Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Мұхаммед пайғамбардың (ﷺ) мұсылман қоғамын құруда ұстанған ұстанымдары

06.07.2015 6404 0 пікір

Меккелік кезең

 


Алла тағала Құран-кәрімде «Сендер үшін Аллаға, Ақырет күніне үміттеніп, Алланы көп еске алғандар үшін Алланың елшісінде көркем үлгі бар", – деген.  Алла тағала бізге тек қана ақиқатты баяндайды, Алла өз елшісін барша мүмін, мұсылмандар үшін үлгі тұтар тұлға етті, яғни біз барлық ісімізде, сөзімізде Мұхаммед пайғамбарды үлгі-өнеге тұтуымыз керек.

 Мұхаммед пайғамбардың (ﷺ) пайғамбарлық келгеннен кейінгі жүріп өткен жолын үлкен екі кезеңге бөлуге болады. Біріншісі, Мекке қаласындағы кезең, екіншісі – Мәдина қаласындағы кезең.

Алғашқы кезеңде Алланың елшісі (ﷺ) мүшріктер, дінсіздер тарапынан қаншама зәбір көріп, соңына ергендердің мұсылмандық, шынайы иман иесі ретіндегі тұлғасын қалыптастыра білді. Меккеде өткізген он үш жыл ішінде ислам қоғамын құруға ат салысатын, қоғамның ісін өз жауапкершілігіне алуға әзір сахабаларды тәрбиеледі. Осы сахабалардың бойына сіңірген сипаттарға тоқталсақ. Олар:

Біріншіден, Мұхаммед пайғамбар (ﷺ) Аллаға, Оның жалғыздығына, Мұхаммед пайғамбардың елшілігіне, бүкіл өткен пайғамбарларға шынайы иман келтірген мұсылман адамның тұлғасын қалыптастырды. Аллаға иман келтірген пенде  Аллаған құлшылық ету, итағат жасау және елшісін жақсы көру ислам дінінің ажырамас бөлшегі екеніндіне шынайы сенеді.

Екіншіден, Мұхаммед пайғамбар (ﷺ) өзінің ішкі жан-дүниесін, ар-ожданын тек Алла разылығы үшін амал жасау арқылы тазалаған адамдар тобын тәрбиеледі. Олар Алла жолында, Оның разылығын іздеп бүкіл мүлкін сарп етуге әзір еді. Олар менмендіктен, тәкәппарлықтан жүректерін тазалаған, адамдарды бөліп жармай, жарлы-бай демей, басшы не қызметкер демей, түр, түсіне қарамай, олардың барлығына бірдей көрді. Ең бастысы, заңның ортақ екенін және заң алдында барлығының тең екендігін терең түсінген әділдікті сүйетін жандар еді.

Үшіншіден, Мұхаммед пайғамбар (ﷺ) ілім-білімге құштар, қоғамның қарыштап дамуының басты шарттарының бірі қоғамның әр мүшесі сауатты болу керек деп түсінген жандарға тәлім берді. Сондықтан Мұхаммед пайғамбар (ﷺ)  Бәдір шайқасында қолға түскен әрбір меккелік тұтқынға он мұсылман баласына жазу-сызуды үйрету арқылы өз бастарын тұтқындықтан құтқарып қалу мүмкіндігін берді.

Төртіншіден, Мұхаммед пайғамбар (ﷺ) Алла дініне шақыруда көркем уағыз бен даналықты басшылыққа алатын дағуатшылар толқынын тәрбиеледі. Олар өз мақсаттарына жету жолында қарсы тараптың шамына тимейтін, олардың намысын таптамайтын көркем түрде Ислам ақиқат насихатын жеткізе білді. Олар өзінің мүддесі үшін қатыгездікке, мәжбүрлеуге жол бермеді. Әділдіктен таймай, басқалардан да әділдікті талап етті. Бұл бүгінгі күнгі мұсылмандар үшін өте маңызды мәселе болып тұр.

Бесіншіден, Мұхаммед пайғамбар (ﷺ) өз мақсатына жету жолында кездесетін көптеген ауыртпалықтарға төзім білдіріп, сабыр сақтай алатын азаматтарды тәрбиеледі. Олардың осы төзімділіктері мен сабырлылықтары Аллаға деген сенімнен қуат алды.

Олар ұлы мақсат жолында өткінші пайданы көздемеді, уақытша шаттыққа алданбады. Олар Алланың өздері үшін ақыретте әзірлеген сыйы бұ дүниенің қызықтарынан сан мыңдаған есе артық әрі қайырлы екендігіне шүбәсіз сенді.

Алтыншыдан, Мұхаммед пайғамбар (ﷺ) қоғамдық мәселелерді көпке ортақ кеңесте қарастыратын, адамның еркіндігін, оның сөз бостандығын құрметтейтін, кез келген мәселеге байыппен қарап, мемлекет мүлкіне жанашырлық танытатын, көпшілік пайдасын өз пайдасынан жоғары қоятын қоғам мүшелерін тәрбиелеп шығарды. Өзінің жеке бұзауынан, қоғамның ортақ бұқасының мүддесін артық көрген, басқаларға көмектесу өзінің адамдық борышы деп білетін жанашыр жандарға үлгі-өнеге бола білді.

Жетіншіден,Әділдік пен теңдік үстемдік құрған қоғамда өмір сүру үшін қоғамның әрбір мүшесі өткен үмбеттердің өмір жолынан тәлім алып, бізге дейін өмір сүрген барша пайғамбарлар мен олардың қауымдары туралы Құран кәрімде келген ескертулерден тәлім алатын ұрпақты тәрбиелеп шығарды. Басқа қоғам мүшелерімен, басқа адамдармен, тіпті жан-жануарлармен, қоршаған ортамен қарым-қатынас жасағанда Құран кәрім ұстанымдарынан тайқымай, мызғымас беріктік танытатын ұрпақ легін дайындады.

Аталған қасиеттер бабалар армандаған қасиетті қала тұрғындарының бойынан табылу керек сипаттар. Мұхаммед пайғамбарымыз (ﷺ) сондай қасиеттерге ие қоғам мүшелерін, қасиетті қала тұрғындарын тәрбиелей алды.

Егер Мұхаммед пайғамбардың (ﷺ) Мекке қаласында өткізген өміріне зер салсақ, оның (ﷺ), ең алдымен, адам санасын тазалауға күш-қайратын жұмсағанын аңғарамыз. Адамның жаны тазармай, қоғамның өзгермейтінін ол жақсы түсінді.

Әрине, мұның барлығын оның (ﷺ) уахи арқылы біліп отырғандығында еш шүбә жоқ. Себебі Алла тағала оған үнемі тура жолды нұсқап отырды. Оған Құрандағы  «Нәжм» сүресінің «Сендердің (уа, құрайыштықтар) жолдастарың (Мұхаммед) адасып та, ауытқып та кетпеді. Һәм ол (пайғамбарлық) желікпен сөйлемейді. Ол (Құран) – тек(пайғамбарға) түсірілген уахи ғана» деген аяттар дәлел болады.

 Олай болса, біз де Алла тағаланың пайғамбарымызға (ﷺ) көрсеткен тура жолынан айнымауымыз қажет. Ол үшін Құран мен Мұхаммед пайғамбар салып кеткен сүннетті өміріміздің кез келген уақытында, қоғамның кез келген мәселесін шешуде басшылыққа алсақ жеткілікті.

Егер Мұхаммед пайғамбардың (ﷺ) Мекке қаласында өткізген өміріне зер салсақ, оның (ﷺ), ең алдымен, қоғамның әрбір мүшесімен жеке-дара тілдесіп, жұмыс жасағанын байқамыз. Ол жас-кәрі, бай-кедей, басшы-құл, ер-әйел демей, әрбір жанмен, қоғамның әр мүшесін теңдей көрді.

Егер Мұхаммед пайғамбардың (ﷺ) Мекке қаласында өткізген өміріне зер салсақ, оның (с.а.с.) өзі армандаған қоғамды орнатудан алдын адамдарды орнатқысы келетін қоғамға әзірлеп алды. Өйткені құр заңдардың күшімен сол заңды бұлжытпай орындайтын адамдарды тәрбиелеу мүмкін емес екендігін ол жақсы түсінді. Сондықтан сол заңға сенетін, оны екі етпей қабыл алатын қоғам мүшелерін даярлап алды.

Міне, Меккеде өткен он үш жыл Бір Аллаһқа ғана сенетін, Оның заңдарын бұлжытпай орындайтын және осы жолда тер төгіп қызмет етуге әзір қоғам мүшелерін дайындаумен өтті. Меккеде өткен он үш жылдық қажырлы еңбегі Мәдина қаласында ірге тепкен, данышпандар мен мемлекет қайраткерлері армандаған, үлгі тұтқан Ислам қоғамының құрылуының, пайда болуының алғы шарты қызметін атқарды. Мұхаммед пайғамбардың (ﷺ) мектебінен тәлім алған сахабалар өмір сүрген қоғам расында да адамзат тарихындағы теңдесі жоқ қоғам болып қала бермек.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Құран кәрім.

2. Сахих әл-Бұхари.

3. Сунән әл-Бәйһақи.

4. Сунан Ибн Мәжәһ.

5. Сунән әд-Дәрими.

6. Мұхаммед Сағид Рамадан әл-Бути. Фиқһ әс-сира. Бейрут: Дәр әс-Сәләм. 2012 ж.

7. Маруан Шейх әл-Ард. Әсира ән-набауия, әл-усус әд-дағауия уа әл-хадария. Дамаск: Әл-Матбаға әт-тағауния. 2003.

 

Рашид МҰХИТДИНОВ

дінтанушы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру