Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ: «Форум – ел бірлігін көздейді»

19.02.2015 3745 0 пікір

Тәуелсіздік тарихына куә қазақ жұрты үшін елдің рухани-мәдени әлеуеті де әрқашан маңызды. Сан ғасырлар ата дінін салтына сіңіріп, дәстүріне айналдырған қазақ жерінде Ислам дінінің көкжиегі кеңіді, дәстүр мен дін өлшемдері ел тұрмысымен қатар өріліп келеді. Бұл орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарих баспалдақтарынан өлшеусіз еңбек пен қажыр-қайраттың нәтижесінде өтіп, толағай табыстарға қол жеткізіп отыр. Ел тарихында тұңғыш рет өткізілгелі отырған «Ислам – бейбітшілік пен келісім діні» атты республикалық имамдар форумы осы сөзіміздің дәлелі болмақ. Бұқараның басын қосқан игі шара қарсаңында ҚМДБ-ның Астана қаласындағы өкілі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлымен Діни басқарма ұйымдастырып отырған форум жайлы ой-пікірін білмекке сұхбаттасқан едік. Оқи отырыңыздар...

– Наурызбай аға, біз бүгін жасампаз қазақ елінің тарихындағы кезекті бір айтулы шара қарсаңында тұрмыз. ҚМДБ тарапынан бастау алып отырған «Ислам – бейбітшілік пен келісім діні» атты І тұңғыш республикалық имамдар форумы туралы, онда көтерілер өзекті тақырыптар жайлы пікіріңізді білсек...

– ҚМДБ тарапынан бастау алып отырған тұңғыш республикалық имамдар форумы асыл дініміздің құндылықтарын дәріптеуге, ұлттық мұраларымызды насихаттауға оң ықпал етпек. Айтулы жиында «Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасы», «Шынай мұсылманның тұлғалық келбеті», «Имамның тұлғалық бейнесі» және «Дін қызметкерінің қызметтік этикасы» сияқты маңызды құжаттар қабылданады. Бұл ел тарихында дін саласындағы айтулы кезең болғалы тұр.

Дін тақырыбы – қашанда өзекті тақырып болған. Мәселен, «Әли Имран» сүресінің 103-ші аятында Хақ Тағала былай деген: «Барлығың Хақ Тағаланың жібін ұстанып, өзара топ-топқа бөлінбеңдер» деп, мұсылмандардың топ-топқа бөлінуіне тыйым салды.Демек, дін – елдің тұтастығында, ынтымақ-бірліктің тұрақтылығында үлкен рөл атқарады. Ал, имамдар осы бірлікке шақыруда, ізгілікке үндеуде аса үлкен жауапкершілікті арқалайды. Дін мен діндар адамның қоғамдағы орны, оның қызметтік міндеті, шынайы мұсылманның келбеті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тұжырымдасында, алға қойған бағыттарында айқын көрініс тауып отыр. Қазақ топырағында сонау ғасырларда Имам ағзам Әбу Ханифа мектебі негізінде діңгегі қаланған дәстүрлі Ислам дінінің елімізде онан әрі көркейіп, дамуында Діни басқарма тарапынан қабылданар құжаттардың қосар үлесі, мән-маңызы айрықша болмақ. Елдің бірлігі, ұлттар мен ұлыстардың өзара түсіністік-жарасымы мен дінаралық диалогты нығайтуда форумның көтерер жүгі, алға қойған мақсатының салмағы да жеңіл емес.

– Қоғамдағы тыныштықты, діни тұрақтылықты әрі рухани бірлікті арттыруда имам атқарар қызметтің жөні бөлек. Осы орайда қазіргі қоғамдағы имамның орны қандай?

– Қазіргі қоғамда имамның орны өте жоғары десек қателеспеген болармыз. Ертеңгі болашағымыз саналатын бүгінгі жастар қатарының құбылаға бет бұрып, намазға жығылып жатқандығын көп байқаймыз. Имам дүние есігін ашқан сәбиге азан айтып, есім беруден бастап, халқымыздың салтына сіңіп, дәстүріне айналып кеткен жоралғыларды атқаруда, ақ некені  шариғатымызға сай қиып, ұл-қыздарымыздың қызықшылық-қуаныштарын бөлісуде, ұлтымыздың, ұлыстың мерекесіне айналған айт мейрамдарында бұқарамен бірге атап өтуде ел ортасындағы өзіндік орны бар тұлға. Және де, бұл да өмірдің заңдылығы, дүниеден өткен алыс-жақындарымыздың жаназа рәсімдерінің дұрыс орнымен атқарылуы да осы дін қызметкерлерінің мойнына жүктелген. Қуаныш-қайғысында әркез бірге болып, сабыр мен шүкірге шақырушы адам. Бір сөзбен айтқанда әрқашан елмен етене жақын тұлға деп айта аламыз. Бүгінде Аллаға мойынсұнып, құбылаға бет бұрған жастар қатары көбейіп келеді. Міне, соларға дұрыс бағыт-бағдар беру өте маңызды іс.  Имамдардың жастарды жат ағымның жетегіне жібермей, бабалар салған сара жолмен, ата дәстүрі мен шариғат шарттарына мойынсұнуға, еліміздің тыныштығына ықпал етуде өзіндік орны бар деп есептеймін. Ислам дінінің өзі бейбітшілік пен тыныштықты мақсат еткен дін ғой. Аллаһ Тағаланың: «Уа пенделерім! Мен зұлымдық етуді өзіме және сендерге харам еттім. Сондықтан да бір-біріңе зұлымдық етуші болмаңдар» деген әмірі және де ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Өзара жауласпаңдар!» деген сөзі осының айқын дәлелі. Тұтастық пен тыныштыққа насихаттау – имамның басты қызметі. Осы орайда бүгінгі қоғамда имамның алар орны айрықша деп білемін.

– Пайғамбарымыздан жеткен бір хадисте «Сендердің жақсыларың дүниесін ақыретке, ақыретін дүниеге тастап қойғандарың емес, бәлкім екі дүниенің арбасын бірдей ұстағандарың. Шын мәнінде дүние ақыретке жетелейді» дейді. Әрбір мұсылман баласының ғана емес, имамдардың да білім-біліктілігі, жан-жақтылығы – уақыт талабы. Бүгінгінің имамдары қандай болуы керек?

– Тарихқа көз салсақ, бүгінгі қарыштап дамыған білім-ғылымның қайнар көзін ашып, негізін қалап кеткен мұсылман өркениетінен шыққан тұлғалар екенін көреміз. Орта ғасырдың өзінде ғылымның сан саласында мұсылман ғалымдарының қолтаңбасы қалды. Өз топырағымыздағы көне Отырардың өзінен қаншама ғалым-ғұламалар шыққанын білеміз. Бүгінгі ғылым мен технологиялар қарыштап дамыған ғасырда бір өзі бірнеше ғылым саласын меңгерген ғалымдар некен-саяқ. Тіптен, жоқ деуге де болады. Ал сол Ислам әлемінен, шығыс өркениетінен шыққан ғалымдар бір өзі бірнеше ғылым саласында еңбек етіп, ұлы жетістіктерге жетіп, бірнеше тіл меңгерген. Мұны айтып отырған себебім – кешегі тарихтың бұл өнегесі бүгінгінің әрбір мұсылман баласына үлкен сабақ болуы тиіс. Жан-жақты, түрлі білім мен ғылым саласынан хабардар болу, әрдайым ізденісте жүру әрбір мұсылманға тән қасиет болуы тиіс. Өйткені, Құранның бірінші әмірі: «Оқы, біл, үйрен!»болса, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Білім іздену – әрбір мұсылманның міндеті» деген. Сондықтан да бүгінгі таңдағы имамның міндеті – жұртты тек намазға ұйыту ғана емес, сонымен қатар жұртшылыққа күнделікті тіршілігінде де өзіндік өнегесімен, адамгершілігімен үлгі болу. Қарапайым халыққа дінді жеткізу үшін даналыққа аса мән беру жөн. Қандай орта болмасын ортақ тіл табысу үшін, бұқарамын етене байланыста болу үшін жан-жақтылық  қажет. Анығында, Құранның өзі білім-ғылымға үндейді. Соңғы ғасырларда ғылым саласында жеткен ірі жетістіктердің түйіні мен шешімі – осы қасиетті Құран кәрімде, Алла елшісі Мұхаммед Мұстафаның (с.ғ.с.) хадис-шәріптерінде осыдан 14 ғасыр бұрын баяндалғанын әлем ғалымдары мойындауда. Кешегі «Дін – ғылымның атасы» деген ақиық ақын Мұқағалилар да осыны меңзеген. Білімнің екі дүниенің шырағы екенін имамдық қызметтегі азаматтар тереңірек түсінетініне шүбәм жоқ.

– Осы ретте айта кетсек артық емес, діни басқарма республикамыздың барлық өңіріндегі дін қызметкерлерін аттестациялау жұмысын да бір жүйеге келтірді. Дін талаптары ашық көрсетілді. Ал алдағы форум бізге не береді және ҚМДБ қойған үдеден шығу үшін имамдардың басты міндеті қандай болмақ?

– Иә, қай салада болмасын, талап пен тәртіп, қызметке адалдық ең маңызды нәрселер. Ал, дін саласы, өзіңіз де білесіз, өте күрделі әрі нәзік. Тоқсаныншы жылдары діни ахуалдың төмен болуы, рухани иммунитетіміздің әлсіздігі, дін мамандарының жетіспеушілігі, олардың білім-біліктілігінің кемшін түсуі заңды дүние. Бүгінде тәуелсіздігіміздің қол жеткізген көптеген жетістіктерінің, ел руханиятына ден қоюының нәтижесінде  дін саласы жанданып, күш-қуаты артып келеді. Бұл ретте діни басқарманың 20 жыл ішінде жүргізген жұмыстарының өзі бір төбе екенін айта кеткен жөн. Тұңғыш рет өткізілгелі отырған Форум да осы ұзақ жылдар жасалған еңбектің жемісі. Бүгінде осындай баспалдақтардан өтіп, діни кадрларға қойылар талап та күшейді. Бұл да заңдылық. Халқымыздың рухани иммунитеті де өсіп, діни сенімі бекіді. Бұл жағдайда имамдардың біліктілігі, дін саласының терең маманы болуы – ең бірінші шарт. Діни басқарма қояр басты талаптың білімнен бастау алып, дін қызметкерлерін аттестациялауы осы мақсатты көздейді. Ал, алдағы форум бізге, дін қызметкерлерінің жауапкершіліктерін сезіндіріп, халықпен етене жұмыс жасауымызға сеп береді. Дін саласын дамытуда тың ойлар айтылады.

ҚМДБ қойған үдеден шығу үшін имамдардың басты міндеті – бірлік. Асыл дініміз«Тәңірдің рахметі - ауызбірлікте» десе, дана қазақ «жұмыла көтерген жүк – жеңіл» деген. Сол бірлікке жету үшін әуелі басшылыққа бағыну керек. Сонда ғана дініміз көркеймек. Форумнан күтеріміз де, одан алар жауапкершілік пен міндеттеріміз де жетерлік. Міндет – ел бірлігіне, ұлт тұтастығына қызмет қылу. Осы нәрсені әрбір дін қызметкері жете сезінсе, ел ертеңіне деген сенімімізге де селкеу түспейді. Алла лайым елімізді осы бірлігінен, ынтымағынан ажыратпасын. Халық мүддесі үшін қызмет етер әрбір ел азаматтарына амандық бергей. Әумин!

– Әңгімеңізге рахмет. 

Сұхбаттасқан,
Жайық НАҒЫМАШ

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру