Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Әбдімүтәлі ДӘУРЕНБЕКОВ: ДӘСТҮРЛІ ДІН АДАМГЕРШІЛІК ИДЕЯСЫНА НЕГІЗДЕЛЕДІ

28.04.2015 5307 0 пікір

Қазақ халқы ғасырлар бойы ұстанып келген дәстүрлі Ислам діні қоғамда, мемлекетте тыныштықты, адамгершілікті, парасаттылықты дәріптейді. Алла Тағала адам баласын Құран Кәрімде: «Ол жаратылғандардың ішіндегі ең абыройлысы», – деп дәріптейді. Сондықтан, ата-бабаларымыз осы ұстанымды басшылыққа ала отырып, ұрпағын ізеттілікке тәрбиелеген. 

Халқымыз ғасырлар бойы дінді руханияттың негізі санап келді. Ұлттың рухани құндылықтары дін қағидаларымен үндесіп жатты. Ата дініміз Исламдағы адамгершілік, сыйластық, өзара құрмет, келісім, имандылық, білімге құштарлық, еңбекқорлық, отансүйгіштік сияқты асыл құндылықтар мен қасиеттер ұлтымыздың болмысында бұрыннан бар мінездермен астасып, рухани құндылықтардың қайталанбас кешенін құраған болатын. Яғни, дін руханияты дәстүрлі құндылықтарға негіз болып қаланды.

Дін дегеніміз тек сенім жүйесі емес, ол – өмір сүру мәнері, қарым-қатынас әдебі, моральдық нормалар жиынтығы, жақсы мен жаманды, адал мен арамды ажыратушы рухани қағидалар жүйесі. Дінге руханият негізі ретінде қарап, оның жасампаз құндылықтарын, рухани әлеуетін басты назарға алған жөн. Сол арқылы барлық жоғалтқанымызды түгендеп, мызғымас құндылықтар қалыптастыра аламыз. Дәстүрлі рухани құндылықтардың негізінде де дәл осы дінді руханиландыру үдерісі жатқанын ұмытпаған халықтың болшағы зор болмақ.

Дін мен дәстүр үндестігі

Дін мен дәстүр үндескенде дін дамиды, дәстүр байиды, ал ұлт діннің рухын сезініп, құндылық ретінде қабылдайды. Баршаға белгілі, Ислам діні мен қазақ салт-дәстүрлері ғасырлар бойы өзара кірігіп, ажырамастай болып тамырласып кетті. Біздің рухани құндылықтарымыз – ата дініміз бен ата дәстүріміздің терең байланысының тағылымды туындысы. Сондықтан дін мен дәстүр бірлігі – өткеніміздің тарихы, болашағымыздың кепілі.

Дәстүрлі құндылықтар – қазіргі зайырлы қоғамдардағы әлеуметтік-саяси қатынастарды реттеуші және ішкі саяси үдерістерді тұрақтандырушы негізгі фактор­лардың бірі. Бұл факторға Қазақ­стан қоғамы ғана емес, бүкіл әлемдік қоғамдастық, соның ішінде, әсіресе, тарихи тағдыры өзіміз­бен ортақ ТМД елдері баса назар аударуда. Қазір кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістікте ел тұтасты­ғын сақтау мақсатында дәстүрлі құндылықтарды жаңғыртудың қарқынды үдерісі жүруде.

Осы орайда радикалды діни ағымдар идеологиясының ең жағымсыз ықпалы дәстүрлі рухани-діни құндылықтарды ыдырату арқылы діни сананы өзгертуге тырысады. Өйткені, кез-келген жат ағым қоғамда қалып­тасқан құндылықтарды күйрету арқылы өз ықпалын жүргізуге ұмтылады. Ал бұл өз кезегінде дәстүрлі құндылықтармен бірге ішкі тұрақтылықтың әлсіреуіне алып келеді. Сондықтан ұлтты қалыптастырған адамгершілік құндылықтарын қорғау елдің ішкі тұрақтылығы мен мемлекет іргесінің бүтіндігін қорғау болып табылады. 

Дәстүрлі дін және руханият

Халық мәдениетінің рухани негізі, баға жетпес құндылығы дәстүрлі дінмен үндесіп жатыр. Шынайы дін өшпенділікке, озбырлыққа немесе алауыздыққа шақырған емес. Ислам кез келген дін өкіліне құрметпен қарайды. Ешкімді дініне, ұлтына, нәсіліне және жынысына қарап бөлмейді. Адамға адами тұрғыдан баға беріп, Алла алдында ешкім ешкімнен жоғары емес, тек тақуалық пен діндарлықта ғана дәрежелері жоғары бола алады деген сеніммен әрекет етеді. Себебі, Алла Тағала «Хужурат» сүресінің 13-аятында:  «Ей, адамзат! Сендерді Біз әуелде бір еркек, бір әйелден, бір ата, бір анадан өрбіттік. Өзара қарым-қатынас жасап, бір-бірлеріңді танысын деп түрлі ұлт пен ұлыстарға бөлдік. Алла Тағала алдындағы ең абыройлылырың тақуа болғандарың. Шын мәнінде Алла барлық нәрсені толық білуші, барлығынан толық хабардар», – деп бұйырса, бұл туралы Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Ей, адамдар! Естеріңде болсын! Раббыларың біреу, ешбір араб араб еместен, араб емес арабтан, ақтың қарадан, қараның ақтан діндарлығынан басқа ешқандай артықшылығы жоқ. Күмәнсіз, Алланың алдында ең мәртебелілерің тақуа болғандарың», деген. Осы ұстанымды басшылыққа алған мұсылмандар ежелден бері мейірімділіктің үлгісі болып келді.

Ислам дінаралық келісімді уағыздайды. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) Меккеден Мединеге көшкеннен кейін де ешкімді Исламды қабылдауға мәжбүрлемеген. Керісінше, ол адамдарға барлық басқа дін өкілдерімен жақсы қарым-қатынас жасау идеясын жеткізді. Өзінің бір хадисінде ол: «Егер сенің көршің мұсылман болмаса, оның сенде бір ақысы бар, ол – көрші ақысы. Ал егер көршің мұсылман болса, онда оның екі ақысы бар, олар – көрші ақысы мен мұсылмандық ақысы. Егер сенің көршің мұсылман және туысқан болса, онда оның саған қатысты үш түрлі ақысы бар – көршілік, туысқандық және ислам бойынша ақысы», – дейді. Осылайша, Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бізбен бірге бір қоғамда өмір сүретін әрбір адамның баршамыз сыйлауымыз тиісті болған белгілі бір құқықтары бар екенін ескертеді. Сондай-ақ, ол адам қай дінді ұстанса да біздің міндетіміз – онымен жақсы қарым-қатынаста болу.

Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын), сонымен қатар, басқа дін өкілдерінің құқығын сақтау және олармен жақсы қатынаста болу әрбір мұсылманның міндеті екенін шегелеп айтып кеткен еді. 

Әбу Ханифа мәзһабының құндылығы

Исламның қазақ даласына енген алғашқы әрі одан кейінгі кезеңдерінде дүниетанымдық көпқырлылығы, әсіресе, адамгершілік мәселелері адамның күнделікті тіршілігінде ғана емес, даланың ұлы дана ойшылдарының философиялық тұжырымдарында да көрініс тапты. Исламның ерекше мәдени жетістігін және оның диалог пен түсіністікке негізделген әлем мәдениетінің айнасы екендігін атақты бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби, одан кейін оның ізбасары, энциклопедиялық білімдар және ғылым қақпасын ашқан Ибн Сина, өзінің «тауил» теориясы арқылы Қазақстанға Матрудилік мектептің кең таралуына жол ашқан болатын.

Бұл тізбекті одан әрі қарай, қазақ даласының данагөйі, барша түркі елінің тәлімгері әрі ұстазы Қожа Ахмет Йасауи, ойшыл және әлем мәдениетінің данышпаны Абай мен оның ізбасары, ойшыл Шәкәрім шығармаларына жүгіну арқылы ашуға болады. Бұл – адамгершілік құндылықтарына негізделген дәстүрлі Исламды жеткізудегі ұрпақтар арасындағы сабақтастық.

Осылайша, қазақ мәдениеті ғасырлар бойы Құран мен сүннетке негізделген имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабы мен имам Матуриди сенім мектебінен сусындаған.

Өзінің өткен тарихындағы шынайы рухани құндылықтарды сақтаған, оларды ұрпақтан-ұрпаққа рухани мұра етіп қалдырған халықтың ғана өркениетті ел  ретінде жарқын болашағы бар. Бүгінгі аға буынның міндеті – әр түрлі жаһандық құбылыстар мен кедергілерге қарамастан, өзімізге аманат болған дәстүрлі Ислами құндылықты қаз-қалпында келер ұрпаққа мұра етіп қалдыру басты міндет.

Ал, Әбу Ханифа мәзхабы – біздің өмір салтымызбен біте қайнасып, үндесіп жатыр. Бұл діни мектептің біздің болмысымызда тамыры тереңге кетіп, ұлттық мәдениетімізбен сабақтасып кеткен. Бір сөзбен айтқанда, Әбу Ханифа мәзхабы – қазақ мұсылмандығының алтын діңгегі. Қазіргі таңда дінге бет бұру артып келе жатқан, кептелісі көп өмір жолында қазақ жастары үшін Әбу Ханифа мәзхабы – «жол бағытын реттеуші бағдаршам іспетті» десем артық айтқандық емес.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мәзхабын ұстанатын сүнниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген. Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін – Ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал», – деп, тегіннен-тегін айтпаса керек.

Ендеше, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұстанатын дәстүрлі мектебіміз Әбу Ханифа мәзхабын ұстанып, салт-дәстүрімізді дәріптеп, ғибратты ғұмыр кешу – аламгершілігіміздің, мұсылмандығымыздың белгісі. 

Әбдімүтәлі ДӘУРЕНБЕКОВ,
ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша өкіл имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру