекеттерге айналды.

Шыңғысхан негiзiн қалаған түркi-моңғол империясының түркiлер аймағындағы бөлiгi–Алтын Орданы Ақсақ Темiр талқандаған соң, осы түркi-моңғол мемлекетi де  бөлшектенiп, ұлан-байтақ аймақта өздерiн Алтын Орданың мұрагерлерi санап, түркi әлемiнде жетекшi орынға ие болуға тырысқан бiрнеше хандықтар құрылды. Алтын Орда қирандысының  орнында пайда болған осындай мемлекеттер Қырым, Қазан, Астрахан, Ноғай, Сiбiр хандықтары орыс мемлекетiнiң күшеюi тұсында түркiлердiң солтүстiктегi мүдделерiн қорғаушы мемлекеттер ретiнде құрылғандай болды. Бастапқыда бұл жаңа түркi мемлекеттерiнде ортақ идеологиялық негiзге ие болуға рухани негiз жасалды.

Әдетте ортағасырлық түркi мемлекеттерiнiң құрылу және құлдырау себептерiн iздегенде көбiнесе осы мемлекеттердегi саяси-экономикалық аспектiлер зерттеу нысанына айналып, ал рухани-мәдени, дiни факторларға жете мән берiлмедi. Осының әсерiнен ортағасырлық түркi мемлекеттерiнiң өркендеуi мен құлдырау процестерiнiң себептерi түсiндiрiлгенде үнемi шынайылыққа қол жеткiзiле бермедi.

Соңғы кездерi қарқынды насихатталып, iске аса бастаған жахандану процесi барысында дәстүрлi ислам қазiргi жахандану проблемаларын шешу жолындағы негiзгi артықшылық пен ерекшелiктерi екендiгiн дәлелдеп, жахандық мәселелерге (экология, ауаның күрт жылынуы, ұлтаралық, дiнаралық жанжалдар) тап болып отырған қазiргi жағдайда да түркi мемлекеттерiнiң рухани бірлігін мемлекеттiк-тәуелсiздiк тұрғысынан жүйелi, кешендi түрде зерттеп, тарихи сабақтастық заңдылықтарын еске ала отырып, заманға лайықтыларын пайдалану өз өзектiлiгiн жоғалтпай отыр. Қолымызға тиген «Дәстүрлі ислам жауһарларының» құндылығы да осында.  

 

 

Жомарт ЖЕҢІС

тарих ғылымының кандидаты,

шығыстанушы-тарихшы

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру