Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Көрші ақысы – тәңір ақысы

21.09.2016 19446 0 пікір

Әлемдердің Раббысы – Алла тағалаға мақтау айтып, біздерге Ислам діні үкімдерін жүктеп, мәртебе бергені үшін шүкір етеміз. Оның ардақты Елшісіне (ﷺ) қиямет-қайымға дейін салауат-сәлем айтамыз.

Алла Тағала «Ниса» сүресінде былай деп бұйырады:

وَاعْبُدُوا اللَّهَ وَلَا تُشْرِكُوا بِهِ شَيْئًا وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَانًا وَبِذِي الْقُرْبَى وَالْيَتَامَى وَالْمَسَاكِينِ وَالْجَارِ ذِي الْقُرْبَى وَالْجَارِ الْجُنُبِ وَالصَّاحِبِ بِالْجَنْبِ وَابْنِ السَّبِيلِ وَمَا مَلَكَتْ أَيْمَانُكُمْ إِنَّ اللَّهَ لَا يُحِبُّ مَنْ كَانَ مُخْتَالًا فَخُورًا

«Аллаға құлшылық жасаңдар. Оған ештеңені ортақ етпеңдер. Ата-аналарыңмен, туған-туыстарыңмен, жетімдермен, қамқорлықты керек қылған адамдармен, алыс-жақын көршілеріңмен, достарыңмен, қол астарыңдағы қызметшілермен жақсы араласыңдар. Алла барлық дандайсыған мақтаншақтарды жақсы көрмейді» [1]

Бұл аятта Аллаға ғибадат ету мен Оған ештеңені ортақ етпеу әмір етілгеннен кейін артынша әке-шешеге қарау бұйырылған. Әлбетте, Алладан кейін ең алдымен пайғамбарымыз Мұхаммедті (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүюіміз керек. Өйткені, біз Раббымызды Алла Елшісінің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) себепкерлігімен таныдық. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үйретуі бойынша болмыстың сырын ұғып, жақсы мен жаманды ажырата алдық, мәңгілік  бақыттың жолын көрдік. Ақиқаттан не үйренсек, сүйікті пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтуымен көзіміз ашылды. Сондықтан Алла Елшісіне (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сансыз борыштармыз. Бірақ аталмыш аятта амал жағынан Алла ақысынан кейін ата-ана ақысы келтірілген. Аяттың басында Аллаға иман ету айтылмай ғибадат ету керектігінің айтылуы амал арқылы орындалатын ақыларды санамалап тұрғанын көрсетеді.

Аятта одан кейін кезегімен туған-туыстарға, жетімдерге, кембағалдарға қамқор болу керектігі айтылып, артынан وَالْجَارِ ذِي الْقُرْبَى وَالْجَارِ الْجُنُب деп туыс болсын-болмасын жақын және алыс көршіге жақсылық жасау әмір етіледі. Сондықтан адамның айналасындағы көрші-қолаңның ол адамда белгілі бір дәрежеде алар ақылары бар. Жақсылық жасауын талап етуге толық құқылы.

Аяттағы «көрші» (арабшасы – жәр) ұғымына кімдер жататындығына орай, көршілердің мынадай жіктелуі жасалған:

  • Есігінің аузы тым тақау көрші басқаларға қарағанда тым жақын болып есептелінген.
  • Туыстық жақындығы бар немесе үйлері бір-біріне жақын адамдар «жақын көрші» деп аталған.
  • Үйлері бір-бірлеріне жақын да, алыс та емес, өзге діндегілер алыс көршілерге жатқызылады.

Айша (р.а.) анамыз мұның төңіректегі қырық үйлік арақашықтық екенін айтқан. Көрші ақысы осы қашықтыққа тән екенін білдірген. Ал, Али (р.а.) адамның даусы жететін жердегілердің барлығы көрші болып саналатындығын білдірген.   

Пайғамбар (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көршілік ақысы тұрғысынан оларды үшке бөлген:

1. Бір ғана ақысы бар көршілер. Бұл мұсылман емес көршілер. Бұлардың тек көршілік ақысы бар.

2. Қос ақысы бар көршілер. Бұл мұсылман көршілер. Бұлардың көршілік ақысымен қатар мұсылман бауыр ретінде ақысы бар.

3. Үш бірдей ақысы бар көршілер. Бұл мұсылман әрі туыс болып келетін көршілер. Бұлардың көршілік, мұсылмандық және туыстық ақысы бар.[2]

Осылайша, Ислам шариғаты мен әдебі барша мұсылмандарды көршілерімен, тіпті Аллаға сенбейтін болса да олармен  жақсы болуға шақырады.

Қазақта «Құдай қосқан көршім» дейді. Басқа іс түссе, қысылтаяңда, алыс-берісте, көмек пен жәрдем, қуаныш пен қайғыда, тіпті атқан таң мен батқан кеште бірінші куәгер болатын да көрші. Сондықтан да «Адамның күні – адаммен» дегендей, көрші ақысын бір адамдар біледі, бірі білмейді. Дініміз көрші ақысына барша ақылардың ішінде жоғары дәрежеде қойған. Сондықтан, көршімен жақсы тұру – Алланың әмірі. عَنْ عُقْبَةَ بْنِ عَامِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «أَوَّلُ خَصْمَيْنِ يَوْمَ الْقِيَامَةِ جَارَانِ». رَوَاهُ أَحْمَدُ. Ұқба ибн Амирден (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Қиямет күні ең бірінші дауласатындар – көршілер,» − деген[3].

Шариғатымызда көршілердің бірнеше түрлері айтылып өткен. Алланың Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің бір хадисінде көршінің туыстай болатындығын айтқан.

عَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «مَا زَالَ جِبْرِيلُ يُوصِينِى بِالْجَارِ حَتَّى ظَنَنْتُ أَنَّهُ سَيُوَرِّثُهُ». رَوَاهُ الْبُخَارِيُّ وَمُسْلِمٌ.

Ибн Омардан (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Маған Жебірейіл періштенің көрші ақысы туралы көп өсиет айтқандығы соншалықты мен көршім мұрагеріме айналатын шығар деп ойладым,» − деген[2].

Халқымызда көрші ақысы туралы нағыз мұсылмандық ұстаным қалыптасқан. «Қиямет күні алдымен көрші ақысы сұралады екен» деген ұғым да бар. Бұл ұғымның мұсылманшылықта негізі бар.

Көрші адам мұсылман не кәпір, тақуа не пасық, дос не дұшпан, жергілікті не шетелдік, пайдалы не пайдасыз болуы ықтимал. Қалай болғанда да олардың ішіндегі қайыр жасауға ең лайықтысы ең жақын тұратын көрші.

 

Көрші алдында қандай міндеттеріміз бар?

 

Көршілерімізбен әрдайым ізгі ниетте болып, сәлем беріп, оқта-текте үйлеріне бас сұғып, хал-жағдайларын сұрап тұру керек. Ауырып қалса, үйіне барып, хал-жағдайын сұрау, ол жоқта бала-шағасы мен мал-мүлкіне бас-көз болып, қарайласу міндетіміз. Бір адамның бірнеше көршілері болуы әбден мүмкін. Айша (Оған Алла разы болсын) риуаят етеді:

عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قالت: قُلْتُ يَا رَسُولَ اللَّهِ إِنَّ لِي جَارَيْنِ فَإِلَى أَيِّهِمَا أُهْدِي؟ قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّم: «إِلَى أَقْرَبِهِمَا مِنْكِ بَابًا». رَوَاهُ الْبُخَارِيُّ.

Бірде Алла Елшісінен (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Уа, Расулалла! Менің екі көршім бар, сыйды соның қайсысына берейін?» – деп сұрағанда, «Есігі ең жақын орналасқанына,» – деп жауап берген.[4]

Жақсылық жасауға ең жақын көршінің лайықты болуының себебі әдетте ол жапсарлас көршісінің үйінде не болып жатқанынан хабардар болады. Үйге кім кіріп, кім шығып жатқандығын көреді. Қандай да бір қиыншылыққа тап болғанда да қасынан табылатын сол көршісі болмақ. Сондықтан да ол жақсылық жасауға бірден-бір лайықты көрші.

 

Көршіге қолғабыс болу.

Көмекке мұқтаж болған көршіге көмектесу ең алдымен көршінің міндеті.

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «لاَ يَمْنَعُ جَارٌ جَارَهَ أَنْ يَغْرِزَ خَشَبَهُ فِي جِدَارِهِ». مُتَّفَقٌ عَلَيهِ.

Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Сендердің біреулерің өзінің жапсарлас қабырғасына көршісінің арқалық бөренесін қоюына тыйым салмасын,» – деген.[5] Яғни егер бір зиян келмейтін болса, көршінің құрылысы үшін өз үйінің, не сарайының қабырғасын немесе дуалын тірек етуге рұқсат беруі тиіс екен.

Қазақ халқы: «Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас, жаман кісіге мал бітсе, жанына қоңсы қондырмас,» − деп көрші ақысын белден басатындарды қатты сынаған. Осыдан оның адамгершілікке де, мұсылманшылыққа да сыймайтындығын аңғару қиын емес.

 

Мұсылман адам көршіге зиянын тигізбеуі керек.

Ислам дінінде көршіге қандай да бір залал тигізіп, жамандық жасауға қатаң түрде тыйым салынған. Әбу Һурайрадан (Оған Алла разы болсын) Алланың Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп ескерткен:

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «مَنْ كَانَ يُؤْمِنُ بِاللَّهِ وَالْيَوْمِ الآخِرِ: فَلا يُؤْذِ جَارَهُ». مُتَّفَقٌ عَلَيهِ.

 «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне сенген болса, көршісіне еш зиянын тигізбесін».[6]

عَنْ أَبِي شريح رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أن النبي صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: «وَالله لا يُؤْمِنُ، وَالله لا يُؤْمِنُ، وَالله لا يُؤْمِنُ» قِيلَ وَمَنْ يَا رَسُولَ ؟ قَالَ: «الَّذِي لا يَأْمَنُ جَارُهُ بَوَائِقَهُ». رَوَاهُ الْبُخَارِيُّ.

Әбу Шурайхтан (Оған Алла разы болсын) жеткен риуаятта Пайғамбар (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Уаллоһи, ол иман келтірмеді! Уаллоһи, ол иман келтірмеді! Уаллоһи, ол иман келтірмеді!» – деп үш рет айтады. Сонда сахабалар: «Уа, Расулалла! Ол кім?» – деп сұрағанда, Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Өзінен бір зиян келмейтіндігіне көршісі сенімді болмаған жан,» – деген. [7] Яғни, өзінен бір жамандық келмейтіндігіне көршісі сенімді болмаған адам толық иман келтірген болып есептелмейді. Ондай жанның жасаған ғибадаттары мен жақсылықтарының да сауабы аз.

 

Өле жегенше, бөле же.

Әсіресе қиыншылық, жоқшылық уақыттарда көршінің жағдайына қарайласу қажет. Әнес бин Мәлік (Оған Алла разы болсын) жеткізген риуаятта Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді:

عَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «مَا آمَنَ بِي مَنْ بَاتَ شَبْعَانَ وَجَارُهُ جَائِعٌ إِلَى جَنْبِهِ، وَهُوَ يَعْلَمُ بِهِ». رَوَاهُ الْبَزَّارُ.

«Жанындағы көршісінің аш жатқандығын біле тұра өзі тоқ болып жатқан адам маған нақ иман келтірген емес,» – дейді.[8]

Сондай-ақ, Әбу Зәрр (Оған Алла разы болсын) былай дейді: «Досым Расулулла маған былай деп өсиет айтты: « Үйде ас пісірсең сорпасын мол ет. Сосын көршілеріңді ескеріп, оларға да сияпат жаса!» [9]

 

Көршімен ақылдасу.

Көршіге қандай да бір қатысы бар мәселелерде онымен ақылдаса отырып қимылдау керек. Пайғамбар (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде, тіпті, үйді, қораны сатарда әуелі қабырғалас көршісімен ақылдасуды бұйырады.

 

Кешірімділік – жақсы қасиет.

Көрші болудың қиындықтары да болады. Пенде болғаннан соң ара тұра реніштер де болмай қоймайды. Мұндай ұсақ түйектерге Алла разылығы үшін сабырлық таныту, әрі көршінің кем кетіктеріне кешіріммен қарай білу қажет. Ондай адамдарды Алла Тағаланың жақсы көретіндігі және көршісінің кесір кесапаттарынан қорғайтындығы хадистерде келеді.[10] Ислам әдебінде көрші ақысы жайында былай делінеді: «Көршілік ақысы не екендігін білемісің? Сенен жәрдем сұрағанда қол ұшын беруің, қарыз сұрап келсе көмектесуің, мұқтаждығын өтей алсаң өтеуің, ауырып қалса халін сұрауың, жақсылыққа қол жеткізсе құттықтауың, қайғыға душар болса көңіл айтуың, қайтыс болса жаназасына қатысуың, рұқсатын алмастан оған кедергі ететін құрылыс жасамауың, жақсы ас пісірген кезіңде иісімен қызықтырмай оған да ауыз тигізуің көршілік міндетің. Жеміс жидек сатып алсаң көз ақысын бер, немесе көрсетпей жегін. Балаңа да осыны үйрет...[11]

Қарбалас дүние тіршілігінің қамымен жүріп, кейде өзімізден басқаны ойлауға шамамыз келмей жатады. Қысыл-таяң шақта ауыртпашылықты бірге көтерісетін, қуансақ қызығымызды бірге бөлісетін, «алыстағы ағайыннан жақын» болатын көршілерді кейде ұмытып кетіп жатамыз. Енді біреулеріміз тіпті айналамыздағы көршілерді танымаймыз да. Көршісімен қоян-қолтық араласатын, шәй сұраса май қосып беретін, есігін жаппайтын, дастарханы жиылмайтын кең пейілді, дархан жүректі халықтың ұрпағы болуға лайықтымыз ба?

«Көршісіне зияны тиетін адам жұмаққа кіре алмайды», «Аллаға және ақырет күніне сендім деген адам көршісін сыйласын...» деген пайғамбар өсиеттерінен ұғарымыз жақсы-жаман екендігіміздің өлшемі, имандылығымыздың мөлшері де көршілерімізге деген мәмілемізден белгілі болмақ екен..

Көршімен тату болу, әрі олармен жақсы қарым – қатынаста бола білу –мұсылмандықтың  белгісі және Алланың сыны. Иманды көршің болса – сырласың, имансыз көршің болса – қу басың. Қандай да бір көршіңе ас – суыңмен ықылас білдірсең, иманы оянар. Өзің тояттанғанша, кедей көршіңе бір асым ет бер. Ал, «Отты шұқысаң өшеді, көршіні шұқысаң көшеді» дегендей, көршінің жамандығы болса төзіп, қиянаты болса сабырлық еткен дұрыс. Негізі, жаман көрші болмайды. «Өз – өзіңе бекем бол, көршіңді ұры тұтпа» деген аталарымыздың сөзі бар емес пе?

Дініміз «Көршімен тату болу» деген ұғым аясында ұлты, сенімі, нәсілі, байлығы, лауазымы, атақ – дәрежесіне қарамастан сыйласу қажеттілігін бұйырады. Саңлақ сахаба Ибн Аббастың шәкірті ұлық табиғин, ғалым хазіреті Хасан әл-Басридің имансыз бір көршісі өмір бойына оған жамандық жасап өтті. Көршісінен көрген қорлықтарына еш қарсы келместен ол шыдай білді. Күндердің бір күнінде көршісі үйінен шықпай қалды. Оның ауырғанын естіп, көңілін сұрауға үйіне кірді. Бұған таң қалған әлгі көршісі: «Мен өмір бойы саған жамандық жасаумен болдым. Солай бола тұрса да маған не үшін келдің?» – деп сұрайды. Сонда: «Менің дінім көршімен жақсы болуды бұйырады» – деген екен. Сонда ол: «Онда сенің дінің хақ екен, мен сенің дініңе кірсем, Жаратқан менің күнәларымды кешіп, жарылқап, жәннәттен орын бере ме? – деп сұрайды. Сонда: «Егер тіліңді кәлимаға келтірсең яғни «Лә иләһа илла Алла, Мухамадур Расул Алла» десең, онда орның жәннәт болады» – дейді. Көршісі: «Сен оған кепіл болып, маған қағаз жазып, дүниеден өтсем ақ кебін ішінде оң қолыма ұстат» – деп өсиет етті. Сөйтіп, көршісі екі-үш күнде дүниеден өтеді. Әлгі айтқан «Жәннәтқа барасың» деген кепіл қағазын Хасан әл-Басри өсиет бойынша орындап, кейінірек, бұған өзі қатты қиналады. Себебі, Алланың қалауы болған жәннәтіне біреуге «барасың» деп уәде беру қаншалықты күпір екендігіне қайғырады. Сол түні жатып түс көреді. Әлгі көршісінің рухы келіп: «Қияметтік көршім болған Хасан әл – Басри! Саған Алла разы болсын! Сенің себебіңмен мен мұсылман болдым. Алла жәннәттен жәй берді. Жаратқан ниетке қарап, қағазға қарамайды екен. Мә, мынау кепілдік қағазыңды өзің ал!» – дейді. Ұйқысынан оянса, әлгі қабірде, кебіннің ішіндегі мәйіттің оң қолына ұстатқан қағаз қолында болып оянады. Осыған ұқсас оқиға Хазірет Әли (ғ.с.) сахабаның басынан да өткен еді.

Адам дүниеден өткен яғни қайтыс болған үйден ас ішілмейтін жағдайда көршінің үйінде қонақасы дәмін ішуге болады. Ал, бүгінде көршімізбен ренжісіп қалған жағдайда, үйінде дәм ішілмек түгілі, тіпті қайтқанына қуанатын жағдай кездеседі. Саналы көршің сараламас, бірақ кей кездерде санасыз көрші арасы түсініспей, бірімен-бірі айқайласып, тіпті жұдырықтасып, бірінің есігін бірі ашпай жататындар да кездеседі. Көршіміздің барына тәубеде болу керек. Әлбетте, салиқалы әйел, жақсы перзенттер, адал достар, сенімді көлік, сыйлы көрші – Жаратқанның нығметтері. Сондықтан, міндетті түрде көрші ақысын білген жөн. Біріншіден, көршіңе көрген жерде бірінші болып амандас. Екіншіден, сыпайы мінез таныт. Үшіншіден, әрдайым жақсылық жаса. Төртіншіден, қуанышына ортақтас. Бесіншіден, қайғысын бөліс. Алтыншыдан, науқастанса хал – жағдайын сұра. Жетіншіден, алыс жол сапарға шықса, үй – іші мен мал – жанына бас – көз болып, қорған бол. Міне, осындай жеті көршің болып, сол жеті көрші ақысының сауабын жетпіс көрші ақысының сауабына ұласары сөзсіз.

Ел аузында жақсы көрші туралы мағыналы хикая бар. Ертеде Лұқман хакімнің бір шаһарда екі үйі болыпты. Бірі хан сарайындай үлкен болса, бірі шағын, жұпыны екен. Бір күні Лұқман хакім үйін сатып, өзге қалаға көшпек болып, үйлерін сатпақ болады. Сонда ол кең сарайлы үйін арзанға, ал лашығын қымбатқа бағалайды. Алушы түсінбей, оның мәнісін сұрайды. Лұқман хакім: – Мына үйім лашық болғанмен, көршім – жақсы адам. Ондай көршіні Алла өзі нәсіп етпесе, шаммен іздеп таппайсың. Сондықтан үйдің құнын емес, абзал көршімді қымбатқа бағаладым, – депті.

«Қоныс сайламас бұрын көршіңді сайла», «Үй алма, көрші ал» деген мәтелдер Лұқман хәкімнен қалған екен.

Имам ағзам Әбу Ханифаның маскүнем бір көршісі бар еді. Күнде дабырлап сөйлеп, жанұясына жанжал шығарып, түнімен ұйықтамай ел-жұрттың да, имамның да мазасын алатын. Сол көршісі бірде абақтыға қамалады. Имам болған мән-жайға қаныққан соң, қаланың әкіміне жолығып, көршісін босатып алыпты. Екеуі бірге қайтып келе жатқанда, өзінің бұл қылығына ұялған жігіт: “Өзіңізге жамандығы болмаса, жақсылығы жоқ адамды неге босатып әуреледіңіз?” – деп сұрапты. Сонда имам ағзам: “Жігітім, сен қандай адам болсаң да, менің көршімсің. Көршіге жақсылық жасау – мұсылмандардың міндеті. Мен өз міндетімді ғана орындадым. Қайта кешірек естіп, кештеу қамдандым ба деп өкініп келемін” – деп жауап беріпті. Мұны естіген әлгі жігіт тәубаға келіп, имамның шәкірті болған деседі. [11]

Қоңсы жайлы қазақ арасында «ұлым жақсы болсын десең, ұлы жақсымен, қызым жақсы болсын десең, қызы жақсымен көрші бол» деген сынды мақалдар бар. Демек жақсы көршінің жақсылығы жұғысты болады.

Көрші таңдау мүмкіндігі туып жатса әрине мешітпен көрші болуға тырысқан жөн. Өйткені, сол маңайда жақсы орта қалыптасып қана қоймай, күнделікті естіліп тұратын азанның дауысы құлшылыққа, ізгі амалдар жасауға итермелеп тұрады.

Асыл дініміз көрші ақысы жайында жоғарыда айтылған аят-хадистердегідей қарым-қатынасты бұйырады. Алайда қазіргі қоғамда көршімізбен қандаймыз? Көбіне көрші ақысын ескерусіз қалдырып жатамыз. Әлбетте, көпке топырақ шашудан аулақпыз тіпті айт мерекелерінің өзінде қаңыраған үй, қонақсыз дастархан болатын шаңырақтар бар. Ел өзара жарысып сәулім сарай салып, онда жақындарын шақырып береке кіргізбейді, керсінше сол қамалында тығылып отыра беретін заман болды.

Көршімен тату болсақ, қонақжай әрі жәрдемшіл болсақ бұл өмірімізге де, ақыретімізге де пайдалы болары сөзсіз. Алыстағы ағайыннан қасыңдағы көршің жақсы деген қазақ мақалы да тегін емес. Мұсылман халқы аталмыш мәселеге аса назар аударуы қажет. Мұсылманның мұсылмандығы да осы амалдан көрініс таппақ.

Алла Тағала баршамызға көршімен бауырдай болуды нәсіп етсін!

 

 

Ержан АМАНБАЕВ,

ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша Жастар бөлімінің өкілі,

«Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы.

 

  1. «Ниса» сүресі, 36-аят
    (Ибн Хажар. Фәтхул-Бәри X, 456; Суюти, Әл-Жәмиғус-Сағир I, 146.)
  2. Ахмет риуаят еткен.\
  3. Бұхари мен Мүслім риуаят еткен.
  4. Бұхари риуаят еткен
  5. Бұхари мен Мүслім риуаят еткен
  6. Бұхари риуаят еткен
  7. Әл-Баззар риуаяты.
  8. Мүслим, бирр 143
  9. Ахмад б.Ханбәл, V, 176
  10. Байхақи, Шуғаб, VII, 83; Қуртуби, V, 120-123
  11.  «Ислам және өнеге” кітабынан алынған

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру