Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Дінім тұрсын дін аман!

03.03.2015 5584 0 пікір

Ислам діні  қоғамды татулыққа шақырады, тыныштықта өмір сүруге жетелейді, ынтымақ пен бірлікке бастайды. Қасиетті Құран Кәрімде: «Уа, иман келтіргендер! Аллаға және Оның Елшісіне бас иіп бағыныңдар! Сондай–ақ, бір-бірлеріңмен жанжалдаспаңдар! Олай істер болсаңдар үрейге түсіп, күш - қуаттарың азаяды. Сонымен қатар сабыр етіңдер! Өйткені Аллаһ сабырлы жандармен бірге болады», - делінген. Өзара сүйіспеншілік пен қайырымдылық көрсетуге үндейтін, бөлінушілік пен дұшпандықтан сақтандыруда асыл дініміздің орны бөлек. Ал, Құран мен Пайғамбарымыздың (с.а.с) хадистері мұның айқын дәлелі.

Мәселен, Алла Тағала Құран Кәрімде бізді бірлік пен ынтымаққа шақыра отырып, былай дейді: «Барлықтарың Алланың жібіне (дініне) жармасыңдар, сондай - ақ өзара бөлінбеңдер».  Ал сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с): «Мүміндер кірпіштерден қаланған бір ғимарат іспеттес», - дей отырып біздер үшін бірлікпен ынтымақтың қашанда маңызды екендігін білдірген.

Біздің масты мақсатымыз - мемлекетіміздің тыныштығы үшін қандай теріс пиғылды орта болса да ортақ ойға, бірлікке тартуды үйрену.  Өйткені, қоғам болған соң түрлі түсініктер мен діни ағымдардың болуы табиғи құбылыс. Ол үшін Пайғамбарымыз (с.а.с) дүние салысымен - ақ түрлі ағымдардың пайда болғанын еске түсірсек жеткілікті. Тек бұл мәселені шешудің сауатты жолдарын тапқан жөн.  Бұл ретте қасиетті Құраннан және пайғам­бары­мыз Мұхаммедтің  (с.а.с) өмірінен ғибратты мы­сал­дар келтіруге болады. Мәселен, Құранда Алла Тағала: «Біз сендерді үнемі орта жолды ұстанатын қауым еттік», - дейді. Ал, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с)  «Ақиқатында дін - жеңілдік. Ендеше, дінге қатысты қарысып қалмаңыз, онда оған деген сеніміңіз азаяды. Адамдарды дұрыс бағытқа бастаңыз, оларды жақындастырыңыз және соған қуанатын болыңыз», - деп ел тыныштығын әр мұсылманға аманат еткен.

 «Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады». Бұл - тарихи заңдылық. Сондықтан, қазақ елінің бірлігі - мемлекетіміздің кілті. Қандай мемлекет болмасын, оны  еш уақытта сырттан жау алмайды. Қазақ әлсіресе, алауыздықтан әлсіреген. Қуатты, іргелі ел болса, бірліктің арқасында мойындыны идіріп, тізеліні бүктірді. Ең алдымен ел арасында бірлік, ынтымақ, сабыр мен парасат, байсалдылық керек. Отбасының берекесі шаңырағының тыныштығымен және отбасындағы татулықпен келген. Мем­лекет те сол сияқты. Ендеше, жастың да, жасамыстың да дінге қатысты байсалды да өміршең ұстанымда болуына көп болып ықпал еткеніміз абзал. Қазақ халқында бірлік пен береке жайлы «Іргесі берік елді жау алмас, аузы бір елді дау алмас», «Бірлігі бекем елдің берекесі мол болмақ», «Төртеу түгел болса төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді», «Саусақ бірікпей ине ілікпейді», «Бірлік қайда болса ынтымақ сонда», «Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп», «Екі құзғын таласса бір қарғаға жем болар», - дегендей, дана сөздер мен мақал – мәтелдер  бар. 

Мұсылмандар ешқашан бауырмалдық сезімдерін жоғалтпай, бөлінушілікке жол бермеулері қажет. Пайғамбарымыз (с.а.с) хадисінде: «Сендерге бірлік пен ынтымақта болуды, бөлінуден сақтануды насихат етемін. Өйткені шайтан жалғыз кісімен бірге, ал екі кісіден аулақ болады. Жаннаттың дәл ортасында болуды қалаған жан мұсылмандардан айырылмасын», - деген. «Жамағат дегеніміз - мейірімділік, ал бөлінушілік - азап», - деген. Қазіргі заманда адам баласы дүние - мүлік жию жарысына түсумен әлек. Бар мақсаты өзгелерден оқ бойы озық жүру немесе ешкімнен кем қалмау. Бір жағынан бұл дұрыс та шығар. Дегенмен, өкініштісі бауырмалдық, туыстық, жанашырлық сезімдері мен өзгелерге қол ұшын беру, қайырымдылық жасау сынды ұғымдар дүниеге шектен тыс талпыныстың салдарынан күн санап әлсіреп барады.

Алла Тағала адамзат баласын «Бөлінбеңдер», деп бауырмал болуға бұйырған. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) басшыға бағынып, бүлік шығармауды үгіттеуінде үлкен мән бар. Алаш арыстарының бірі Ахмет Байтұрсынұлы бабамыз: «Қазіргі заман - өткен заманның баласы, болашақ заманның атасы», - деген. Ортақ Отанымыз - Қазақстан халқының бүгінгі бірлігі мен татулығы - болашақ заман үшін үлгі - өнеге, өсиет болып қала бермек. 

Қашанда алдына айқын мақсат қоя білген елдің шығар шыңы биік болады. Олай болса өзіне алып адымды, қарышты қадамды өлшем еткен тәуелсіз Қазақстанның  алға қойған мәр­­тебелі мақсаттарының абы­роймен орындалатындығына шүбәсіз сенеміз.

Кеудесі алтын сандық, кө­не­көз қарияларымыз айтушы еді. «Бақ, қайда барасың?» - де­генде, Бақ: «Ынтымағы жа­рас­қан елге барамын!» - деп жауап берген екен. Сол ай­тыл­ғандай, бірлікке жететін бай­лық жоқ, татулыққа жететін тірлік жоқ.

Қазақта мағынасы терең, айтылуы ауыр «Адам басына бақтың қонғанын білмейді, ұшқанын біледі», - деген қанатты сөз бар. Бүгінгі босағамыздың беріктігі, шаңырағымыздың биік­тігі, түтініміздің түзулігі халқымыздың басына қонған бақ десек, сол бағымызды қадірлеп, қолда барды бағалай білейік, ағайын!

 Ауызбірлік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерлерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. Біздің елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді. Қазақстанның көпұлтты халқының татулығы, ынтымақтастығы, бейбітшілігі біздің еліміздің ең басты байлығы. Оны көздің қарашығындай сақтауға тырысуымыз керек. Біздің мемлекетіміздің басты жетістігі еліміздің халықтарының ұлтаралық және конфессияаралық келісімі, өзара түсіністігі мен сыйластығы болып табылады.

Татулығымыз бен бауырмалдығымыз, мұсылманшылығымыз бен ынтымақ -  бірлігіміз әрдайым мықты, әрі берік болғай! 

А. Данияров,
ОҚО, Шардара ауданы «Шардара» орталық мешітінің бас имамы

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру