Бүгінгі заман ғылым мен техниканың құлаш сермеп дамыған, ақпараттың аламаны, адам санасының сан қырлы табиғаты мен қабілеті қарыштап, өрісі кеңейген дәуір. Бүгінгі дін маманына жүктелген жүк өте ауыр. Бас мүфтиіміз Ержан қажы Малғажыұлы айтып өткендей, расында, ХХІ ғасыр имамын мешіт ішіндегі құлшылыққа, діни рәсімдерге қатысты амалдармен елестету өткен күннің еншісінде қалды.
Қай заманда, қай қоғамда болмасын дін ұлт тұтастығында, ел бірлігінде маңызды рөлге ие болып келген. Бүгінгі имам – ұлағатты ұстаз, тәлімі мол тәрбиеші, көңіл сырын сезіне білер психолог, сөз саптаған шешен, рухани көшбасшы болуы ләзім. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұйытқы болған І республикалық Имамдар форумы дін қызметкерінің қоғамдағы орнын айқындап, беделін арттыруда айрықша сипатқа, ерекше мәнге ие. Бұл тарихи кездесуде дін саласындағы маңызды құжаттар ел назарына ұсынылып, қабылданды.
Басты құжат Діни басқарманың тұғырнамасында мұсылманның негізгі ұстанымы, әрбір мұсылманның білуі тиісті діни мәселелері, зайырлы қоғам заңдарына мойынсұнып, мемлекеттің бағыт-бағдарына, қоғамның көшіне ілесуі, Отанды қорғау, адал еңбек етіп, отбасы, қоршаған орта, халықтың салт-дәстүр, ұстанымдарына құрмет көрсетуі сынды мәселелер қамтылған. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы бекіткен заңына сәйкес, діни сенімде Матуруди ақидасы мен құлшылықтағы мектеп Әбу Ханифа мазһабының рөлі де айқын көрсетілді.
Еліміздің көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде «Біздің басты байлығымыз – бірлігіміз» деп атап өткен еді. Осы бірлікке бірауыздан үн қосып, ұйыған тыныштығымызды тұрақты, тәуелсіздігімізді баянды етуде дін қызметкерінің атқарар қызметі мен көтерер жүгі, жауапкершілігі жеңіл емес. Халқымызда «Төртеу түгел болса төбедегі келеді..» деген тәмсіл бар. Ал қасиетті Құран кәрімнің «Әли Имран» сүресінің 103-аятында Алла тағала: «Түп-түгел Алланың жібінен бекем ұстаныңдар да бөлінбеңдер», - дейді.
Асыл дініміз ел тұтастығында, ынтымақ-бірліктің тұрақтылығында маңызды рөл атқарады. Ал дін қызметкері осы бірлікке бастап, ізгілікке үндеуде үлкен жауапкершілік арқалайды. Имамның қоғамдағы орны, қызметтік міндеті, шынайы мұсылманның келбеті Діни басқарма қолға алған бас құжаттар көтерген тақырып. Ел тұтастығы мен тыныштыққа үндеуде имамның атқарар қызметі қаншалықты маңызды болса, әрбір мұсылманның мойнындағы міндеті де мол. Мұсылман – өз дінінің айнасы, сол кіршіксіз асыл дінге шаңның тозаңындай кір түсірмей, қастерлеуі, дінін дәріптеп, ұлтын ұлықтауы парыз. Форум көтерген көп жайдың бір жаңғыры осы деп білемін.
Төлеби ОСПАН,
«Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
30.03.2015
3875
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру