Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ҒИЛЫМБЕК МӘЖИЕВ: БАУЫРЛАС ЕЛ РУХАНИЯТЫНДА ОРТАҚ ДҮНИЕЛЕР КӨП

12.07.2016 3738 0 пікір

Ғилымбек МӘЖИЕВ: Бауырлас ел руханиятында ортақ дүниелер көп

Қазақстан мен Түркия – түбі бір, тарихы ортақ бауырлас ел. Бүгінде қос мемлекеттің рухани қарым-қатынасы өз арнасып тауып, бағытын айқындады. Таяуда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы бастаған делегация Түркияда арнайы сапармен болып, дін саласындағы маңызды мәселелер жайында тәжірибе алмасып келген еді. Оқу-ағарту, қажылық істері, баспа жарияланымдары мен халықаралық байланыс жөніндегі қарым-қатынасты нығайту мақсатында өткен сапар туралы әрі діни басқарманың осы бағыттағы жұмыс жоспарымен танысу үшін ҚМДБ Аппарат басшысы Ғилымбек Жәдігерұлымен сұхбаттасқан едік.

– Ғилымбек аға, тарихы тамырлас, руханияты егіз Түркия елімен соңғы жылдары байланыс күшейген сыңайлы. Бұл сапар несімен ерекшеленді?

– Алла Тағалаға сансыз мақтаулар мен Оның елшісі Мұхаммедке салауаттар мен сәлемдер болсын. Әуелі барша мұсылман қауымын берекелі һәм қасиетті Ораза айт мерекесімен құттықтаймын. Алла Тағала ұстаған оразамызды, дұға-тілектерімізді қайырымен қабыл еткей! Барша отандастарымызға отбастарына амандық, дендеріне саулық, жұмыстарына береке тілейміз.

Баршамызға белгілі, еліміз егемендігін жариялаған сәтте небары бірер минуттан кейін Түркия Қазақстанның тәуелсіздігін мойындады. Бауырлас түрік ағайындардың бұл қадамы үлкен жайтты аңғартады. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап Қазақстан-Түркия арасында тек саяси, сауда, экономикалық байланыстар ғана емес, сонымен қатар рухани салада да әріптестік қарым-қатынас қалыптаса бастады.

Осы жылдың 3-13 мамыр аралығында бас мүфтиіміз Ержан қажы Малғажыұлы бастаған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Бөлім басшыларынан құралған делегация бауырлас елдің Анкара, Ыстамбұл қалаларында болып, ресми кездесулерге қатысып қайтты. Негізгі мақсат – жан-жақты тәжірибе алмасып, ҚМДБ жұмысын одан әрі жандандыру.

Ресми сапардың басты ерекшелігі – екі ел Діни басқармасы төрағаларының кездесуі деп атар едім. Бас мүфтиіміз Ержан қажы Малғажыұлы мен Түркия Дін істері министрлігінің төрағасы, профессор Мехмет Гөрмез мырзалар діни саланы дамыту, шәкірттер оқыту, діни мамандар әлеуетін көтеру, қажылықты ұйымдастыру жұмыстары, оқу-ағарту саласын дамыту сынды мәселелер төңірегінде бірнеше сағат сұхбаттасты.

Өзіңіз білесіз, қоғамда «бәрін кадр шешеді» деген қағида қалыптасқан. Діни саланы жетілдіріп, халыққа сапалы қызмет көрсету мәселесін сөз еткенде, бүгінгі дін қызметкерінің білімі мен тәжірибесі басты назарға алынады. Бүгінде екі ел Діни басқармалары арасындағы әріптестік келісімге сәйкес, Түркияның «Хасеки» жоғары академиясында біздің имамдарымыз білімін жалғастыруда. Осыдан үш жыл бұрын Ержан қажы Малғажыұлының ұсынысымен «Хасекиге» қабылданған 20 шәкірт оқуын тәмамдады.

«Хасеки» академиясына Қазақстандағы медресе бітірушілері 2013 жылдан бастап қабылдана бастады. Сол жылы ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының Түркияға жасаған іс-сапар барысында Түркия Дін істері министрлігінің төрағасы, бас мүфтиі Мехмет Гөрмез мырзамен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде қол жеткізілген еді. Бүгінгі бітіруші түлектер осыдан 3 жыл бұрын «егілген дәннің» жемістері деп айтуға болады.  

Осы сапар барысында біздің тарапымыздан «Хасекиге» қазақстандық шәкірттерді қабылдауды жалғастыру туралы өтініш-тілегіміз мақұлданды. Бұл Түркия сапарының басты жетістігі, негізгі ерекшелегі деп айтар едім. Сонымен қатар, ҚМДБ Бөлім басшыларының Дін істері министрлігіндегі әрбір дирекция жұмысымен жете танысып, қызметкерлермен еркін сұхбаттасуы – мол тәжірибе жинақтауға әсер етті.

Негізі Түркия мемлекетінің діни басқармасымен тығыз байланысты күшейтудегі мақсатымыз олар  құлшылық бойынша Имам Ағзам  Әбу Ханифа, ал сенім бойынша Орта Азиялық ғалым Имам Матрудидің еңбектерімен жүруі біздің ұстаныммен тура келуінде жатыр.

– Алғашқы жұмыс жоспарын қажылық мәселесінен бастадыңыздар. Қажылық ісінде Түркиядан тағылым алар дүниелер көп болар? Анкараның осы бағыттағы айырмашылығы мен артықшылықтары қандай? Қандай келісімдерге қол жетті? 

– Қажылық сапарын ұйымдастыру саласында бауырлас елдің 70 жылдан астам тәжірибесі бар. Түркияда қажыларға қызмет көрсету, оларды ортақ базаға тіркеу, қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз жүйесі жолға қойылыпты. Біз өзімізге қажетті жұмыс бағдарламаларын, кітапшаларын, бейнематериалдарын алдық. Қазір жыл сайын Түркиядан 71 мың адам қажылыққа барады. Алайда, парызын өтеуге өтініш білдірген адам саны 1 млн 700 мың. Қажылық департамент директоры Ремзи Біржанның айтуынша, әділдік болу үшін қажылар арасында жеребе тасталады екен. Ал біздің елде, Аллаға шүкір, қажыларымыз ешқандай кезексіз, ешқандай жеребесіз емін-еркін парызын өтеуде. 

Айта кетерлігі, қажылардың жартысынан астамына негізгі қызметті Түркия Дін істері министрлігі көрсетеді. Біз де осы жүйеге көшуді жоспарлап отырмыз.

Кездесу кезінде Қажылық департаментінің білікті мамандарының Қазақстанға келіп, біздің қызметкерлерге арнайы семинар-тренинг өткізуді сұрадық. Бұл ұсынысымызға олардың тарапынан оң пікір айтылды.  

– Еліміздегі дін саласындағы өзекті мәселенің бірі – діни кадр әлеуеті. Діни мамандарды даярлау және имамдардың білімін арттыру, яғни оқу-ағарту саласындағы байланыс жайында айтсаңыз...

– Біздің «Нұр Мүбәрак» университеті Түркияның бірқатар оқу орындарымен, атап айтқанда, «Эрбакан», «Мәрмара», т.б. университеттерімен қазақстандық студенттерді оқыту, тәжірибе алмасу бағыты бойынша ортақ меморандум қабылдады. Осы келісім аясында біздің имамдарымыз, студенттеріміз Түркия елінде теологиялық білім алуда. Оқу-ағарту саласындағы байланыс тек Түркиямен ғана шектеліп отырған жоқ. Мысыр, Малайзия, Татарстан сынды елдермен де осы салада тығыз қарым-қатынас орнаған.

Баршаға мәлім, Қазақстан мен Мысыр мемлекеттері басшыларының ортақ келісімімен, бірлескен бастамасымен табиғаты көркем  Алатаудың баурайынан «Нұр Мүбәрак» университеті салынып, 15 жылдан бері өз қызметін жемісті атқару үстінде. Осы оқу орнын бітірген 589 түлегіміз еліміздің мешіттері мен медреселерінде, сондай-ақ, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда да өз қал-қадірінше қызмет етуде. Діни қызметтегі мамандарымыз, университет пен медресе шәкірттері Мысырдың іргелі оқу орындарында білімін одан әрі жалғастырып, тәжірибе алысуда.

Бүгінгі күнге дейін қаншама қазақстандық жастар әл-Азһарды бітірді және оқып та жатқандары жетерлік. 9 медресеміздегі 885 шәкірт мысырлық 14 ұстаздан сапалы білім де, өнеге де алуда. 

– Түркия Дін істер министрлігі (ДИАНЕТ) діни қызмет дирекциясында уағызға жауапты 3 мың қызметкер бекітіліп, жұма уағызына 18 мың адам жұмылдырылған екен. Бұл бағытта біздегі ахуал қандай? Білікті де тәжірибелі дін мамандары мен теологтардың көрсеткіші бар ма?

– Бүгінгі таңда ҚМДБ мешіттерінде 545 жоғары білімді, 797 орта арнаулы білімді маман қызмет етуде. Бұл дін қызметкерлерінің 37 пайызын құрайды. Ал, қалған 63 пайызы арнайы курстарда білім алған. Жуырда, өздеріңіз білесіздер Қазақстанға Мысырдан жоғары лауазымды тұлғалар мен арнайы делегация келді. Делегация мүшелеріне еліміздегі бірегей «Нұр Мүбарак» университеті жанынан осы білім деңгейі арнайы курс деңгейінде қалып отырған 63 пайызды құрайтын мешіт имамдары мен молдаларының білім деңгейін бүгінгі уақыт талабына сай көтере түсу үшін қысқа мерзімді білім жетілдіру институтын ашу туралы ұсыныс айтылды. Бұл ұсынысымыз да орындалып қалады деп сенеміз.    

– ДИАНЕТ жанындағы телерадио кешеннің тыныс-тіршілігімен танысып қайттыңыздар. Ақпарат саласында болашақта қандай әріптестік жұмыс жүргізесіздер?

– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Бөлім басшылары Түркияға жасаған ресми сапары барысында бауырлас елдің Дін істері министрлігі жанындағы діни телерадио кешенінде болып, ақпарат құралдарының жұмысымен танысып, тәжірибе алмасты.

Телерадио кешеннің бас директоры Әбдірахман Әкбар ҚМДБ делегация мүшелеріне ұжымның жұмысын жан-жақты баяндады. «Диянет ТВ»-ның ашылғанына 4 жыл толған екен. Ұжымда 140 адам қызмет етеді екен. Телебағдарламалардың басым бөлігі отбасы тақырыбына, балаларға арналған.

Өткен жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының медиа орталығында жұмыс істейтін қызметкерлер Түркияның діни медиа қызметімен танысып, тәжірибе алмасып қайтқан болатын. Ол сапардың да игілігі көп болды. Қазір Діни басқарма жанында жұмыс істеп жатқан «Хикмет ТВ» телерадио студиясының қызмет ауқымын кеңейтіп, жұмысын жетілдіруді назарға алып отырмыз.

Өйткені, қазір Ислам туралы теріс ақпараттар таратылып жатқанын жақсы білесіздер. Біз барлық мүмкіндігімізді салып, осы келеңсіз жағдайды жақсылыққа қарай өзгертуге, яғни Ислам туралы дұрыс хабар таратып, оның асыл құндылықтарын насихаттауға атсалысып жатырмыз.

Болашақта баспа материалдарын шығаратын өзіміздің төл баспаханамызды ашу жоспарымызда бар.

Түркия сапары кезінде журналистерді оқыту туралы мәселе қозғалды. Яғни, Діни басқарма жанынан журналистерді оқытатын арнайы курс ашуды ойластырып отырмыз. Мақсатымыз – діни салада сауатты журналистер тобын қалыптастыру. Қазірдің өзінде ҚМДБ баспасөз бөлімінің ұйымдастыруымен Алматы қаласында ҚМДБ журналистер клубы құрылып, арнайы кездесулер тұрақты ұйымдастыру қолға алынған. Қаламгер қауымына арналған дәрісті ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімінің бас маманы, белгілі ғалым Бауыржан Әлиұлы жүргізіп келеді. Осы жобаны аймақтағы баспасөз өкілдіктерінде де жүзеге асыру ниетімізде бар.     

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Жайық НАҒЫМАШ

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру