Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Дайрабай Үркімбай: Діндарлығым тегімде...

16.09.2016 5161 0 пікір

Арал ауданы Аралқұм елді мекені мешіті

 

Қызылорда облысы, Арал аудандық мешітінің алқа мүшесі Дайрабай Жақсыбайұлы Алматыға осындағы екі ұлының отбасылық жағдайымен келген екен. Діни басқармаға арнайы соққан онымен көптен көріспеген қимас достарша құшақтасып, емен-жарқын әңгімелестік.

– Дайреке, сіз 15 жыл Арал ауданының Бас имамы қызметін атқардыңыз. Жалпы сіздің негізгі мамандығыңыз құрылыс инженері емес пе еді? Діни қызметке қалай келдіңіз?

– Рас айтасыз. Мен Жамбыл технологиялық институтының құр-ылыс факультетін бітіргенмін. Өз мамандығым бойынша құрылыс саласында көп жыл қызмет еттім. Ел тәуелсіздігін алған соң Аралға Қырғызстаннан келген ұстаздан екі ай діни сауатымды ашып, намазға жығылдым. Одан әрі Қызылорда қалалық мешітінде 7-8 ай тағы оқыдым. Өзіміздегі мешіттің имамы Талқанбай Ермұханбетовтен шәкірттермен бірге тұрақты дәріс алдым. Осы ақсақал зейнеткерлікке шығып, жамағат оның орнына мені лайық көрді. Бұл 1994
жылы еді. Үлкен жауапкершілік жүктелген соң тәуекел деп ізгі іске біржола бел шеше кірісіп, 15 жыл қызмет еттім. Бірнеше рет сараптаудан да өттім. Діни басқарманың жанындағы төрт айлық республикалық имамдардың білімін жетілдіру институтында да оқыдым.

– Жалпы әулет, отбасыңыздың дінге қатысы қалай?

– Үлкен бабам Бекбауыл кезінде діни білімді діндар болған деседі. Ол кісінің екі ұлы Үркімбай мен Риза да әке жолын жалғастырған. Үркімбай менің бабам, ал інісі Риза болса мешіт ұстаған ахун екен. Ал, өз әкем Жақсыбай ағаштан түйін түйген шебер еді. Ауыл тұрғындарының тұрмысына қажетті ағаштан сандық, кебеже, қайық, мүйізден тарақ жасаса, теріден құлақшын да тігетін. Бес уақыт намазы мен оразасын үзбеді. Бала кезімде үйімізге көбіне кешкісін сол маңайдың діндарлары жиналып уағыз айтып отыратын. Өзім ойын баласы болған соң ба, оған мән бермеппін. Әкем де қыстай қойған жоқ. Әйтсе де, жасырын кәлима қайыруды үйретіп, тілімді сындырды. Әкем түнімен Құран оқитын. Қазаннан діни кітаптар алдыртатын. Сабағымды қадағалап, дәптерімде бір қате кетсе не әріп дұрыс түспесе, оны түгел қайта көшіртетін. Содан шығар асықпай қатесіз көркем жазуға дағдыландым. Ауданның орталық мешітін көп жыл басқарғаным сол діндар ата-бабаларым мен әкемнің дұғаларының қабыл болғаны шығар деп ойлаймын. Жалпы діндарлығым тегімде шығар.

– Діни басқарманың бүгінгі жұмысы туралы пікіріңіз қандай?

– Әр дінбасы өз әл-қадірінше қызмет етті. Құдайға шүкір, дініміз біртіндеп жолға қойылуда. Әсіресе, білімді де білікті жас Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлына Алла разы болсын! Діни қызмет деңгейі әлдеқайда өсті. Діни білім беру сапасы да жоғарылады. Имамдарға қойылған 4 бағыт бойынша талаптардың орындалуына күш са-лынуда. Жалпы, күтеріміз әлі алда. Алла соған жеткізсін.

– Сіздің жолыңызды өз ұрпақтар-ыңыз жалғастырып жатыр ма?

– Құдайға шүкір, үш ұлым – Бауыржан, Жанқожа, Марат, төрт қызым – Ақмарал, Нұргүл, Ақбота, Нұрайша, әйелім – Роза, бәрі ... келіндеріме дейін намаз оқиды. Маратым болса, Шымкенттегі медресені бітірген, Қызылордадағы «Нұр» мешітінде Бас имам.

Шәкірттерім Мәжит Әбішев, Нұржан Кеңесханов және басқа да жергілікті ауыл имамдары баршылық. Мәжит өзімнен кейін аудандық мешітті бірнеше жыл басқарды, қазір Ақтөбе қаласындағы мешітте қызметін жалғастыруда. Ал, Нұржан Кеңесханов аудандық мешіттің наиб имамы.

– Қазір аудандық мешіттің алқа мүшесі ретінде нендей іс-шараларға қатысасыз?

– Аудандық мешітке Бас имам болып Съезбек Ебілханұлы деген білімді азамат келгелі діни қызмет одан әрі жанданып, уағыз-насихат күшейе түсті. Намазхандар көбейді. Аллаға шүкір, алқа мүшесі ретінде мешіттегі барлық іс-шараларға әл-қадірімше қатысып жүрмін.

– «Иман» журналы туралы пікіріңізді білдірсеңіз?

– Діни басқарманың бұл төл басы-лымының тұрақты оқырманымын. Өте ұнайды. Намазхандардың қолынан түспейді. Әсіресе, имамдар үшін аса қажет. Күнделікті уағыз-насихатына пайдаланады, одан алатыны аз емес.

– Байыпты әңгімеңіз үшін рахмет!

Сұқбаттасқан Оңғар Сапарбекұлы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру