Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Нұрбек Есмағанбет: Ислам – қараңғылықтан нұрға шығарушы дін

08.06.2016 5099 0 пікір

Соңғы уақытта қоғамда, бұқаралық ақпарат құралдарында лаңкестік әрекеттер мен жиһад мәселесі басты тақырыптардың біріне айналды. Жиһадшылар «Ислам», «Таухид» деген ұранмен діни ұстанымы толық қалыптаспаған, білімі толыспаған жастарды топтастырып, жақтастарына айналдыруда. 

Бүгінде ненің не екенін айқындап беретін қасиетті Құран мен Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистерін кейбіреулер қате түсіндіріп, бұрыс насихаттап жүр. Жиһадқа, тәкфирге, Исламды керітартпалықтың бодауына салып қоюға шақырып жүрген топтардың қатері қазіргі таңда кезек күттірмес мәселелердің бірі.

 Мұндай теріс пиғылды топтар Исламның шынайы мәніне бойлай алмай, ғапыл қалып, діннің тереңіне бара алмағандар. Олардың теріс әрекеттерінің барлығы дінді бұрмалағысы, әлемге нұрын шашып келе жатқан Исламды қараңғылық діні етіп көрсеткісі келетін сыртқы күштердің перде артынан жүргізген жасырын әрекеттерінің нәтижесі.

Міне, осындай бассыздыққа жол беріп, жымысқы саясатпен, жалған ұранмен жастардың назарын өздеріне аудартып, әлемді дүрбелеңге салып жүрген ИШИМ-нің (Ирақ, Шам ислам мемлекетінің) де көздеген мақсаты билікті мансап етуге ұмтылып жатқандығы жасырын емес. Бұл топтың қатарына ислам елдерінің емес, керісінше еуропалық азаматтардың лек-легімен қосылуы көңілге күдік ұялатуда. Осының өзінен топтың саяси ойынды қолданып, дүниелік мақсаттарды көздеп отырғанын аңғаруға болады. Ең сорақысы сол, қатарларына діни сауатсыз жастар мен адамдарды қаржылай қолдап, алдау арқылы тартулары. Ал олардың, жалған уәде мен көпірме насихаттарына алданып соңында сахарада сағым қуып шөліркеген жандай сан соғып қаларлары сөзсіз. Бірақ, ол уақытта, әрине, бәрі кеш болмақ. Бүлікшілер сол әскери топтың қатарына қосылу үшін елдерін тастап, әйел, бала-шағаларын ертіп, шекара асып кетіп жатқандар да бар. Жылы сөйлеп, арбауына түсірген лаңкестердің шынайы бет-бейнесін көргеннен кейін, елдеріне қайтуға мүмкіншілік бермейтіні тағы анық. Соны біле тұра олар өздерімен қоса аузынан ана сүті кетпеген сәбилерін де қолдарына қару ұстатып, қатыгездікке баулуда. Бұл нағыз шектен шығушылық!

Бүгінде әлем осындай топтардың зардабын болдырмау үшін тізе қосып, күш біріктіруде. Бүгінгі қоғам Ислам дінін бүлікшіл топтарға қарап емес, сан ғасыр бұрын ата-бабаларымыз қалдырған мұраға қарап баға беруі керек, сол жауһарлардан үлгі-өнеге алып, үйреніп, насихаттауға тиіспіз.

Шын мәнінде Ислам діні өркениетке, ғылым мен білімге, мейірім мен бірлікке шақыратын кемел дін. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Ислам дінін әкелген соң барлық салада өркендеу, гүлденіп даму процесі болды, ал, теріс ағымдардың насихаттап жүрген бағыты тығырыққа, күйзеліске алып келуде.  

Хәкім Абайдың: «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оған замандастарының бәрі кінәлі» дегенін және имандылыққа тәрбиелеу – ұлттық рухтың негізі, дем беруші күші екендігін естен шығармасақ қана ісіміз ілгері басады.

 Олай болса, ұлттық мінез, ұлттық жігер, ұлттық сана сезім қалыптастыру жолындағы жауапкершілікті сезініп, ел болашағының жарқын болуы үшін бүкіл ел болып айқын қадамдар жасау керек екені анық. Ұлт мүддесін алға тартқан мәдениет, өнер қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен басшылардан бастап, әр ауданның имамдары мен ауыл имамдарына дейін ұлттық тәрбие мәселелерімен айналысып, халықтың рухани өмірін жандандыруға өз үлестерін арттыра түсулері керек. Ұлттық тәрбие жолында зиялы қауымның, ұлағатты ұстаздардың, ел ағаларының, өнер қайраткерлерінің, имамдардың және тіпті, мемлекеттің әрбір азаматының да рөлі өте зор. Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл мәселеге қатысты «Сіздердің әрқайсыңыз бақташысыздар, барлығыңыз да қол астыңыздағыларға жауап бересіздер» деген өсиетін негізге алатын болсақ, ұлттың болашағы үшін әрқайсымыз жауаптымыз.

«Едіге деген ер екен

Елдің қамын жер екен...»,- деген кешегі елдік сана үрдістері қайта туындауы тиіс. Ал ондай алға бастайтын үрдіс қуатты қайдан алмақпыз, егер алдыңғы қатарлы үлгі болар тұлғаларымыз болмаса.

Әрине, өзгелерді өзгерту үшін ең алдымен өзіңді өзгерткен ләзім. Өз жан-дүниеміз бен мінез құлқымыздағы кемшіліктерді түзетпей тұрып, әлемді тура жолға салу мүмкін емес.

Ислам күллі жаратылысты мәңгілік бақытқа жетелейтін соңғы ақиқат діні. Өз астарына хикметті тұнық ойларды жасырған Ислам ақиқатынан нәр алған барша ғалам мызғымас бір заңдылыққа бағынып, жүйемен құрылған бір ізден ауытқымайтыны ақиқат. Ал, сол жүйеге қасақана қарсы шығушыларға Жалғыз Жаратушы Жаббар Хақтың азабы бары қасиетті Құранда баян етілген. 

مَن قَتَلَ نَفْسًا بِغَيْرِ نَفْسٍ أَوْ فَسَادٍ فِي الْأَرْضِ فَكَأَنَّمَا قَتَلَ النَّاسَ جَمِيعًا 

«Кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық жасамаған біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен және кім оны тірілтсе (өлімнен құтқарса), барлық адамды тірілткенмен тең деп жаздық», ­­- делінген.

Сондықтан, қаншама жазықсыз адамдардың қанын жүктеп, таза әрі пәк діннің атын жамылып өз-өздеріне қастық жасап басын қатерге тігіп жүргендердің Ислам дініне еш қатысы жоғын ақылы бар – есі бүтін әрбір адамның айырары сөзсіз.

Адам баласы ең әуелі Жаратушы Иеміздің мейірімі мен рахымынан үміт етеді. Ал, осы жақсылықтарды өзгелерге көрсетпей тұрып Алла Тағаладан мейірімін үміт етуіміз қаншалықты орынды. Ізгілік пен игілік – Пайғамбарымыздың жолы. Рақым Пайғамбары (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Жанымды құдіретімен билеп тұрған Аллаға ант етемін, сендер бір-біріңе мейірімді болмайынша, жәннатқа кіре алмайсыңдар!» - деген. Сонда сахабалар: «Уа, Алланың Елшісі! Бәріміз мейірімдіміз», - десті. Алла Елшісі: «Мейірімділік – сендер түсінгендей өзара мейірімді болуларың ғана емес, бүкіл жаратылысты құшағына алатын мейірбандық, ия, бүкіл жаратылысты құшағына алатын мейірбандық!» - деп өзгелерге зиян тигізбеуге, қиянат жасамауға шақырып және әрбір мұсылман осыған амал етуін қалаған еді...

Алла елімізді барша бүліктен Өз қорғауына алсын!

 

Нұрбек Есмағанбет, 

 ҚМДБ-ның Алматы қаласы бойынша өкіл имамы,

Алматы орталық мешітінің Бас имамы 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру