Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Бізде айтты тойлаудың өзіндік мәдениеті қалыптасқан

10.09.2016 3729 0 пікір

 ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы

 

12 қыркүйек – Құрбан айттың бірінші күні. Бұл – күллі мұсылман қауымының асыға күткен қасиетті, айтулы мерекесі. Осындай ұлық мереке қарсаңында, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлымен сұхбаттасқан едік.

– Құрметті, Ержан қажы Мал­ғажыұлы! Келе жатқан Құрбан айт мерекесі құтты болсын! Біздің елі­мізде мұсылмандардың қос мей­рамы­ның бірі – Құрбан айт бұқа­ралық сипатқа ие бола алды ма?
– Аса қамқор, ерекше мейі­рімді Алланың атымен бастай­мын. Барша халықтың ұлық мей­рамы – Құрбан айтпен шын жү­­ректен құттықтаймын. Әрбір шаңыраққа шаттық, бірлік пен береке тілеймін. Айт мүбәрак бол­сын!
Қазір елімізде мұсылман ме­рекелері қазақы нақышта дәс­түрімізге сай тойланып келе жат­қанын сұхбаттарымда жиі айтып жүрмін. Халқымызда айтты той­лаудың өзіндік мәдениеті қалып­тасқан. Қазір осы дәстүрді қайта жаңғыртып жатырмыз. Егер бай­қасаңыз, айт күндері мешіт аула­ларына қазақ үйлер тігіледі. Ме­шіт­ке келген жамағат ақ дастар­қан­нан дәм татады. Бұдан бөлек жамағат арасында ұлттық ойын­дардан сайыстар ұйымдасты­ры­лады. Асық ату, арқан тарту, қа­зақша күрес, қол күрес, жілік сын­­дыру секілді ойын түрлері ұйымдастырылады. Жүлдегер­лерге сыйлықтар үлестіріледі.
Құрбан айт күндері об­лыс­тарда имамдардың ұйытқы бо­луы­мен көкпар, бәйге, тай жарыс, аударыспақ секілді салауатты шаралар өтеді. Жеңімпаздарға жылқы, түйе, қой, т.б. бағалы сый­лықтар беріледі. Осының бәрі, сайып келгенде, ұлық ме­рекені ұлықтаудан, бұқаралық сипатта тойлаудан туған ниет, үлкен бастама дер едім. 
– Негізінде, Құрбан сөзі «Алла­ға жақындау» дегенді білдіреді екен. Қалай ойлайсыз, біздің жұрт айттың рухын қаншалықты сезі­нуде? 
– Мен бір нәрсені айрықша атап өткім келеді. Өздеріңіз жақ­сы білесіздер, біздің халқымыз Құрбан айт мерекесінде бір күн демалады. Бұл – құрбандық шалып, ағайын-туыстың басын қосып, дастарқан жайып, айтты айрықша атап өтуге берілген үл­кен мүмкіндік. Біз мемлекеттің Ислам дініне деген осындай қам­қорлығын әрқашан айтып жүруі­міз керек. Бұл – Құрбан айттың рухын асқақтатқан парасатты шешім деп есептеймін.Мемлекет айтты емін-еркін тойлауға мүм­кіндік жасады. Қазақстан мұсыл­мандары діни басқармасы өз мүм­кіндігінің деңгейінде іс-ша­ра­ларды атқаруда. Ал Құрбан айттың отбасы деңгейінде рухын сезіндіру ісі әр адамның өзіне, оның мейрамға дайындығына байланысты деп атар едім. 
– Жыл соңында жаңа жылға қалай дайындалсақ, Құрбан айтқа да сондай құрметпен қарауымыз ке­рек қой?
– Ата-анама қандай сыйлық алсам екен? Отбасымды қалайша қуанышқа бөлеймін? Қандай қа­й­ырымды амал жасап, сауап ал­сам болады? Міне, осы сұрақтар төңірегінде көбірек ойлануымыз керек. Әсіресе бұл күні балала­рымызға көбірек көңіл бөлуіміз қажет. Айтты, мұсылмандық әдеп­ті жақсы көріп, жақсы амал­ды көкейіне түйіп өскен өскелең ұрпақ ертеңгі күні өзінің алтын қазығы – асыл дінінен, салт-дәс­түрінен алыс кетпейді. Халқымыз айтқандай, «ұяда не көрсе, ұш­қанда соны ілетін» болады. 
Бір жігіт Құрбан айт күні бала-шаға­сының көңілін ауласа керек, со­дан кейін кішкентай қызы: «Әке, енді күн сайын Құрбан айт бол­сыншы», – депті. Көрдіңіз бе? Жақ­сы нәрсені жақсы көргізу де­ген осыдан басталады. От­ба­сының бақташысы – отағасы. Отағасы отбасын ізгілікке үнде­-се, бала үлкейгенде соны қайта­лайды. Өйткені мынадай қағида бар: балаңды түзетпе – өзіңді түзет. 
– ҚМДБ тарапынан айтта жа­салатын амалдарға тоқталсаңыз. Мешіттерде шалынған малдар жоқ-жітік, жетім-жесірге жетіп жатыр ма? 
– Айттың рухын сезіндіру дегеннен шығады, биыл да айт күнінде мешіт ауласына жетім­-дер мен жесірлер, мүгедектер мен мұқтаж жандар үшін айт дастар­қаны жайылып, сыйлықтар үлес­тіріледі. Олар да мерекені сезін­сін. Сауда орындарында, қо­ғамдық орындарда – арнайы қайы­рымдылық акциялар, ойын-са­уық, іс-шаралар өткізу – жыл сайынғы дәстүріміз. 
Құрбан айт – қайырымдылық мерекесі. Бұл күні Аллаға ұнам­-ды әрбір қайырлы істің сауабы мол.
Айт – ағайын арасын жақын­дастыра түсетін, адамзат баласын имандылыққа ұйытып, қанағат пен тәубеге шақыратын ұлық мей­рам. Бұл күндері барша мұ­сыл­ман құрбан шалумен ғана емес, Ұлы Аллаға ұнамды әрбір ізгі амалы арқылы Раббысының разылығына, рақымына жақын­дай түседі. 
Мүфтият негізгі 4 бағыт бо­й­ынша жұмыстарға басымдық бе­реді. Соның бірі – қайырым­ды­лық.Биыл елімізде жергілікті ме­шіттер мен арнайы белгіленген 318 орында мал сойылады. Құр­бан айтта шалынған құрбандық еті мұқтаж жандарға үлестіріледі. Өткен жылы республика бойын­ша мешіттерде 15 308 ірі қара және қой сойылды. Шалынған құрбан­дық еті әкімдіктен алынған тізім бойынша әлеуметтік жағ­дайы төмен 23 419 отбасы мен мем­ле­кет­тік мекемелерге (қарт­тар, ба­ла­лар, мүгедектер үйі т.б) тара­тылды. Биыл осы қарқынмен қайырымдылық жасауды жоспар­лап отырмыз. 
– Биылғы 2016 жылды – «Дін және тарих тағылымы жылы» деп жариялаған бастамалары­ңыз­дан хабарымыз бар. Бұл бастама не берді, не атқарылды?
– Бүгінде жылдам ақпарат ал­масу үрдісі, оны жедел тарату про­­цесі уақыт өткен сайын көз ал­ды­мызда дамып жатыр. Жаңа­лықтың жаһандық үрдісінен шет қала ал­масымыз тағы анық. Десе де, ру­хани, мәдени медиа кеңіс­тігімізді дініміз бен дәстүріміздің, сал­ты­мыз бен ғұрпымыздың, та­ғылымға толы тарихи құндылық­тар­мен толтыру – сіз бен біздің бүгінгі борышымыз деп есеп­тей­міз. 
Халқымыздың ардақты ұл­да­ры­ның бірі Әлихан Бөкейхан: «Бұ заманның ғалымдары тарих – ең оңды мұғалім деп түсінеді. Дүние де өңге жұрттар қатарында кім қор болмаймын, тұқымым құрып қалмасын деген халық өзі­нің ше­жіресін имани дәрежеде ұғып бі­луге тиіс болады... Бұл кеуде­сінде көзі бар адам көп ойланар­лық жұ­мыс» деп мәні терең тұ­жырым айтыпты. Тарих – өткеннен үлгі, танымға таразы, тірші­лі­гіңе бағ­дар беретін құндылық. 
Осы жыл басында ҚМДБ төралқа мәжілісінің шешімімен 2016 – «Дін және тарих тағылымы жылы» деп жарияланды. Басты мақсат – тарихи тамырымызға зер салып, дін мен тарихымыз­-дың байланысын терең зерделеу. Ислам діні – ұлтымыздың басты рухани негізі, ата-бабалары­мыз ұстанған, қастер тұтқан жолы екенін қоғамға насихаттау, ұлт­тық тарихымыз бен елдік сана­мызды, ұжданды тұлғаларымыз­ды саралап, олардың өмірі мен еңбектерін жас ұрпаққа үлгі ету. Мұны – тарихи сананы қайта түлететін парасат баспалдағына жасалған игі қадам деп есептеуге болады.
Ғұламалар кеңесінің ХІ оты­рысында «Дін және тарих тағы­лымы» жылына орай жүзеге аса­тын игі жобалар мен іс-шаралар жоспары талқыланып, бекітілді. Атап айтқанда, діни һәм тарихи кітаптар шығару, Қазақстан мұ­сылмандары діни басқармасы­ның облыстардағы, аудандардағы өкілдіктерінде «Дін және тарих тағылымы» атты конферен­ция­лар, семинарлар, дөңгелек үстел­дер өткізу, ЮНЕСКО-ның 2016 жылды Яссауи жылы деп жария­лауына орай, Қожа Ахмет Яс­сауидің шығармашылығына ар­налған халықаралық конфе­­рен­ция ұйымдастыру, қазақ да­ла­сынан шыққан дін қайрат­кер­-лері мен тарихи тұлғалар ту­ралы, олар­дың діни туынды­ла­рына ар­налған деректі фильмдер мен зерт­­теу мақалалар, очерктер жа­риялау, бұқаралық ақпарат құ­ралдарында «Дін және тарих та­ғылымы» атты бағдарламалар мен хабарлар ұйымдастыру, осы бас­таманы халыққа жан-жақты на­сихаттау, т.б. игі жобаларды жү­зеге асыру туралы шешім қа­был­данды.
Жақында Діни басқарма «Дін және тарих тағылымы жылы» аясында бабаларымыздың,ақын-жырауларымыздың діни сарында жазылған мұраларын жинақтап, «Дәстүрлі Ислам жауһарлары» атты кітап шығарды. Бұл – діни орта мен зайырлы қауымды бір мүддеге біріктірген кітап болды деп айтуға болады. Бүгінде имам-молдалар тек діннің ғана емес, дәс­түрдің де насихатшысына айнал­ды. Уағыздарда ақын-жырауларымыздың тағылымды тұжырымдары, өнегелі өлеңдері қоса айтылатын болды. 
– Қажылық науқаны бастал­-ды, биыл елімізден қанша мұсыл­ман қасиетті сапарға аттанды? Мүфтияттың осы сапардағы қыз­меті қандай болмақ?
– Биыл елімізден 3 мың отан­дасымыз қажылық парызын өтеу­де. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан қажылық сапарын ұйымдастырумен айна­лысатын арнайы Қажылық мис­сия­сы құрылған. Миссия құра­мын­да уағыз-насихат тобы, дә­рі­герлер тобы, ақпараттық тү­сіндіру, т.б. жұмыс топтары бар. Аталған топ қажылыққа дайын­дық жұмыстарын, ұйымдастыру шараларын жыл бойы жүргізеді. 
Бұдан бөлек облыстық, қала­лық мешіттердің жанынан Қа­жы­лық оқыту орталықтары ашылған. Қажылыққа баруға ниет еткен адамдар осы орталықтан дәріс тыңдайды. Білімі мен тәжірибесі мол діни мамандардың кеңесін алады. Мәселен, Алматы қала­сын­дағы «әл-Мәдина» мешіті жанынан арнайы Қажылық ор­талығын аштық. Онда қасиетті Қағ­баның арнайы макеті қойыл­ған. Мақсатымыз – жамағаттың қажылыққа қатысты діни сауатын көтеру. 
Демек, қажылық рәсімдерін алдын ала білгісі келген адам ме­шіт жанынан ашылған қажылық курсынан өтіп, тек теориялық тұрғыдан ғана емес, практикалық тұрғыдан дәріс алады. Қағбаны қалай айналу керек, қажылықта қалай киіну қажет, қандай дұға­лар айту керек – осының бәрі осы курста оқытылып, қосымша ке­ңестер беріледі. 
Жуырда Діни басқарма жаны­нан арнайы Қажылық қоры құ­рылды. Мұны – 2016 жылдың үлкен жаңалығы деп айтуға бо­лады. Мақсатымыз – қажылық мәдениетін қалыптастыру. Біздің зерттеуіміз бойынша, кейбір адам­дар қажылықты табыс көзі немесе бизнес деп қабылдайды. Қажылықты бизнес деп қарау – үлкен қателік. Қажылық – ис­лам­дағы бес парыздың бірі, ұлы құл­шылық. Осыны ұмытпауымыз қа­жет. Қажылық – туристік сапар емес. Оны туризммен салыстыру дұрыс емес. 
– Ақтөбе, Алматы қалаларын­-­да болған лаңкестік әрекеттерден кейін елімізде радикалды ағым­дар мәселесі жан-жақты талқы­ланып жатыр. Сарапшылар өз­дері­нің ұсы­ныс-пікірлерін біл­діруде. Сіздің пікіріңіз қандай?
– Қолына бейбіт күнде қару алып, бейбіт адамды мақсатсыз болсын, мақсатпен болсын, қан­дай да бір талап-тілексіз болсын, талап-тілекпен болсын өлтіру – мұсылманға тән қылық емес. Олар­ды ештеңемен ақтай алмай­сыз. Оны бөліп-жарудың қажеті жоқ, олар – лаңкестер. Мүмкін жас болғандықтан, көбінің мақ­саты жоқ шығар. Бейбіт адамды өлтіру – харам екені Құранда айтыл­ған. Олар адамдар арасын­дағы мейірімге сенбейді, ізгілікке ұмтылмайды. Сөйте тұра шейіт болып, жәннаттық болуды аң­сайды. Бұл ауытқу емес деп кім айта алады?
Радикалды ағымдарға тиым салатын заң керек деген пікір жиі айтылуда. Жастарды жат ағымға елітіп әкететін иделогтарынада шара қолдану керек деп есеп­тей­мін. Бұл қадам жастарымыздың санасын кім көрінген уламауы үшін де керек. 

 
Сұхбаттасқан 
Серікбол ХАСАН

 

Дереккөз: "Айқын"

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру