Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

САУАБЫ САНСЫЗ САДАҚА

27.06.2016 10387 0 пікір

Ислам дінінде садақаның маңызы айырықша. Қоғамдағы экономикалық теңсіздіктер мен әлеуметтік жауапкершілікті жеңілдету барысындағы ақиқат діннің айырықша иститудының бірі де осы – садақа. Қасиетті дінімізде садақаның айырықша бір түрі бар. Ол болса, айлардың сұлтаны болған Рамазан айында берілетін пітір садақасы. Дініміздегі осы бір үкімді қалтқысыз қабыл алған халқымыз бұл садақа түрін «жан садақасы» деп атап, ата танымда айырықша маңызға ие пітір беру дәстүрін қалыптастырған.

Халқымыздың әйгілі жырауы, атақты Бұқар жырау Қалқаманұлы бабамыз өзінің жыр жолдарында :

«Алла деген ар болмас,

Хақтың жолы тар болмас.

Тар пейілді кеңімес,

Кең пейілді кемімес»,-деп, Алла жолында қолымыздың ашық болуына шақырады . Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:

وَمِمَّا رَزَقْنَاهُمْ يُنفِقُونَ

«…Өздеріне берген несібемізден нәпақа қылады (береді)»[1] деп, Өзі берген ризық-несібеден басқаларға да беру керектігін айтаса, келесі бір аятта:

قَدْ أَفْلَحَ مَنْ تَزَكَّى(14)وَذَكَرَ اسْمَ رَبِّهِ فَصَلَّى

«Әлде кім тазарса, ол кұтылды. Ол Раббыңның атын еске алып, намаз оқыды»[2]. Ислам тарихында аты алтын әріппен жазылатын кейбір тәпсірші ғалымдарымыз бұл аяттағы «Тазарса» деген сөзді Рамазан айында пітір садақасын берген адамды білдіреді десе, аяттың жалғасындағы «Ол Раббының атын еске алып» деген екі бас Ораза айт намазында тәкбір айтуды білдіретіндігін айтады. Абдулладан Ибн Хузимат Касир риуаят еткен хадисте осы аят жайында сөз болады.

Расулулладан () осы аяттың мағынасын сұралғанда, Алла Елшісі (ﷺ) бұл екі аяттың Алла Тағала пітір садақа туралы түсіргенін айтты. Пайғамбарымыз (ﷺ) айт мерекесінің алдында бір күн бұрын елге хұтпа оқып, пітір садақа берулеріне әмір еткен.

Ендеше, бұл садақаның дініміздегі маңызы айырықша құлшылықтардың бірі деуге болады. Асыл дінімізде бұл садақаның үкімі уәжіп болып саналады[3]. Сонымен қатар, хадист тағылымдарына сүйенсек, аталмыш құлшылықтың айырықша сауапты амал екенін аңғарамыз.

 

Оразаны толтырады

Бұл садақаның оразаның жаңылыс жерлері мен сауабын толықтыратыны туралы хадистеде баяндалады. Нақтырақ айтар болсақ, Алланың ақырғы Елшісінен (ﷺ) жеткен бір хадисте «Пітір садақа сәһу сәждесі сияқты, яғни сәһу сәжде намаздың жаңылысқан жеріне каффарат болса, пітір садақа тұтқан оразаның кемшіліктерінің өтеуі» -делінсе, келесі бір хадисте «Ораза тұтқан адамның оразасының сауабы пітір садақа бергенге дейін толық болмас»,-делінген[4].

Демек, пітір садақасы, кемшілікке толы пенделік ғұмырымызда тұтқан оразамыздан кеткен азды-көпті кемшіліктерді жойып, айырықша құлшылығымыздың сауабын толықтарды екен.

 

Жүз құл азат етсең де...

Пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ) пітір садақаның төлеуі ретінде Рамазаннан басқа айладарда жүз құл азат етсең де, уақытылы берілген «жан садақасының» сауабындай болмайтынын ескерткен екен.

Хазірет Осман (р.а) ұмытып кетіп пітір садақасын уақытын өткізіп алады да, есіне түскен кезде, каффараты үшін деп ниеттеніп бір құл азат етті. Бұл істен хабар тапқан Алла Расулі (ﷺ):

- Ей, Осман, сен жүз құлды азат етсең де пітір садақасының сауабын таба алмайсың»,-дейді.

Міне, көріп отырғанымыздай, пітір садақасы өз уақытында, яғни, Рамазан айының ішінде немесе Ораза айт намазына дейін берілмесе, соңынан жүз құл азат етудің өзі орынын толтыра алмайды екен

 

Айырықша он сауап

Пітір садақасының сауабы туралы сүйіншілеген хадистердің бірінде Алланың ардақты Елшісі Мұхаммед Мұстафа (ﷺ) былай деген: «Кім пітір садақасын берсе, ол пендеге Алла Тағала он жақсылық береді».

Бұған тоқталар болсақ, олар:

1. Тозақ отынан азат болар.

2. Барлық күнәларынан тазарар.

3. Тұтқан оразасы қабыл болар.

4. Ол кісіге жәннатқа кіруге уәжіп болар.

5. Алла тағала ол кісінің осы жылғы істеген істерін қабыл етер.

6. Қиямет күні Пайғамбар (ﷺ) шапағат етер.

7. Сират көпірден найзағайдай жарқ етіп өтер.

8. Тұтқан оразасы қор болмас.

9. Мизан таразысында сауап жағы басым болар.

10. Ол кісінің аты сауап кітабына жазылар.

Риясыз, Алла үшін берілген пітір садақасын берген құлына Алла Тағала осыншама сауабы мол жақсылықтар береді.

Осылайша, пітір садақасы сансыз сауаптарға қауыштырып, Алланың ризашылығына себепкер болатын амалдардың бірі болып саналады.   Сондықтан, Алла Тағала баршамызға өзі берген дәулетті өзі ризашылығы үшін жұмсап, пітір садақасын уақытында беріп, сансыз сауапқа қауышуды нәсіп етсін.

Әділ Агитаев

«Сәдуақас қажы Ғылмани»

мешітінің найб имамы



[1] «Бақара» сүресі, 3-аят

[2] «Ағла» сүресі, 14-15 аяттар

[3] Әт-Тасһил әд-Дарури, 116-118 беттер

[4]Әбдімүтәліп Сәттібайұлы; Пітір садақа туралы http://www.oraza.info

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру