Қазіргі кезде Қазақстанда Ислам діні бір кездегі арнасына қайта толып келеді. Тіптен жанданып, жаңа даму сатыларына өту үстінде.
Ханафидегі еркін ойшылдық ұлы даладан әлемге «Екінші ұстаз» атанған Әл-Фарабиді, Ж.Баласағұн, Ахмет Ясауи, М.Қашқари, Қадырғали Жалайыр сияқты ғұламалардың шығуына себепкер болды.
Тәуелсіздік алған жылдары басталған дінмен қауышу үдерісі 25 жыл көлемінде әлі де жалғасын тауып жатыр. Баршаға мәлім, 1990 жылы Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы (ҚМДБ) құрылды. Бұл қадам әлсіреген діни байланысты қайта жаңғырту болды.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өз жарғысы негізінде мемлекетіміздің зайырлы даму жолында Қазақстан мұсылмандарының өзге дін өкілдерімен ұлтаралық және конфессияаралық тұрақтылықты сақтаудағы отандық тәжірибені қолдай отырып 2015 жылдың 19-ақпанында ел ордасы Астанада өткен ҚМДБ – ның имамдар форумында өзінің Тұғырнамасын бекітті. Тұғырнамада мұсылманның негізгі діни ұстанымдары, білуге тиісті діни мәселелері және оның зайырлы қоғам тіршілігіне, мемлекеттің заңдары мен қоғамда қалыптасқан тәртіптерге қарым-қатынасы, білім алуға, емделуге, Отанды қорғауға, еңбек етуге, отбасына, қоршаған ортаға және ел аумағындағы халықтың салт-дәстүрлерін,ерекшеліктерін сыйлауға қатысты көзқарастары айқын көрсетіледі. ҚМДБ өз жұмысын жергілікті жерде қалыптасқан мұсылмандық дәстүрдің негізінде жүргізіп, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңында көрсетілгендей, Әбу Ханифа мазһабының бағытына, ал діни сенім мәселесі бойынша Матрудидің танымдық мектебіне толық басымдық береді.
Елбасымыздың биылғы халыққа арнаған кезекті Жолдауында: «Mәңгілік Ел – елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі. Ол – барша Қазақстан қоғамының осындай ұлы құндылығы»,- деді.
Иә, ауызбіршілік қашқан, алауыздық тасқан жерде ешқашан да жалпыұлттық идеялар жүзеге асқан емес. Қазақстанның шыққан шыңы мен бағындырған биіктерінің ең басты себебі – бірлігі мен берекесі. Дана халқымыз «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді. Алтау ала болса, ауыздағы кетеді», – деп текке айтпаған. Ұлы Жаратушымыз Қасиетті Құранда: «Түп-түгел Алланың жібінен (дінінен) бекем ұстаңдар да, бөлінбеңдер», – деген («Әли Имран» сүресі, 103-аят). Ал сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с): «Мүміндер кірпіштерден қаланған бір ғимарат іспеттес» - дей отырып біздер үшін бірлік пен ынтымақтың қаншалықты маңызды екендігін өсиет еткен.
Мешіт жамағатының Құран Кәріммен пайғамбарымыз Мұхаммет (с.ғ.с) көрсеткен дұрыс жолдан таймауына, мәзһаб пен сенімге (ақидаға) байланысты жік-жікке бөлінбеуіне, Ислам дінінің бейбітшілік пен бірлікке шақырған тура жолымен жүруге Тұғырнаманың ықпалы жоғары болады деп сенеміз.
Б.Н.Тәжімбет,
Ақтөбе қалалық орталық мешітінің Бас имамы
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
26.02.2015
4683
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру