Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Намаз – дiннің тірегі

05.02.2015 7935 0 пікір

Намаз – Ислами ғибадаттардың алғашқы сатысы, діннің дінгегі, иманның нұры, мүміндердің миғражы болған ерекше құлшылық.

Намаздың терминдік мағынасы – «тәкбірмен басталып, сәлеммен аяқталатын арнайы әрекет пен сөздерден тұратын құлшылық.

Намаз – құлды Раббысының разылығына бөлейтін ғибадат көздерінің ең үлкені және ең маңыздысы екені сөзсіз. Өйткені, намаз қамтыған мазмұны мен дәрежесі тұрғысынан бүкіл ғибадаттардың шыңы, асылы. 

Құран мен Сүннеттің аясында бүкіл Ислам үмметі бір күнде бес уақыт намаздың парыз болғаны турасында ижма жасаған. Яғни бәрі бір пікірде.

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Адамзатты, жындарды тек Маған құл болсын деп қана жараттым» - деп Зәрият сүресінің 56-шы аятында баяндап, адамның Аллаға құл бола алатындай жаратылыс пен қабілетке ие екендігін, сондай-ақ оның құл болуға аса мұқтаж екендігін білдіреді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Алла Тағаланың құлдарына парыз еткен бес уақыт намаз бар. Кімде-кім бұларға салғырт қарамай, ақысымен толық орындайтын болса, Алла Тағала ондай пендені жаннатқа кіргізетініне уәде еткен сөзі бар. Ал кімде-кім бұларды орындамайтын болса, Алла Тағаланың ондай пенделеріне берген ешқандай уәдесі жоқ. Алла қаласа азаптайды, қаласа жаннатқа кіргізеді». (Имам Малик

Ибн Омардан (р.а)  риуаят етілгені бойынша Хазіреті Пайғамбар (с.ғ.с.) былай деген: «Ислам бес нәрсеге негізделген: Алладан басқа тәңірдің жоқтығына, Мұхаммедтің (с.ғ.с.) Алланың елшісі болғанына куәлік ету, намаз оқу, зекет беру, қажылыққа бару, рамазан оразасын ұстау». (Бұхари, Иман, 1, 2)

Ал Әнәс (р.а)  риуаят еткен хадисте былай деген: «Миғраж түнінде Хазіреті Пайғамбарға елу уақыт намаз парыз болды, сосын азайтылып, беске түсті, сосын мынадай дауыс естілді: «Ей Мұхаммед! Менің алдымда сөз өзгермейді. Осы бес уақыт намаз үшін саған елу уақыт намаздың сауабы беріледі».(Термизи,Саләт, 45)

Намаз – Алланың берген сансыз нығметтеріне шүкірлігіміздің көрсеткіші. Намаз – Алла мен құлдың арасындағы байланыс. Бұл байланыс діннің тірегі мен негізі. Бес уақыт намазды шарттарына сай және уақытында оқыған адамның үлкен күнәлардан аулақ болса, басқа күнәларының кешірілетіндігі аятпен, хадистермен білдірілген. Құран Кәрімде былай делінеді. «(Ей, Мұхаммед!) Өзіңе уахи етілген кітаптан (Құраннан) оқы және (рүкундарын толықтап) намаз өте! Расында, намаз жиіркенішті істерден, жамандықтан тыяды. Алланы еске алу – (басқа құлшылықтың бәрінен) ұлы. Алла сендердің барлық істеріңді біліп тұрады». (Анкәбут, 29\45)

«Расында, мүминдер (Алланың қаһарына ұшыраудан) құтылды. Олар – намаздарында именіп (хушуғ халінде) тұратындар». (Мүминун, 23\1-2)

Хазірет Пайғамбар (с.ғ.с.) хадистерінде былай деп баяндаған: «Сендердің біреуіңнің есігіңнің алдынан өзен ағып жатып, сол өзенге күн сайын бес рет жуынса, онда кір дейтін ештеме қала ма?

 - Жоқ, қалмайды – десті.Сонда Рсулуллаһ (с.ғ.с.)

 - Бес уақыт намаз да сол сияқты. Судың кірді жойғанындай, намаз да күнәләрды жояды, – деді. (Бухари,Мәуақит,6

Намаздың үлкен күнәләрдан басқа  кішкене күнәләрға кәффәрат (төлем) болатындығы хадисте былай баяндалады: «Үлкен күнәләрды істемесеңдер, бес уақыт намаз өз аралығындағы, жұма намазы да келесі жұмаға дейінгі аралықтағы жасалған (кіші) күнәләрды жабады». (Муслим, Тахара, 14, 15)

Шынайы көңілмен оқылған намаз ықылас, тақуалық пен тамаша мінез– құлықтың қалыптасуына ықпал етеді.

Құран Кәрімде былай баяндалады: «Сабыр және намазбен жәрдем тілеңдер. Расында намаз ынталылардан басқаларға ауыр келеді».(Бақара, 2/45) Яғни намаз оларға ауыр келмейді, керісінше, олар ләзәттанып, рахат сезімге бөленеді, тіпті, намаз оларға үйреншікті іс болады.

Хазіреті Пайғамбар (с.ғ.с) былай деген: «Дүниелеріңнен маған әйел мен хош иіс сүйкімді қылынды. Намаз көзімнің қарашығымдай болды. (Нәсәи, Ишратун Ниса, 1;)

Намаз ұлт пен түрге, тіл мен елге айырмай мүминдерді бір сапқа жинайды, қоғамдық сананы күшейтеді. Әлеуметтік көмек көрсетуге үйретеді, жамағаттың бірлігін қамтамассыз етеді. Жамағатпен намаз оқылатын мешіттер халықтың өзара көмектесуіне, ұйымдасып, рухани тұтастығының күшейіуіне арна болады.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) құтси хадисінде: «Мені кеңшілікте еске алыңдар, мен де сендерді таршылықта еске алайын» делінген. Яғни дүниеде мені еске алыңдар, (ұмытпаңдар) мен де сендерді махшарда, қыл көпірде, тозақ отының ұшқындары жауған уақытта еске алайын. Сендер Мені жастық шақтарыңда, күшті әрі қуатты шақтарыңда еске алыңдар, намаз оқыңдар, мен де сендерді қартайғанда, әл–дәрмен кеткен шақтарыңда еске алып жәрдем берейін деуде. Алланы еске алу тілмен зікір етумен ғана шектелмей амалдар арқылы да жүзеге асады. Амалымыз көбейген сайын иманымыздың да арта берері шындық.

Әбу Һұрайра Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) былай дегенін естіген: «Қиямет күні пенденің амалдарынан ең әуелі сұралатыны – намаз. Егер намазы дұрыс болса, онда пенде қуанышқа бөленіп, игілікке қол жеткізеді. Егер намазы дұрыс болмаса, онда апатқа ұшырап, қайғыға түседі. Егер оның парыз амалында кемшілік болса, Хақ Тағала: «Оның нәпіл амалдары бар ма екен? Онымен парыздардың кем-кетігін толтырсын» - дейді. Оның басқа амалдары да тәрізді есептеледі» (Тирмизи, Сунан, 2\269)

Сондықтан намаз оқып, оған қоса ізгі қасиеттеріміздің болуы ақыретте Алланың қалауымен сауабымызды молайтып, сұрағымызды жеңілдетеді. Шын мәнінде, жаратушы, өмір сыйлаушы және сыйлаған өмірін қайтарып алушы Алладан басқа ғибадат етілуге лайықты екінші бір тәңір не болмыс жоқ. Үлкен есеп күнінде «не істедіңдер?», «кімге және не үшін ғибадат жасадыңдар?» деген сұрақтар қойылатынын адам баласы есінен еш шығармауы тиіс.

Сейдалив Талғат,
«Әт-Тақуа» мешітінің ұстазы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру