Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Имамдар білімін жетілдіру уақыт талабы

26.01.2016 4700 0 пікір

Жуырда елімізде діни білім беруді дамытудың тұжырымдамасы қабылданған болатын. Онда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының діни білім беру жүйесін қалыптастыру көзделген. 

Ислам діні – ғылым-білім діні. Ислам діні пайда болғалы мұсылмандарды ғылым-білімге шақырумен келеді. Сондықтан Қасиетті Құранның 719 жерінде ғылым, білім туралы бекер айтылмаса керек. Құранның адам баласына түсірген бірінші сөзі – «Оқы!» екені де кездейсоқтық емес.  

Ислам келгеннен кейін мұсылмандар үлкен жетістіктерге жете бастады. Алдымен Құранның ғылымға шақырған үгіті септігін тигізсе, одан кейін Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) да мұсылмандарға парыз екендігін айтып, білім алуға шақырған.

Ғылым жолындағылардың басқаларға қарағанда әлдеқайда жоғары тұратынына: «Білгендер мен білмегендер тең бола ма?», - деген Құран аяты дәлел. («Зүмәр» сүресі, 9). Әбул Әсуад: «Ғылымнан бағалы нәрсе болмайды. Өйткені сұлтандар адамдарға басшы, ал ғалымдар сұлтандарға басшы», – дейді. Ендеше кез келген ел тек ғылымға бас қойып қана дами алады. Мұхтар Әуезов бұл жөнінде «Халық қанша бай болса да уақыт өте келе бүкіл байлығы білімді халықтардың қолына өтеді», - деп дөп басқан.

Құран Кәрімде: «Уа, Раббым, менің  ғылым-білімімді артыра гөр!» деп дұға ет делінген. («Таһа» сүресі, 114-аят). Жуырда Нұр-Мүбарак университетінде ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен Республикалық имамдардың білімін жетілдіру 10 күндік курсы ұйымдастырылды. Бұл шара бекітілген тұжырымдама негізінде жүзеге асты. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 101 имам біліктілігін  арттырды.  Бұл  еліміздегі имамдардың әлеуетін көтеруде үлкен жаңалық, тың бастама болды. Сондықтан он күн бойы имамдардың уақытын пайдалы біліммен  ұштастырған Нұр-Мүбарак университеті басшылығына, ұйымдастырушыларға, дәріс оқыған ұстаздарға  арнайы алғыс айтқым келеді.

 Еліміздегі діни ахуалдың жағдайына қатысты имамдарға артылар сенім де, үміт те мол. Қазіргі жан-жақтан шабуалдаған  әр түрлі ағымдардан елді қорғап қалу жолында имамдар аянып қалмаймыз деп жігерлене түсті. Қысқа мерзімді курста имамдар маңызды пәндерді оқумен қатар қазіргі қоғамда кездесетін күрделі жайттарға қатысты мәселелердің шешімін табатын болады. Ең бастысы, имамдар Пайғамбарымыз Мұхамед Мұстафаның  (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі тұрған михрабы мен мінберін мұралап отыр, сол аманатты  абыроймен алып жүруге білімнің берер пайдасы мол. Алладан дүние және ақырет істеріміздің қайырлы болуын және білім-ғылым жолы жалғаса беруін тілейміз!

Арман Исаев

Жылыой аудандық

"Мұсылмандар" мешітінің бас имамы.

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру