Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Мақсат Қуанышұлы: Оразаның сан түрлі қасиеті қандай?

05.06.2015 4782 0 пікір

Адамзат баласының болмысы рух пен тәннен тұратын күрделі жаратылыс. Адамның рухы Аллаға жақындықты, ізгілікті, жақсылық атаулыны қаласа, тәні ішіп-жеуді, ұйықтауды, арзан ойын-күлкіні қалайды. Пенденің дүниелік мақсат, мұраттары күшейіп, Алладан алыстаған сайын жанды тән басқарып, нәпсісі күшейеді. Аттай тулаған нәпсі бара-бара рухты төмендетіп, адамға өз дегенін жасатып, тіршілікке құл етеді. Нәпсіге құл болған байғұс пенде  жақсы мен жаманды, адал мен арамды айырудан қалып, жүрегі өлікке айналады. «Өлген» жүректі қалпына келтіру ұзақ рухани  ем қабылдау мен жаттығуларды қажет етеді. Ал адам баласы жылдың 12 айы бойы ішіп-жеп, нәпсісін тойдырып, жүрегін қатайтқан халден рухани тазарып, Хаққа жақындап, көкірек көзін ояту үшін берілген қасиетті Рамазан айында 30 күн ораза Ұлы Алланың мейірім бұлағы десе де болғандай. Оразаның парыз етілуін Алла Тағала қасиетті Құранда: «Әй, мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз етілді...» аяты арқылы негіздеді (Бақара, 183). Пайғамбарымыз  Мұхаммед (с.ғ.с.): «Шайтан адам баласының қан жүретін жолдарында жүреді. Сендер оның жүретін жолын оразамен бітеңдер»,-дейді (имам Бұхари мен Муслим). Яғни, нәпсіге келетін азықтың жолын жабу арқылы оны әлсіретіп, Хаққа жақындатып тәрбиелеу-әрбір мұсылманның асыл мұраты болмақ. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір шайқастан жеңіспен қайтып келе жатқанда: «Енді кіші шайқастан үлкен шайқасқа (жиһадқа) оралып барамыз!»,- деген екен. Сонда сахабалар: «Уа, Расулалла! Сонда ол қай шайқас?» деп таңдана сұрапты. Хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.): «Ол өз денеміздегі нәпсімен болатын шайқас»,- деп жауап берген. Демек, мүміннің өзінің нәпсісімен күресуі оның үлкен шайқасы. Нәпсі - жалқау, ақылға бағынбайтын асау күш, дүниеге құмар. Ол ешқашан Алланың разылығын қаламайды. Абай айтқандай, «рух - қой, ақыл - қойшы, нәпсі - қасқыр»  болғандықтан, біздің міндетіміз оны  кемелдікке тәрбиелеу,  ізгілікке  бағындыру.

Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (c.ғ.с.) рамазан туралы өз хадис-шәрифтерiнде: «Рамазан-мүбәрак ай. Ол айда Алла Тағала сендерге ораза ұстауды парыз етiп, жәннат есiктерiн айқара ашып, тозақ есiктерiн тарс жауып, жын-шайтандарды кiсендеп қойды. Ол айда мың айдан қайырлы түн бар» (Имам Насаи),-делінген. Рамазан айы-рухани тазару, нәпсіні тәрбиелеп, кемелдік кілтіне қол жеткізу айы. Рухани кемелдену айында адам рухани жағынан  даму үшін ораза ұстауы тиіс. Хазіреті Мәулана «Ораза ауыз бекіткенімен қоса,  көкірек көзінің ашылуы»,-деген. Себебі, адамның көкірек көзінің ашылуы арқылы Жаратушыны, ақиқатты тани бастайды, жүрегі тіріледі. Алланың нұры төгілген бұл айдың қадір-қасиеті ерекше. Жылына бір-ақ рет келетін, алайда әрбір минуты сауапқа тұнған  Рамазан айының қадіріне жете білуіміз қажет. Ғаламды рақым нұрына бөлеген ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Рамазан айында ораза тұтушылардың ерекше қасиеттері турасында былай дейді: «Менің үмбетіме рамазан айында бұдан бұрын ешбір үмбетке берілмеген бес түрлі қасиет берілді:

1. Ораза тұтушының аузының иісі Алланың алдында хош иісті мисктен, сөзсіз, артық болады.

2. Ауыздарын ашқанша періштелер олар үшін Алладан истиғфар тілеп тұрады.

3. Алла Тағала Рамазан айының әрбір күні жәннатын безендіріп оған: «Менің ізгі құлдарымның ауыртпалықтар мен тауқыметтерді тастап, саған кіретін күні жақын қалды»,-дейді.

4. Бұл айда жындардың біразы шынжырланып, басқа айларда істейтін нәрселерін істей алмайды.

5. Ал соңғы түні болғанда олардың (мұсылмандардың) күнәлары кешіріледі».

Сахабалар: «Уа, Расулалла! Ол түн Қадір түні ме?»-деп сұрағанда, Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Жоқ, жұмысшы да ісін толық бітірген соң өзінің сыйын алмаушы ма еді? Сол сияқты»,-деген (Имам Ахметтің Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткізген риуаятында). Ислам ғұламалары ораза айы келгенде парыз екендігін біле тұрып, еш себепсіз ораза тұтпаған адамның күнәсін  үлкен күнәға жатқызған.

Бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Айша анамызға: «Жәннаттың есігін қақ»,- дейді (яғни, біреудің үйіне кіруден бұрын бірінші есігін қақпай ма? Сол сияқты  Алла Расулы (с.ғ.с. )  әйелі Айшаға "жаннаттың есігін қақ", депті). Сонда Айша анамыз түсінбей: "Жәннаттың есігін қалай қағады?"- деп сұрапты. Оған Хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.): «Ораза ұста. Әр ораза  ұстағаның жәннаттың есігін қаққаның», -деп жауап беріпті.

Алла Тағала хадис құдусиде: «Адамзаттың барлық амалы өзі үшін, ал ұстаған оразасы Мен үшін, оның сауабын Өзім ғана білем, әжірін Өзім беремін. Өйткені, ол Менің ризалығым үшін таң атқаннан күн батқанға дейін тағамнан, ішімдіктерден және жыныстық қатынастан бас тартты», – дейді.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өз хадисінде: «Рамазан айы келгенде жәннәт есіктері ашылып, тозақ есіктері құлыпталады және шайтан шынжырлармен байланып тасталады»,-деген. Мұсылмандар бұл қасиетті айда тек ашығу ғана емес рухани тұрғыдан да кемелденеді. Ораза – жан-тәнімізді тазалап, мiнез-құлықтарды жақсартады. Үнемi Жаратушыны есiмiзге салып,  Аллаға деген  сүйіспеншілігімізді арттырып, тақуалықты күшейеді. Жүрегiмiздi лас ойлардан, кекшілдіктен, жаман сезiмдерден тазартып, харам нәрселерді жасаудан сақтандырып, адамның санасын ашады, белсенділікті арттырады.

Жалпы оразаның рухани әрі медициналық пайдаларын білеміз, алайда ең бастысы, оразаны бірАлланың бұйырған әмірі деп тек Жаратушы Иеміздің разылығы үшін  ұстауымыз қажет. Алла адамзат баласының өткені мен болашағын әрі  барлық жағдайын білгендіктен оразаны әмір еткен. Сондай-ақ Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Ораза ұстаңдар, дендерiң сау болады»,-деп түсіндірген. Ораза – пендені Аллаға жақындастыратын рухани күш әрі адам денсаулығын жақсартатын қасиетті құрал. Дәрігерлердің айтуынша, 11 ай бойы ас қорытумен шаршап, бөгiп қалған дене мүшелерi ораза кезiнде демалады екен. Тиісінше, Рамазаннан кейiн жақсы жұмыс iстейтiн көрiнедi. «1940 жылғы Нобель сыйлығының иегері, белгілі ғалым Алекс Каррел өз зерттеулерінің қорытындысында оразаның денсаулыққа пайдасын атап көрсеткен. «Ашыққанда ағза токсиндерден тазарады, адам жасарады», — деп жазған. Оразаның кезінде ағза ішкі, тері асты май, іш май, азық қоры есебінен жұмыс жасауға мәжбүр болады. Жарақаттанған, өзгеріске ұшыраған, ракқа айналған жасушаларды, бездердің ішіндегі жиналған бактериялар мен құрттарды жеуге кіріседі. Тазарумен қатар жаңадан, жас, дені сау жасушалар өндіреді, осылайша ағзадағы ісіктер мен бездер жоқ болады, сіресіп қалған тамырлар мен буындар жібиді. Ашығуды әдет қылған, 96 жасында су шаңғысымен жүзіп келе жатып, тасқа соқтығысып опат болған америкалық ғалым Поль Бреггтің ішкі ағза мүшелері 17 жастағы жігіттің денесіндей таза, жас болған».

Міне, осындай ғылыми зерттеулерге қарап отырсаңыз, Алланың бұйрығы болған оразаның адам үшін екі дүниедегі қасиеті мен пайдасына қанық боламыз. Алла адамзатқа нені бұйырса, соның негізінде мол қайыр мен нығметтің, қасиеттің жатқандығы аян. Ендеше, құрметті мұсылман қауымы, Құран айы болған Рамазан айы мүбәрак болып, иманымыз кәміл, оразамыз қабыл болсын! 

Алтыбай Мақсат Қуанышұлы,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының
Семей аймағы бойынша өкіл имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру