Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Жасұлан ҚЫДЫРБАЕВ: "Кемшілігімді жасырып, абыройымды арттырған Аллаға мадақ!"

29.04.2015 5687 0 пікір

Әссәләмуәлейкум! Алаштың абыройын асқақтатқан жеңіс сіздің ғана емес, барша қазақтың жеңісі! Айтыңызшы, жеңіске жетуіңіздің құпиясы неде? 

– Бұл – Алланың берген нығметі. Кемшілігімді жасырып, абыройымды арттырған Алла Тағалама сансыз мақтау мен шүкірлер болсын! "Құдайсыз қурай да сынбайды" дейді ғой қазағым, Алланың бұйыртқан жеңісі болды. Әуелі Алла, содан соң еңбек, жаттығудың нәтижесі деп білемін. Алақан жайып сұраған пендесінің қолын құр қайтармайтын Раббымыз менің де тілегімді қабыл етті.

Әдетте кейбір спортшылар біраз шыңды бағындырған соң, саясатқа ауысып жатады. Сіздің болашаққа деген жоспарыңыз қандай?

– Әзірге  маған саясатқа асығудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Болашақта не болатыны бір Аллаға ғана мәлім. Бірақ, өз басым саясатқа араласқым келмейді. Мемлекеттің іргесі берік болуына үлес қосу үшін билік басына бару міндетті емес. Бар болғаны әркім өз жұмысын жауапкершілікпен атқарса болды деп білемін. Себебі, мемлекетті құрайтын біз! Еден жуушы еденін тазалап жуса, мұғалім оқушыға бойындағы білімін барынша берсе, мен зілтемірші ретінде елімді танытуға күш жігерімді жұмсасам – сол менің жеңісім деп ойлаймын. Бұл міндет билікке барудан да жауапты қызмет!

Жанұяңыз жайлы айтып өтсеңіз? Бес парызын түгендеп жүргендер бар болар?

– Жанұямада әзірге мен және менің тұрмыстағы әпкем намаз оқиды. Ата-анамның намазға келуін тілеп, әрдайым дұға жасап жүремін. Келіншегім Алла қаласа сәжде жасасам деп ниеттеніп жүр. Атам намаз оқиды. Ол кісі тоқсаннан асқан, денсаулығы жоқ, төсек тартып жатса да, жатып намазын оқи береді. Атамның әрекеттерін көріп, он екі мүшеміз сау бола тұра намаз оқымауымызға сылтау да, себеп те жоқ екенін мойындай түсемін.

Намазға қалай келдіңіз? Иманды Алла бергенімен, белгілі бір нәрселер себеп болып жатады ғой?

– 2012 жылы Астана қаласына келдім. Көп ұзамай Илья Ильиннің құрамасына қосылдым. Біздің бапкерлеріміз Ержас Олтаев пен Тойшан Бектеміров деген ағаларым мені Астана қаласындағы Қазыбек деген кісімен таныстырды. Намаз оқуыма басты түрткі болған – осы кісілер. Бір отырыста Қазыбек аға маған неге үйленбей жүрсің деп сұрады. Ол кезде жасым жиырмада еді. Сол сұхбаттан кейін расында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетін орындап, иманымды толықтырайын деген шешімге келіп үйлендім. Негізі айтады ғой "бұлбұл гүлге, қарға қоқысқа апарады" деп, сол сияқты араласатын орта адамға өз әсерін тигізбей қоймайды екен. Иманды бапкерлерге жолықтырған, менің намаз бастауыма сол кісілерді себепкер қылған Аллаға сансыз шүкір!

Көп адамдар құлшылық жұмысқа кедергі келтіреді деп ойлайды. Бос уақыты жоқ адам деп сізді айтуға болады. Қалай үлгересіз?

– Бес уақыт намазды бізге Алла Тағала парыз етіп, оқуымызды бұйырды. Патшамыз бұйырса бірінші бұйрықты, одан соң өзге тірлікті істейтініміз секілді, әлемдердің Раббысы болған Алланың бұйрығын орындауда үлгермеймін деп сылтау айту қисынсыз. Жаттығу уақыты көбіне Екінті намазына сәйкес келіп қалады, сонда да арасында уақыт тауып оқып алуға тырысамын. Жоғарыда айтып өттім ғой, атам төсекте жатып оқиды деп. Оның қасында біз екі аяғымызбен жер басып жүрміз... Адамда ең бастысы ықылас пен ниеті болса, уақыт табылады. Ықылассыз адам сылтау табады. Алла иманымыздан айырмасын!

Әлеуметтік желіде үнемі тағылымды, ғибратты дүниелер жариялап жүруіңізді қалай түсіндірер едіңіз?

– Негізінен өте көп дүние салып тұрамын дей алмаймын, мүмкіндігім болғанынша мәнді-мағыналы ақпараттарды жариялаймын. Бізге еліктейтін мектеп оқушылары көп. Солардың ең болмаса біреуін намазға шақыра алсам деген ниет бар. Барлығы да Алланың разылығын іздеу ғой деп түсіндірер едім.

Спорт саласы көптеген қиындықтардан тұрады. Жарысқа шығарда қобалжуды жеңу үшін не істейсіз?

– Мен көбірек құлшылық етемін. Нәпіл намаздарын оқимын. Алдыңғы жылғы жарысқа біраз уақыт қалғанда нәпіл намаздарын арттырып, тәһәжжүдке тұрып жүрдім. Мұсылманның басты қаруы – дұға ғой. Әрдайым дұғада болдым. Сосын, қандай да бір істі бастамас бұрын "Биссимилләһпен" бастауды ұмытпаған жөн. Мен де жарысқа шығарда әрдайым Алланың атымен бастаймын.

Адамдар бір маңызды оқиғаның, мәселен үлкен деңгейдегі сайыстың алдында жанына медет болатын, жеңістің келуін жеңілдететін нәрсені айналасынан іздейді. Біреулер қасқырдың тісі жеңіс сыйлайды десе, енді біреулері фэншуй сияқты нәрселер жолымды ашады дейді. Осындай заттар адамға күш-қуат сыйлайтынына сенесіз  бе?

– Жоқ, сенбеймін. Күш-қуат беретін де, жеңіс сыйлайтын да бір Алла! Бұрын бала кезімде, 6-7 жасымда болу керек бір тұмар тағып қойған үлкендер, сол тұмар мойнымда ыңғайсыз болып, таға алмай, алып тастаған едім. Оның шариғи тыйымдарынан бейхабар болсам да, тақпай қоюымның өзі Алланың қалауы деп білемін. Жалпы қандай да бір зат, лақтырсаң сынатын, өртесең жанатын дүниелік нәрселер менің тағдырыма әсер етеді деп ойлудың өзі ақымақтық деп білемін. Құлшылыққа тек Алла ғана лайық. Керегімізді беретін де Жалғыз Жаратушы!

Болашақта қазақ жастарын, замандастарыңызды қай қырынан көргіңіз келеді?

– Мешітке барғанда өзіміз қатарлы жастардың қатары көбейгенін көріп қуанып қаламыз. Мектеп қабырғасындағы іні-қарындастарыма айтарым, ішімдік, темекі, көше төбелестері сияқты нәрселерге қызығу сендердің болашақтарыңа балта шабатын нәрсе. Біз елбасымыз арқа сүйейтіндей, сенім артатындай білікті, білімді, адал, иманды тұлға болып қалыптасуымыз керек. Болашақ қазақ елінің іргетасы бізбен қаланатын болғандықтан, замандастарымның бойынан осы қасиеттер табылғанын қалаймын. Алла елімізді бірлігімізден, басшымызды туралығынан айырмасын деген тілек бар. 

Сұхбатыңыз үшін рахмет! Алла абыройыңызды арттырсын!
asylarna.kz

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру