Нұрбек ЕСМАҒАНБЕТ,
Алматы қаласының Бас имамы
Елбасының: «Терроризмді Ислам дінімен байланыстыру еш қисынсыз» деген сөзінен кейінгі ой толғам:
«Ислам – қараңғылықтан нұрға шығарушы дін»
Ислам күллі жаратылысты мәңгілік бақытқа жетелейтін соңғы ақиқат діні. Өз астарына хикметті тұнық ойларды жасырған «Ислам» сөзі бейбітшілік, амандық, тыныштық деген мағыналарды қамтыған. Осы ақиқаттан нәр алған барша ғалам мызғымас бір заңдылыққа бағынып, жүйемен құрылған бір ізден ауытқымайтыны ақиқат. Ал, сол жүйеге қасақана бұзғындық қылғандарға Жалғыз Жаратушы Жаббар Хақтың азабы әзірленгені қасиетті Құранда баян етілген.
مَن قَتَلَ نَفْسًا بِغَيْرِ نَفْسٍ أَوْ فَسَادٍ فِي الْأَرْضِ فَكَأَنَّمَا قَتَلَ النَّاسَ جَمِيعًا
«Кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық қылмаған біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен және кім оны тірілтсе (өлімнен құтқарса), барлық адамды тірілткенмен тең деп жаздық», - делінген.
Міне, Елбасы Н.Ә.Назарбаев өз сөзінде осы ақиқаттарды тілге тиек етті. Сондықтан, қаншама жазықсыз адамдардың қанын жүктеп, таза әрі пәк діннің атын жамылып өз-өздеріне қастық қылып қатерге басын тігіп жүргендердің Ислам дініне еш қатысы жоқ екенін ақылы бар адамның нақ ажыратары сөзсіз. Қазақы тілмен жеткізсек оларды қой терісін жамылған қасқыр деуге болады. Міне, осындай бассыздыққа жол беріп, жымысқы саясатпен, жалған ұранмен жастардың назарын өздеріне аудартып, әлемді дүрбелеңге салып жүрген ИШИМ-нің көздеген мақсаты да билікті мансап екені жасырын емес. Бұл топтың қатарына ислам елдерінің азаматтары емес, керісінше европалық азаматтардың лек-легімен қосылуы көңілге күдік ұялатуда. Осының өзінен топтың саяси ойынды қолданып, дүниелік мақсаттарды көздеп отырғанын аңғару қиындық келтірмейді. Ең сорақылығы қатарларына діни сауатсыз жастар мен ақшаға мұқтаж адамдарды қаржылай қолдап, алдау арқылы тартулары. Ал, олардың жалған уәдемен, негізсіз насихаттарға алданып сахарада сағымға еріп шөліркеген жандай соңында сан соғып қаларлары сөзсіз. Бірақ, ол уақытта әрине бәрі кеш болмақ. Бүлікші әскери топтың қатарына қосылу үшін елдерін тастап, әйел, бала-шағаларын ертіп, шекара асып кетіп жатқандар қаншама. Жылы сөйлеп, арбауына түсірген террорлардың шынайы бет-бейнесін көргеннен кейін, елдеріне қайтуға мүмкіншілік бермейтіні анық. Соны біле тұра олар өздерімен қоса аузынан ана сүті кеппеген сәбилерін де қолдарына қару ұстатып, қатыгездікке баулуда. Бұл нағыз шектен шығушылық. Бүгінде әлем осындай топтардың зардабын болдырмау үшін тізе қосып, күш біріктіруде. Сол арқылы әлем бойынша терроризммен күрес жүргізуді қолға алды.
Осы тұста, өз отандастарымызға, қара көз жастарымызға айтарымыз мұндай жымысқы топтардың алдауына түспей, ғасырлар бойы ананың ақ сүтімен, атаның даналығымен бізге жеткен ақиқат дініміз Исламды нық ұстанып, діни білім алып, сауаттануымыз қажет. Тамырын осы ақиқат діннің негізімен суғарған қазақы дәстүрімізді де терең меңгерудің маңыздылығы артуда. Міне, сонда ғана тар жол тайғақ кешу арқылы қол жеткізген Тәуелсіздігіміздің діңгегіне сызат түсірмесіміз анық.
Алла елімізді барша бүліктен Өз қорғанына алсын!
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
31.03.2015
4222
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру