
Ақтөбедегі лаңкестік жағдайды естіп, жағамызды ұстадық. Енді еңсемізді көтеріп, ел боламыз ба деп жатқанда теріс ағымның жетегіндегі жастардың бұл басбұзарлығы ешкімді бей-жай қалдырмаса керек. Ислам дінінің атын жамылған бұл қаныпезерлердің қатігездікпен кісі өлтіріп, бейбіт тұрғындарды әбігерге салғаны баршамызға қорқыныш ұялатса, бір жағынан мұндай қауіптің бұлты сейілмегенін де көрсетеді.
Сыртта жау анталап, бейбіт елімізді қалай сүріндірсек деп жанталасқа түскен шақта, өз ішімізде де дау туып, мұздай қаруланған қарақшылардың тыныштығымызды бұзғаны жайдан-жай емес. Бізге елдің бірлігі мен ынтымағы қымбат болса, мұндай қатерлерге қарсы тұру аса қажет деп ойлаймын. Мұны тек құқық қорғаушылардың иығына артып қоюға тағы болмайды. Барша қазақстандықтар бір кісідей жұмылып, бұл қатермен күресуі тиіс.
Жүздеген ұлтты бір шаңырақтың астында ұйытып отырған қазақ елі үшін бұл сын болғалы тұр. Қайтсек, елдігімізді сақтаймыз деген үміт бізді де қам-қаракет жасауға итермелейді. Тасада тұрып тас ататындармен ымырасыз күрес жүргізу қажет. Мұндай қарақшылық істерді қарудың күшімен ғана емес, идеологиялық тұрғыдағы алдын алу шараларымен де тоқтатуға болады.
Сақалдарын өсіріп, шолақ шалбар киген уахабшылар шынымен асыл дініміздің құндылықтарына бойлай бермейді. Ата-бабаларымыз ұстанып келе жатқан дінді де өздерінше бұрмалайды. Сондықтан бұған елдік деңгейде қарымды шаралар қабылдау қажет деп санаймын. Арнайы бағдарлама жасап, мұндай экстремизмнің тамырына балта шауып, түбірімен құртатын саясат та қолға алынуы тиіс.
Әрине, Ақтөбедегі жағдай жақсылықтың белгісі емес. Біз бұл оқыс оқиғаны жұртшылық болып талқылап, баға беруіміз керек. Мемлекет бұған қомақты қаржы бөліп, алдағы уақытта мұндай оқиғалар қайталанбауы үшін әрекет жасауы аса қажет. Себебі, бұл бәріміздің жан ауруымыз екенін ұмытпаған жөн.
Серік Бейсембаев,
«Ақ жол» ҚДП Ақмола облыстық
филиалының төрағасы.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
09.06.2016
4133
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру