Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Өмірзақ қажы БЕКҚОЖА: НЕ ҰҚТЫҚ, НЕ ҰТТЫҚ? конференциядан түйген ойлар...

04.03.2016 4581 0 пікір

Осы жылдың 24 ақпанында Астана қаласындағы «Бейбітшілік және келісім» сарайында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Республикалық ақпараттық-насихат тобы (РАНТ) мен Жергілікті ақпараттық-ансихат тобының (ЖАНТ) жетекшілеріне арналған «Ислам және зайырлы қоғам» атты конференция өтті.

Конференция жұмысына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі Марат Әзілханов, көрнекті ғалым, қоғам қайраткері, профессор, филология ғылымдарының докторы Әділ Ахметов, ҚР Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин, ҚМДБ Ғұламалар Кеңесінің мүшелері, облыстардың Бас имамдары, Республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшелері (РАНТ), Жергілікті ақпараттық-насихат тобының (ЖАНТ) жетекшілері, ҚМДБ Сарапшылар Кеңесінің мүшелері, мемлекет, қоғам және дін қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, профессорлар, тарихшылар, қоғамдық сарапшылар, т.б. қатысты. Біз де осы басқосуға қатысып, ғалымдардың дәрісін тыңдап, одан көп ой түйдік.

Конференцияны ұйымдастырудағы негізгі мақсат – ҚМДБ қызметкерлерінің заманауи білімін жетілдіру, уағызшылар тобының кәсібилігін шыңдау, шешендік өнерді меңгеру, психологияны игеру, жастарды патриотизмге тәрбиелеу, дін мен зайырлы қоғамның үйлесімділігін арттыру, Қазақстан мұсылмандарының біртұтастығын қалыптастыру, діни радикалды идеология және олардан келетін қауіп-қатермен қоғам болып күресудің әдіс-тәсілдерін меңгеру, дінаралық татулық пен келісімді нығайту, жалпы адамзаттық рухани құндылықтарды насихаттау еді.

Конференцияда алғашқы болып сөз алған Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы: «Құдайға шүкір, еліміз егемендігін алып, еңсемізді тіктедік. Тәуелсіздік жылдарында дініміз бен тілімізді, салт-дәстүрімізді қайта жаңғырттық. Қадірін білгенге осының бәрі үлкен ғанибет, Алланың берген нығметі», – деп атап өтті.

Иә, Бас мүфти айтқандай, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 1990 жылдан бері дінімізге қызмет етіп, еліміздің бірлігі жолында жұмыс істеп келеді. Өткен жылы тұңғыш рет республикалық имамдар форумы өтіп, ел мұсылмандары мен дін қызметкерлері үшін маңызды тарихи төрт құжат қабылданды. Діни басқарманың 2020 жылға дейінгі жұмысын дамытуға арналған Тұғырнама бекітілді. Сонымен қатар, діни білім жүйесін жетілдіруге арналған арнайы Тұжырымдама қабылданды. Бұл игі жұмыстар – еліміздің діни саласындағы тарихи шаралар деп есептейміз.

«Бүгінгі конференциямыз Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойына сәйкес келіп отырғанын айрықша атап өткім келеді. Тарихымызға зер салсақ, имам қашан да бірліктің ұйытқысы болған. Имам – рухани тұлға, қоғамды тәрбиелеуші ұстаз. Құдайға шүкір, егемендігіміздің арқасында діндар қауымның да мәртебесі артып келеді», – деп сөзін жалғады Ержан қажы Малғажыұлы.

Бүгінде имамдардың діни һәм дүниеуи білімін жетілдіру мақсатында Діни басқарма тарапынан көптеген жұмыстар атқарылып келеді. Қазір Алматы қаласында Имамдардың білімін жетілдіру институты жұмыс істейді. Онда шалғайдан келген ауыл молдалары екі айлық курстан өтіп, теолог-ғалымдардың дәрісін тыңдайды. Сонымен қатар, жуырда Алматы қаласындағы «Бекет ата» мешіті жанынан имамдардың білімін жетілдіру орталығы ашылды. Айтулы шараға Бас мүфтидің өзі қатысып, ғимараттың ашылу салтанатында ХХІ ғасыр имамдарына артылған жауапкершілік жоғары екенін атап өтті.

«Діни басқарма діни білім беруді сауат ашу курсында, медреселер мен «Нұр-Мүбарак» университетінде жүйелі жүргізіп келеді. Имамдардың білімі мен біліктілігін арттыру, жетілдіру мақсатында осы орталықты ашып отырмыз. Бұл орталықтан алдағы уақытта жергілікті жамағат та діни білім алатын болады. Осы курста білім алған дін қызметкерлері еліміздің әр өңіріне барып білімін халыққа жеткізетін болады», – деді Е.Малғажыұлы.

«Ислам және зайырлы қоғам» атты конференцияда мазмұнды баяндама жасаған наиб мүфти, «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы Серікбай қажы Ораз кез-келген зайырлы мемлекетте дін жоққа шығарылмайтынын сөз етті. «Мемлекетті мекен еткен азаматтардың сенім бостандығына нұқсан келтірілмейді. Азаматтардың таңдауына сəйкес, діни ұстанымдары заңмен қорғалады. Зайырлы қоғамда ұлттар мен ұлыстар діни сенімі бойынша бөлінуіне жол берілмейді. Дінді ұстану – қоғамнан бөліну деген сөз емес. Керісінше, иманды адам қоғамның дамуына, халық арасында ізгілік, адамгершілік, бауырмалдық сынды құндылықтарды насхаттауда белсенділік танытуы тиіс. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Жақсы адам қоғамға пайдасы тиген пенде», – деген хадисі бар. Бүгінгі мұсылман жамағаты қоғамшыл, көпшіл, мемлекетшіл болуы тиіс. Көпшіл адамның қоғамға игілігі тиеді», – деді наиб мүфти С.Ораз.

Мемлекет және қоғам қайраткері Әділ Ахметов әлемде орын алып жатқан рухани, діни құбылыстарға да тоқталды. Профессор Ислам атын жамылып, адамдарға қиянат жасап жүрген топтардың әрекетін қатаң айыптып, сынады.

Расында, пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Мұсылман адам өзгеге тілімен де, қолымен де зиян тигізбейтін пенде», – деген.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі Марат Әзілханов өз баяндамасында соңғы жылдары Діни басқарма өз қызметі тарихында тың жобалар мен бастамалар көтеріп отырғанын мәлімдеді.

«Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өз тарихында тың бастама көтеріп, «Ислам және зайырлы қоғам» атты республикалық конференция ұйымдастырып отыр. Зайырлылық тақырыбын талдап түсіндіруге Діни басқарма тарапынан назар аударылуы, ел мұсылмандарын ұйыстыра білген осынау қара шаңырақтың тек діни қызмет аясымен шектеліп қалмай, өз отанының ұжданды азаматтары ретінде, қоғам өміріндегі мәні зор мәселеге үлес қосып отырғанының айғағы», – деді вице-министр.

Конференцияда Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының профессоры Мұрат Әбзелбаев«Тіл мәдениеті және сөз өнері» деген тақырыпта дін қызметкерлеріне дәріс оқыды. Профессорды конференцияға шақырудың да өзіндік мәні мен маңызы бар еді. Өйткені, халық арасында уағыз айтып, насихат жұмыстарын белсенді жүргізетін кез келген имам, ұстаз шешендік өнерді жіті меңгеруі тиіс. Бұл тұрғыда аудиторияны қалай меңгеру керек, адамдарға қалай әсер ету қажет, қандай сөздерге басымдық берген абзал, жалпы сөйлеу мәдениеті дегеніміз не, дауыс ырғағын қалай орнықтыру керек деген сауалдарға Мұрат Әбзелбаев өз дәрісінде жан-жақты жауап беріп, ғибратты, әсерлі сабақ жүргізді. Бұл дәріс те имамдар үшін пайдалы болды деп есептейміз.

ҚМДБ Баспасөз бөлімінің меңгерушісі Ағабек Қонарбайұлы «Бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс жүргізу тәсілдері» деген тақырыпта өз ойлары мен кеңестерін ортаға салды. А.Қонарбайұлы бүгінде адамзат баласы ашық ақпарат қоғамында өмір сүріп жатқанын, ақпараттың «асау толқынын» тежеу немесе оған тосқауыл болу оңай еместігін мәлімдеді. ҚМДБ өкілі сайттың немесе газеттің рейтингісін көтеру немесе оқырман санын арттыру мақсатында дін тақырыбын науқандық сипатта жазу үрдісі белең алғанын жеткізді.

Конференцияда сөз алған Ағабек Қонарбайұлы дін қызметкерлеріне мынадай ұсыныс-пікірін жеткізді:

Біріншіден, баспа құралдарына, яғни сайттарға, газет-журналдарға жазбаша түрде жауап беру қажет. Өйткені, діни мәселеде асығыс пікір білдіру, шикі шешім айту – орынсыз.

Екіншіден, электронды ақпарат құралдарына, яғни радио-телеарналарға сұхбат берместен бұрын, қойылатын сұрақтар мен күтілетін сауалдармен алдын ала танысып, жан-жақты дайындықпен барғанымыз абзал.

Үшіншіден, ресми сауалға ресми хатпен жауап беру қажет.

Төртіншіден, сұхбаттың немесе мақаланың БАҚ-қа шығатын соңғы нұсқасымен алдын-ала танысып шығуымыз тиіс.

Конференция жұмысының соңында Үндеу қабылданды.

«Біз, конференцияға қатысушылар барша мұсылман үмметін, Ислам ғалымдарын, қоғамдық сарапшыларды, жалпы халықты төл мәзһабымыздың мәртебесін көтеріп, қоғамда тыныштық орнатуға, жалпыға ортақ адамгершілік құндылықтардың насихатталуына, асыл дініміз Исламды келесі ұрпаққа дұрыс жеткізуге, ортақ мәдениетіміз бен дәстүрімізді жаңғыртуға белсенді үлес қосуға шақырамыз», – делінген Үндеу мәтінінде.

Қорыта айтқанда, Астанада өткен «Ислам және зайырлы қоғам» атты конференция тек діни саладағы мамандарға ғана емес, барша азаматтарға пайдалы дәріс болды деп айта аламыз.

Өмірзақ қажы БЕКҚОЖА,
ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша өкіл имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру