Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қанат Қыдырмин: НАМАЗДАҒЫ КЕМЕЛДІЛІК

26.01.2015 9673 0 пікір

Барлық мақтау әлемдердің раббысы Алла Тағалаға және Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с) салауаттар мен сәлемдер болсын!

Намазды кемелділікпен оқу үшін әуелі намазды не үшін оқимыз және  оның исламдағы орнына көңіл бөлгеніміз жөн. Намаз – діннің тірегі. Әлемдердің Раббысы болған Алла Тағаланың құлдарына өсиеті. Қасиетті Құранның оннан астам аяттарында Раббымыз:  وَأَقِيمُوا الصَّلَاةَ яғни, намаз оқы дейді.            

Жаратушы Раббымызға жақын болудың бірден-бір жолы сәжде болса, ал ол тек намазбен ғана жүзеге асатынын есте сақтаған жөн. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде:

 أَقْرَبُ مَا يَكُونُ الْعَبْدُ مِنْ رَبِّهِ وَهُوَ سَاجِدٌ

«Құлдың Раббысына ең жақын болатын сәті – сәжде», – деген.

Намаз басқа ғибадаттардан өте көп нәрселермен ерекшеленеді. Өйткені Алла Тағала оны Пайғамбарымызға (с.ғ.с) тікелей парыз етті. Ал басқа ғибадаттарды Жәбірәйіл (ғ.с) періште арқылы парыз еткен еді.

Енді мұсылман адам не үшін намаз оқиды саған тоқталайық.

Біріншіден, бұл Алланың әмірі. Құран кәрімде: «намаз оқыңдар...» - деген сияқты бұйрық көп жерде кездеседі. Сондықтан, бұйрықты біз талқыға салмай, орындауға тиіспіз. Мәселен, өзіміз қызмет атқаратын мекемеміздің басшысы бірер нәрсе бұйырар болса, біз: «Ол не үшін?», «Кейін орындаймын», - сияқты уәждерді айтпай, дереу орындауға кірісеміз. Ал енді, намаз оқы деп тұрған сіз бен біздің Иеміз – Алла Тағала. Оның бұйрығын орындау одан да зор һәм маңызды. Бастық, бұйрығы орындалмаса, жұмыстан шығаратынындай, Алланың әмірі орындалмаса, Оның қамқорлығынан алыстауына себеп.

Екіншіден, намаз – мұсылмандық парызымыз. Алланың сүйікті Елшісі (с.ғ.с) өзінің сөзінде былай деген:

حَدَّثَنَا عُبَيْدُ اللَّهِ بْنُ مُوسَى قَالَ أَخْبَرَنَا حَنْظَلَةُ بْنُ أَبِي سُفْيَانَ عَنْ عِكْرِمَةَ بْنِ خَالِدٍ عَنْ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ بُنِيَ الْإِسْلَامُ عَلَى خَمْسٍ شَهَادَةِ أَنْ لَا إِلَهَ إِلَّا اللَّهُ وَأَنَّ مُحَمَّدًا رَسُولُ اللَّهِ وَإِقَامِ الصَّلَاةِ وَإِيتَاءِ الزَّكَاةِ وَالْحَجِّ وَصَوْمِ رَمَضَانَ

Ибн Омар (р.а) риуаят етті: Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтты: «Ислам  бес түрлі тіректен құралған, олар: иман келтіру, намаз оқу, зекет беру,  қажыға бару, Рамазан оразасын  ұстау», - деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұл жерде бес парызымызды атап, көрсетіп отыр. Оның ішінде бес уақыт намаз да бар. Демек, намаз оқысақ, бес парызымыздың бірін орындағанымыз. Басқа сөзінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай дейді:

الصَّلاَةُ عِمَادُ الدّينِ مَن أَقَامَهَا فَقَد أَقَامَ الدِّينَ، وَمَن تَرَكَهَا فَقَد هَدَمَ الدِّينَ

«Намаз – діннің тірегі. Кім оны орындаса, дінді тұрғызғаны. Кім оны орындамаса, дінді құлатқаны». Осы хадистен де біз намаздың маңыздылығын аңғарамыз.

Үшіншіден, намаз – мұсылмандығымызға  дәлеліміз. Көпшілік «мұсылман» деген сөздің мағынасына көңіл бөле қоймайды. Бұл сөз арабтың «Мүсілім» деген сөзінен алынған. Мағынасы «бой ұсынушы». Кімге? Әрине, Аллаға. Бұған қоса асыл дініміздің атауы Ислам да осы түбірден шығып, «бой ұсынушылық» деген мағына береді. Демек, Ислам – Аллаға бойұсынушылық болса, «мұсылман» – Аллаға бой ұсынушы пенде. Енді өзімізге назар аударалық. Алла бізге намаз оқуды, ораза тұтуды т.б. бұйырды. Осыларды орындамаған қалайша өзін бой ұсынушымын деп айта алады? Кей нәрселерден тыйды, олардан тыйылмасақ, мұсылмандығымыз қайда? Әрине, Алланың бар және бір екенін, Мұхаммед (с.ғ.с) Алланың елшісі екенін мойындаған адам – мұсылман. Ондай адамды мұсылман емес деп айта алмаймыз. Алайда, амал болмаса, жеткіліксіз болады. Себебі, біз амалымыз бойынша есепке тартыламыз. Адамның жақсы істері көп болса, жұмаққа, күнәсі көп болса, Алланың өзі сақтасын, тозаққа барады. Олай болса, біз мұсылман деген атқа лайықты болуға тиіспіз. Намазын, басқа құлшылығын атқарған адам мұсылман болмақ. Осылайша ол мұсылмандығын дәлелдемек.

Намаздың дүниедегі пайдалары

Намаздың маңыздылығы оқыған адамды Алланың өзі: «...ақиқатында намаз арсыздық-тан, жеккөрінішті нәрселерден тыяды...» деп айтқанындай, арсыздықтан һәм жеккөрінішті нәрселерден тыяды. Әлбетте, намаз оқып тұрған адам қалай арсыздық жасар?! Ондайға уақыты да жетпес. Кем дегенде ондай адам: «Мен намаз оқимын ғой, қалай мен бұл харам болған істі істеймін» - деп тыйылуы мүмкін. Айта кететін жағдай, кей бауырларымыз: «Мен темекі шегемін», «Мен арақ ішемін, сол себепті намаз оқи алмаймын» дейді. Аңғарсаңыз харам істер сауапты амалға кедергі болып тұр. Әсілі: «Мен намаз оқимын ғой, қалайша мен харам нәрселерді істеймін?» деуі керек. Яғни, керісінше сауапты іс харам іске кедергі болуы тиіс.

Намаз оқыған адамға Алла береке береді. Ондай адам істеген ісінен, тапқан дүниесінен тек қайырын көреді. Айналамызға назар салсақ, байлықты мұсылманға да мұсылман емеске де берген. Алайда, дүниенің берекесін тек Алланың әмірін орындаған құлдары көріп жатқанын аңғарамыз. Мұсылман емес адамның тапқаны тапқандай, бірақ ол оның берекесін көре алмай, қайда кетіп жатқанын өзі де түсіне алмайды. Бір жағынан балалары, екінші жағынан басқа факторлар дүниесінің талан-тараж етіп, басына қайғы түсіреді. Аз да болса дүниесіне шүкір еткен пендесіне болса, Алла береке береді. Демек, намаз оқып, Алланың әмірін орындау біз үшін береке есігін ашады.

Жоғарыда аталғандар намаздың дүниедегі пайдасы болса енді намаз оқудың жан тапсырғаннан кейін берер пайдасына тоқталайық.

Әбу Һұрайра (р.а) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) былай дегенін жеткізеді:

إِنَّ المَيِّتَ إِذَا وُضِعَ فِي قَبْرِهِ، إِنَّهُ يَسْمَعُ خَفْقَ نِعَالِهِمْ حِينَ يُوَلَّوْنَ عَنْهُ، فَإِنْ كَانَ مُؤْمِنًا كَانَتِ الصَّلَاةُ عِنْدَ رَأْسِهِ، وَكَانَ الصِّيَامُ عَنْ يَمِينِهِ، وَكَانَتِ الزَّكَاةُ عَنْ شِمَالِهِ، وَكَانَ فِعْلُ الْخَيْرَاتِ مِنَ الصَّدَقَةِ وَالصِّلَةِ وَالْمَعْرُوفِ وَالْإِحْسَانِ إِلَى النَّاسِ عِنْدَ رِجْلَيْهِ. فَيُؤْتَى مِنْ قِبَلِ رَأْسِهِ، فَتَقُولُ الصَّلَاةُ: مَا قِبَلِي مَدْخَلٌ، ثُمَّ يُؤْتَى عَنْ يَمِينِهِ، فَيَقُولُ الصِّيَامُ: مَا قِبَلِي مَدْخَلٌ. ثُمَّ يُؤْتَى عَنْ يَسَارِهِ، فَتَقُولُ الزَّكَاةُ: مَا قِبَلِي مَدْخَلٌ، ثُمَّ يُؤْتَى مِنْ قِبَلِ رِجْلَيْهِ، فَيَقُولُ: فَعَلَ الْخَيْرَاتِ مِنَ الصَّدَقَةِ وَالصِّلَةِ وَالْمَعْرُوفِ وَالْإِحْسَانِ إِلَى النَّاسِ: مَا قِبَلِي مَدْخَلٌ

«Расында, қайтыс болған адамды жерлеп болған соң, ол ұзап кетіп бара жатқан аяқ киімдер дыбысын естиді. Егер ол иманды кісі болса, онда намазы бас жағында, оразасы оң жағында, зекеті сол жағында, ал садақа, қосымша намаздары, ізгі істері және адамдармен жақсы қарым – қатынастары секілді сауапты амалдары аяқ жағында болады. Періштелер ол кісінің бас жағынан келгенде намаз: “Мен жақтан жол жоқ” - дейді . Кейін періштелер оң жақтан барғанда, ораза да: “Мен жақтан жол жоқ” - дейді. Періштелер әлгі адамның сол жағынан барғанда, зекет: “Мен жақтан жол жоқ” - деп айтады. Кейін олар аяқ жақтан келгенде, ізгі амалдар: “Мен жақтан жол жоқ” - дейді». Хадистің тағы бір нұсқасында: «Ол адамға бас жағынан келгенде, Құран оқығаны оны қорғайды. Қол жағынан келгенде, садақа қорғайды. Ал олар аяқ жақтан келгенде, оны мешітке жаяу барғаны қорғайды»[1], - делінген.

Құранда намаздың маңыздылығына байланысты:

﴿فَوَيْلٌ لِّلْمُصَلِّينَ ﴿۴﴾ الَّذِينَ هُمْ عَن صَلَاتِهِمْ سَاهُونَ

«Намаздарын немқұрайлы оқитындарға нендей өкініш»[2], - дейді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) намазын асығып оқыған адамға оны қайта оқуын бұйырған.

Тағы бір аятта Алла Тағала:

﴿قَدْ أَفْلَحَ الْمُؤْمِنُونَ ﴿١﴾ الَّذِينَ هُمْ فِي صَلَاتِهِمْ خَاشِعُونَ﴾

«Шынында, иман келтіргендер құтылды. Олар сондай мүміндер, намаздарында (қорқынышпен) іштей жалбарынады»[3], - деген.

Намаз – адамдар арасындағы теңдіктің, бауырмашылықтың, тәртіптің, сондай-ақ барлығы-ның бір болып жүздерін мұсылмандардың құбыла-сы болған қасиетті Қағбаға бұратын көріністердің бірі. Сондай-ақ намаз – Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтқа-нындай мүміннің рақаты әрі қуанышы: «Менің қуанышым намазда».

Пайғамбарымызды (с.ғ.с) бір іс қинаса намазға тұрып жәрдем тілейтін, өйткені Алла Тағала:

﴿... اسْتَعِينُواْ بِالصَّبْرِ وَالصَّلاَةِ...

«...Сабыр және намазбен (Алладан) жәрдем тілеңдер!...»[4] - деді. Хазреті Біләлға: «Әй, Біләл, бізді намазбен қуандыр», - дейтін еді. Өйткені мұсылман адам намазға тұрса, өзінің жаратушысы Алланың алдында тұрады, сондықтан оның жүрегі жібіп, жаны тыныштық табады және дене мүшелері Аллаға бағынады, сондай-ақ ол өзінің Раббысы әрі иесі Алла болғанына қуанады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде бес уақыт намаз жайлы сахабаларына былай деген:

قَالَ رَسُولُ اللَّه صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: "أَرَأَيْتُمْ لَوْ أَنَّ نَهْراً بِبَابِ أَحَدِكُمْ يَغْتَسِلُ مِنْهُ كُلَّ يَوْمٍ خَمْسَ مَرَّاتٍ، هَلْ يَبْقَى مِنْ دَرَنِهِ (وَسَخِهِ) شَىْءٌ ؟" قَالُوا: لاَ يَبْقَىَ مِنْ دَرَنِهِ شَىءٌ. قَالَ: "فَذَلِكَ مَثَلُ الصَّلَوَاتِ الْخَمْسِ، يَمْحُو اللهُ بِهِنَّ الْخَطَايَا" مُتَّفَقٌ عَلَيْهِ

  «Қалай ойлайсыңдар, егер сендердің біреулеріңіздің есігінің алдында өзен болса, ол онда күніне бес рет жуынатын болса, оның денесінде кірі қала ма?» Сахабалар: «Жоқ, кірінен еш нәрсе қалмайды» - деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Сол сияқ-ты бес уақыт намаз, Алла олармен қателерді өшіреді», - деді.

Мұсылман адам барлық намаздарға ұқыпты болуы керек. Өйткені намаздарға немқұрайлы қарау - екі жүзділердің сипатына жатады. Алла Тағала Құранда олар жайында былай дейді:

﴿إِنَّ الْمُنَافِقِينَ يُخَادِعُونَ اللَّهَ وَهُوَ خَادِعُهُمْ وَإِذَا قَامُوا إِلَى الصَّلَاةِ قَامُوا كُسَالَى يُرَاءُونَ النَّاسَ وَلَا يَذْكُرُونَ اللَّهَ إِلَّا قَلِيلًا﴾

«Әлбетте, мұнафықтар Алланы алдамақ-шы болады. Негізінде, Алла оларды алдайды. Олар қашан намазға тұрса жалқауланып, адамдар көрсін деп тұрады және Алланы кемде-кем еске алады. Олар осы екі арада дел-сал күйде, не олардан емес, не бұлардан емес».[5]

Имам Ахмад Абдуллаһ ибн Амр ибн әл-Астың былай дегенін риуаят етеді: «Бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с) сахабаларының арасында намаз туралы айтып былай деді:

مَنْ حَافَظَ عَلَيْهَا كَانَتْ لَهُ نُورًا، وَبُرْهَانًا، وَنَجَاةً يَوْمَ القِيَامَةِ، وَمَنْ لَمْ يُحَافِظْ عَلَيْهَا لَمْ يَكُنْ لَهُ نُورٌ، وَلَا بُرْهَانٌ، وَلَا نَجَاةٌ، وَكَانَ يَوْمَ القِيَامَةِ مَعَ قَارُونَ، وَفِرْعَوْنَ، وَهَامَانَ، وَأُبَيِّ بْنِ خَلَفٍ

 «Кімде-кім намаздарға сақ болса ол үшін нұр, дәлел және қиямет күні оттан құтылу болады, ал кімде кім намаздарға сақ болмаса оған нұр да, дәлел де және құтылу да болмайды. Әрі ол қияметте Перғауынмен, Һаманмен, Харунмен және Убай ибн Холафпен бірге тіріледі».

Қорқынышпен іштей жалбарынып және беріліп намаз оқу намаздың қабыл болуына себеп. Онсыз мұсылман намазынан пайда алуы қиын. Ал бұл сезім жүректің саулығы мен тазалығы және ықыласқа байланысты екенін ұмытпаған жөн. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде:

أَلاّ وَ إِنَّ فيِ الجَسَدِ مُضْغَةً، إِذَا صَلَحَتْ صَلَحَ الجَسَدُ كُلُّهُ وَ إِذَا فَسَدَتْ فَسَدَ الجَسَدُ كُلُّهُ، أَلاَ وَ هِيَ القَلْبُ

 «Байқаңдар, расында денеде бір түйір ет бар, егер ол түзелсе, дене мүшелерінің барлығы түзеледі, ал егер ол бұзылса дене мүшелерінің барлығы бұзылады, ол жүрек», - деген. Демек жүректегі ықылас дененің қандай да бір іс-қимылының шынайлығына дәнекер.

Намазда кемелдікке жетуге себеп болатын жолдар:

1. Намаз алдында азаншының «хайяа алал-фалаах». Яғни «құтылуға асығыңдар» - деген сөзіне мән беріп, екі дүниедегі қиындықтан құтылудың жолы – намаз екенін сезіну.

2. Дәретті алу барысында жуылғаннан тамған әр тамшымен күнәлардың түсіп, жойылуы -намазға дайындықтың себебінен екенін білу.

3. Бұдан соң арнайы мешітке намаз оқу ниетімен беттеп, қадамының бірі дәрежесін көтеріп, бірі күнәні өшіретіндігін сезіну.

4. Намазда барша әлемдердің Раббысы Одан басқа күш пен құдірет болмаған Алла Тағаланың алдында тұрғаныңды сезіну.

5. Намазға дейінгі күнәлі істерден аулақ болу.

6. Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) Алла Тағаланың разылығын әсіресе намаз жолы арқылы алғанын қаперде ұстау.

7. Әрдайым Алла Тағаланың назары мен бақылауында екеніңді ұмытпау.

 Алла Тағала намазды ықыласпен оқып, Өзінің риза болған құлдарының қатарында болуымызды нәсіп етсін!

 Қанат Қыдырмин,
ҚМДБ-ның Ақмола облысы бойынша өкілі


[1] Ибн Хиббән 3103; Хәким 1/379; Табарани; Имам Бәйһақи.

[2] «Мағұн» сүресі, 4-5 аяттар.

[3] «Мүминун» сүресі, 1-2 аяттар.

[4] «Бақара» сүресі, 153-аят.

[5] «Нисә» сүресі, 142-аят.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру