Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Әсет Сәметұлы: АЛЛАНЫҢ СҮЙГЕН ҚҰЛДАРЫ

15.01.2015 14629 0 пікір

Ануарбеков Әсет Сәметұлы
Алматы орталық мешітінің ұстазы

АЛЛАНЫҢ СҮЙГЕН ҚҰЛДАРЫ


Адамның ең үлкен мақсат-мұраты және жаратылысының себебі Алла Тағаланы танып, оны сүю, Оның сүйіспеншілігіне бөлену, разылығын табу. Адам осы мақсатпен жаратылғандықтан, соған қажетті сезімдер мен соған ыңғайлы ағзаларға ие болып жаратылған. Алайда Алла Тағаланы сүю және оның сүйіспеншілігін табу оңай шаруа емес. Бұған қол жеткізу үшін соған лайықты амалдар жасау, соған лайықты рухқа ие болу қажет. Алланы сүю және сүйіспеншілігін табу үшін не істеу қажеттігін бізді жаратқан, Раббымыздың аяттарынан және Алланың ең сүйікті пендесі бола алған Пайғамбарымыздан (с.а.с.) үйренеміз. Сондықтан да Алланың сүйіспеншілігін тапқысы келетіндер үшін төмендегі бірнеше аят хадистерді назарыңызға ұсынамыз:

Әбу Хурайра Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (с.а.с.) былай деп риуаят етеді:

عَنْ اَبِى هُرَيْرَةَ ، قَالَ رَسُولُ اللَّه صلى الله عليه و سلم اَحَبُّ عِبَادَ اللَّهِ اِلَى اللَّهِ رِعَاءُ الشَّمْسِ وَ الْقَمَرِ ، اَلَّذِينَ يُحَبِّبُونَ عِبَادَ اللَّهِ اِلَى اللَّهِ وَ يُحَبِّبُونَ اللَّهَ اِلَى عِبَادِهِ

«Алланың құлдары арасында оған ең сүйіктілері: Күн мен айды аңдитындар, Алланың құлдарын Аллаға сүйдіретіндер және Алланы құлдарына сүйдіретіндер» (Байхақи, әс-сунәнул-кубра)

Осы хадиске құлақ салатын болсақ ең әуелі күн мен айды аңдитындар туралы айтылған. Мұнда муәззиндер, яни азаншылар және құлшылық уақыттарын белгілеушілер жайында айтылуда. Өйткені олар намаз және өзге ғибадаттардың уақытын аңдып, күн мен айдың туып, батуын, әрекетін бақылап отырады және адамдарға олардың уақытын ескертеді.  Олар құдды құлшылыққа шақырушылар іспеттес. Күнді аңду арқылы намаз уақыттарын, айды аңду арқылы қажылық пен оразаның уақыттарын, құрбан шалудың уақытын анықтап, адамдарға білдіріп отыратын адамдар Алланың сүйіспеншілігіне ең жақын құлдар болып табылады екен. Солардың арасында азаншылардың орны ерекше. Себебі ораза мен құрбан, қажылық секілді құлшылықтар жылына 1 рет ғана. Ал намаз күнделікті бес уақыт сергектікті талап етеді.

Абдулла бин Әуфадан тағы да Расулулланың (с.а.с.) мына бір хадисі риуаят етіледі: «Шүбәсіз Алланың құлдарының арасында ең қайырлылары Алланың бұйрығын орындау үшін күнді, айды, жұлдыздар мен көлеңкені аңдитындар». (Хаким, әл мустәдрак)

Әнәс бин Мәліктен (р.а.) риуаят етілуі бойынша Расулулла (с.а.с.) былай деген: «Ант етсем қателеспеспін, Алла тәбәракә уә тағаланың құлдары арасында ең сүйіктілері күмәнсіз (азан айту үшін) күн мен айды күзетіп жүретіндер. Қиямет күні олар мойындарының ұзындығынан танылатын болады». (Табарани, әл муғжәмул әусат).

Пайғамбарымыз (с.а.с.) Алланың ең сүйікті құлдары жайындағы хадисінің жалғасында «Алланың құлдарын Аллаға сүйдіретіндер және Алланы құлдарына сүйдіретіндер...» деді.

Алланың құлдарын Аллаға сүйдіру былай болады: Жаратушы ие намазын, оразасын, бүкіл құлшылықтарын өтейтін, тыйған нәрселерінен тыйылатын адамдарды жақсы көреді. Олай болса кім бір адамды Алланың бұйрықтарын орындап, тыйғандарынан тыйылуға үгіттеп, жол көрсететін болса, және әлгі адам расында да Аллаға итағаты мол құлдардың қатарына енетін болса, Алланың сүйіспеншілігін табады, ал оны сол жолға бастаған адам оны Аллаға сүйдірген болады.    

Ал Алланы құлдарына сүйдіру дегеніміз – Хақ тағаланы құлдарына таныту арқылы олардың Алланы сүюлеріне себепкер болу. Өйткені барлық игіліктердің, барлық ізгіліктердің, қайыр атаулының барлығының иесі болған Алла Тағаланы таныған адам Оны сүймеуі мүмкін емес. Алланы сүймейтіндер тек оны танымағандар ғана. Олай болса Алланы құлдарына сүйдіру, оның көркем сипаттарын танытып, түсіндіру арқылы болады екен.

Кейбір адамдар өздеріне берілген дүниелік нығметтерге қарап, Алланың сүйіспеншілігіндеміз деп ойлайды. «Егер де Алла мені сүймесе, осыншама ризық-несібені, мал-мүлікті бермес еді!», дейді. Сөйтіп өздерін дұрыс жолдамын деп есептейді. Алайда мұндай қағида жоқ екендігін жаратқан Жаббар иеміз мына аятымен ескертеді: «Олар өздеріне берген дүние байлығы мен бала-шаға көптігіне қарап Біз оларды қолдайды деп ойлай ма? Жоқ, олар қаперсіз жандар!» (Муминун сүресі, 55-56 аят)  

«Нәпіл құлшылықтарды өтей-өтей құл Раббысына жақындай береді. Сол кез Алла ол құлдың көруін, естуін, сөйлеуін, жүруін, ұстауын бекем қылады. Менімен көріп, менімен естиді, менімен жүреді». (Хадис қудси, Бухари, риқақ 38)

Жағфар Садық риуаят еткен өзге бір хадисте былай деп келеді: «Алла Тағала былай деді: «Құлым парыздарды орындаумен жақындағаннан артық маған ештеңемен жақындай алмайды. Нәпіл құлшылықтар арқылы тағы да жақындаған үстіне жақындай түседі. Жақындаған сайын Мен оны артық сүйемін. Тіпті оның еститін құлағы, көретін көзі және сөйлейтін тілі және іс жасаған қолы боламын».

Хадисте айтылған мағына құл Аллаға жақындаған сайын оның әрбір ісі Алламен болып, ол тек хақты естиді, хақты көреді және тек хақпен жүреді.

Әрі Алланың сүйген құлдарынан болудың жолдары, Алла Тағала кімдерді жақсы көретіндігі және кімдерді сүймейтіндігі жөнінде мына аят-хадистерден көруге болады:

 «Алла Тағала күпірлікке салынғандарды жақсы көрмейді» (Әли имран, 32 аят)

«Алла Тағала шүкіршілігі жоқ, көргенсіз құлдарын жақсы көрмейді» (Бақара, 276 аят)

«Алла Тағала залымдарды жақсы көрмейді» (Әли имран, 57 аят)

«Алла Тағала үнемі қиянат етуші күнәһарларды жақсы көрмейді» (Ниса сүресі, 107 аят)

«Алла Тағала керіліп, тәкаппарланушыларды жақсы көрмейді» (Ниса сүресі, 36 аят)

«Алла Тағала азғындықта шектен шығушыларды сүймейді» (Мәидә, 87 аят)

«Алла Тағала ысрап етушілерді жақсы көрмейді» (Әнғам, 141 аят)

«Алла Тағала шектен шығушыларды жақсы көрмейді» (Ағраф, 55 аят)

«Алла Тағала  өзін-өзі мақтаушылардың ешбірін жақсы көрмейді» (Лұқман, 18 аят)

«Алла Тағала күлімдеген, көркем жүзді адамдарды жақсы көреді» (Байхақи)

«Алла Тағала өзі жақсылық жасаушы әрі жақсылық жасаушыларды жақсы көреді» (Табарани)

«Алла Тағала әсем, әсемдікті жақсы көреді»; «Алла Тағала жомарт, жомарттықты жақсы көреді»; «Алла Тағала таза, тазаларды жақсы көреді» (И.Адий)

«Алла Тағала жұмсақ мәміле жасаушыларды жақсы көреді» (Муслим)

«Алла Тағала кешірімді, кешіруді жақсы көреді» (Хаким)

«Алла Тағала өз ісін бекем орындайтын құлдарын жақсы көреді» (Байхақи)

«Алла Тағала тәубешіл жасты жақсы көреді» (Әбу шәйх)

«Алла Тағала жастық шағын құлшылықпен өткізген жастарды жақсы көреді» (Әбу Нуайым)

«Алла Тағала зұлымдыққа ұшырағандар мен тарыққандардың жәрдеміне асығатындарды жақсы көреді» (Байхақи)

«Алла Тағала дұға етуден жалықпайтындарды жақсы көреді» (Байхақи)

«Алла Тағала өзіне тоба қылушылар мен тазаланған құлдарын жақсы көреді» (Бақара сүресі, 222 аят)

«Алла Тағала тақуалықты бекем ұстанушыларды жақсы көреді» (Әли Имран, 76 аят)

«Алла Тағала сабыр етушілерді жақсы көреді» (Әли имран сүресі, 146 аят)

«Алла Тағала өзіне тәуекел ете білетін құлдарын жақсы көреді» (Әли имран сүресі, 159 аят)

«Алла Тағала әділ үкім беріп, әділдікті орнатушыларды жақсы көреді» (Мәидә сүресі, 42 аят)

«Алла Тағала жақсылық жасаушы құлдарын жақсы көреді» (Әли имран, 148 аят; Мәидә 93 аят)

«Алла Тағала бұзғыншылықты жақсы көрмейді» (Бақара, 205 аят)

Бәрін айт та бірін айт, Пайғамбардың ізіне даналықпен еру Алланың сүйікті құлына айналудың бір ауыз сөзбен айтқандағы ең төте жолы. Себебі әр сөзі заңдылық болған Алла Тағала қасиетті кітабында: «Айт: Егер Алланы сүйген болсаңдар, менің ізіме еріңдер, сонда Алла да сендерді сүйеді!» (Әли Имран сүресі, 31-аят)

Жаратқан иеміз баршамызды өзінің сүйіспеншілігі атты баға жетпес нығметтен махрұм етпесін. Әмин!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру