Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Тәуелсіздік – тірегім

13.12.2014 4870 0 пікір

Мейірімді, Рақымды Алланың атымен! 

Алла Тағала кәләмі қасиетті Құран аяттарында және Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) көптеген хадистерінде адам баласын отансүйгіштік, бірлікке, ынтымаққа, достыққа шақырады және мұсылмандардың арасында бір-біріне деген махаббатта болуын қалайды.

Аллаға шүкір, ата-бабамыз сан ғасырлардан бері аңсап өткен тәуелсіздікке қол жеткізудің арқасында көптеген жақсылықтарға, нығметтерге ие болдық. Сол үшін тәуелсіздік ұғымынан терең сөз жоқ біз үшін. Тәуелсіздіктің арқасында асыл дініміздің қайнар бұлақтармен қайта қауышып жатырмыз. Қазақстан халқыы дербестікпен бірге дәстүрге, мәдениетке, тілі мен дініне толыққанды ие болып, оларды заманға сай дамытуға мүмкіндік алды. Қазақстанда тұратын басқа ұлт пен ұлыстың өз тілін, өз мәдениетін үйренуге толыққанды жағдай жасалды. Мұның барлығы қазақ халқының ұстанған бағыт-бағдарының дұрыстығын, ата-баба жолынан айнымағандығын білдіреді.

Отаншылдық, патриотизм асыл дініміздің ұстанымымен ұштасып жатқан ұғымдар. Шариғатымызда «Отанды сүю – иманнан»деген қанатты сөз бар. Отанға деген ыстық сезім, ықылас жалпы адамзаттық адамгершілік қасиеттерге жатады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да өзінің туған шаһары Мекке шаһарына айрықша ықыласпен қараған.

Араб елінің көнекөз ғалымы Абдулла Мұстафа тәуелсіздік күні турасында: «Тәуелсіздік күнін қарсы алу, оның құрметіне дастархан жаю – бұл отансүйгіштікке, отанға адал болудың бір көрінісі. Тәуелсіздік күнін тойлау – сондай бір әдемі дәстүр» дейді. Отанды сүю, әрбір адамның жүрегінде болатын несібе Алладан екен. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бүкіл адамзаттың ұстазы, мұғалімі ретінде өзі де отанын сүйетін еді.

Ілгеріде өткен бір ғұлама «Отан үшін құрбан болу – қандай бір әдемі, бірақ , отан үшін қызмет ету, оны көркейту – одан да әдемі»деп айтқан екен. Қазақ халқында туып-өскен өңірді, Отанды қадірлеуге үндейтін тәлімді сөздер көп. Ата-бабаларымыз туған жер, атамекен үшін адал қызмет етуге шақырып өткен.

Барша Қазақстандықтарды осы қасиетті – тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтап, әрбір отбасына береке-бірлік, ынтымақ тілеймін. Алла тағала баршамызға һидаят пен тауфиқ беріп, иманымызды күшейтіп, елімізге, отбасымызға, айналамызға, қоғамымызға пайдалы істермен айналысуды нәсіп етсін. Әумин! 

Яхия қажы АБДОЛЛАҰЛЫ,
«Шейх Кунта қажы» мешітінің Бас имамы,
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру