Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Бас мүфти үндеуі қолдау табуда...

10.07.2015 4414 0 пікір

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫНЫҢ қасиетті Рамазан айына байланысты Үндеуімен таныстық. Осы бір көрнекті қазақ исламтанушысы, дін-парасат иесі, қадірменді басшымыздың бұл қадамын терең разылық сезіммен қабылдап отырмыз. Себебі аталмыш Үндеу Маңғыстау жамағатының жүрегіндегі ұмтылыстармен бағыттас болып, бірін-бірі қолдап жатыр.

Бас мүфтидің бірлікке шақыруының ішінде терең сыр бар, біздің өлкеміздегі ахуал да қасиетті Рамазан айында осы тұста нақты қайырымдылық істерді қажет етіп отыр. Маңғыстау жұртшылығының ораза кезінде жиі жүздесіп, бір-біріне қарайласып жүргені елдің рухани тұтастығын нығайтады, жастардың бойында болашаққа деген сенімді ұлғайтады. Етек жайып бара жатқан әлеуметтік теңсіздіктің орынын бауырмалдық басады.

Басшымыз шын мәнінде іске, ұмтылысқа, қозғалысқа үндейді. Адами қатынаста астамшылықпен күресуге, тұрмыста ысырапшылыққа жол бермеуге, жанұяда мейірім мен жауапкершілікті қатар ұстануға шақырады.

Туған жерімізде қасиетті айда атқарылуға тұражақ істердің бірі - өткен ғұламаларымызды еске алып, дұғамызға қосып отыру. Маңғыстаулық Ержан хазіретіміз, Ыбырайым ахунымыз, Төлесін молдамыз осы топырақта қандай қиын күн туса да намазынан жаңылмаған, оразасын қаза қылмаған. Осылардың өткерген әрбір күні, айтқан әрбір сөзі бүгінімізге - үлгі, ертеңімізге - жол. Осы даналарымыздың беделі дүние озған сайын артып келеді, осы әулиелеріміздің ұстанымы ғана біздерді түрлі адасу мен ауытқудан аман алып қалатынға ұсайды.

Жерлестеріміздің құтты күндерде тағы бір қатты ескеретін бағыты - бүгінгі ауыл, аудан-қалаларымыздағы имамдарымыздың абыройы, адами да имани да келбеті. Имам - біздердің бүгінгі рухани әкіміміз, рухани ақсақалымыз. Бүгінгі қазақтың шаңырағындағы имамның орыны - төр. Имамды өзіміздің мұсылмандық өміріміздегі биік орынынан көру - елдік, маңғыстаулық мұратымыз.

Бас мүфтиіміз ескертіп отырғанындай, құдайы ас беру рамазан айының талаптарына сай болғаны дұрыс.

Бас мүфти Ержан қажының мемлекетіміздің іргесінің беріктігі, ұлтымыздың санасының тазалығы жолындағы еңбектеріне Алла қуат берсін! Бүкіл ислам әлемі сынға түсіп тұрған кезде басшыларымыздың жанынан табылайық! Рамазан мүбарак болғай! 

Нияз қажы ТОБЫШ,
Ақтау қаласы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру