Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ғұлама ғұмыры: «Фиқһ ілімінің білгірі - Имам Тахауи»

29.11.2014 6659 0 пікір

Имам Тахауи ханафи мәзһабының атақты фақиһ ғұламаларының бірі. Толық аты-жөні – Ахмәд ибн Мұхаммед ибн Сәләмә ибн Сәләмә ибн Абдулмәлик, күниясы1 – Әбу Жағфар. Туылған жылы жайында түрлі көзқарастар бар. Алайда, һижри 239 (м. 853) жылы туылғандығы айтылады. Өйткені, шәкірті Ибн Юнус осы жылы дүниеге келгендігін Тахауидың (р.а.) өзінен риуаят етеді. Бұл жайында басқа да дәлелдер бар.

Ал, қайтыс болған жылы жайында тарихшылар көбінесе һижри 321 (м. 933) жыл деп ортақ көзқарас білдірген. Мысырдың «Таха» деп аталатын елді-мекенінде дүниеге келгендіктен, осыған байланыстырып, оны «Тахауи» деп атап кеткен. Тахауи Мысырдың ауқатты отбасыларының бірінен шыққан. Әкесі – Мұхаммед ибн Сәләм мухаддис2 әрі әдебиет пен поэзияны терең меңгерген кісі еді. Тахауи һижри 264 жылы дүние салған әкесінен хадис риуаят еткен. Оның анасы Шәфиғи мәзһабының алдыңғы қатарлы имамдарының бірі Әбу Ибраһим Исмайыл ибн Яхя әл-Музәнидің бауыры болып келеді. Сонымен қатар, Шәфиғи мәзһабының ғылыми мәжілістеріне қатысқан білімді тұлға еді. Бұдан Тахауидың ата-анасы ғылымға аса ден қойған адамдар болғанын байқаймыз.

Тахауидың тақуалығы

Тахауи (р.а.) ақиқат өз орнын тапқанға дейін ешқашан көзжұмбайлық танытпаған. Ол жұмсақ мінезді, барлық адамдармен жақсы қарым-қатынаста болған. Адамдар арасында туындаған мәселелерде әділдікпен мәміле жасайтын. Тахауи мен Ибн Харбуәйһ арасында бір ғылыми тартыс жүзеге асып, әрқайсы қозғалып жатқан мәселе жайында өздерінің көзқарастарының дұрыстығын алға тартады. Соған қарамастан бұл жайт олардың бір-бірлеріне деген сүйіспеншіліктеріне нұқсан келтірмеді. Сол уақытта Ибн Харбуәйһ қазылық қызметін атқарған еді. Ол қазылықтан түскенде, Тахауидың ұлы Али ибн Ахмәд әкесін сүйіншілеу үшін келеді. Осы сәтте Тахауи ұлына: «Сенің бұлай айтуың қандай өкінішті! Бұл мен үшін сүйінші емес, керісінше қайғылы жайт. Мен бұдан былай сан-қилы мәселелер төңірегінде кіммен пікір алмасамын?» – дейді. Бұл оқиға Тахауидың жоғары мінез-құлыққа ие болғандығына әрі оның байсалдылығы мен ерекше тұлғалығына тамаша бір мысал. Араларында ғылыми бір мәселеде келіспеушілік болғанымен, мұны жеке тұлғалық мәселеге айналдырмай, керісінше оған ғылыми бір шындық ретінде қараған.

Тахауи зуһд3, тақуа иесі болып, жақсы мінез-құлықтарды бойында жинақтай білген біртуар ғалым еді.

Ислам ғұламаларының ол жайында айтқан сөздері

 
«Тахауи атақты фиқһ ғұламасы, сиқа4 әрі орнын толтыру мүмкін болмаған тұлға» (Сәмъани).

«Тахауи – Ханафи мәзһабының фиқһ ғұламасы әрі имамы» (Ибн Әсир).

«Тахауи хадис хафызы5, бірегей әрі құнды еңбектердің авторы» (Суюти).

«Тахауи өз заманында ілімі мен зуһд тұрғысынан аты шыққан дара тұлға еді» (Ибн Нәдим).

«Тахауи – имам, ғалым, хафыз, Мысырдың мухаддисі әрі фақиһы. Оның еңбектерін зерттеп-зерделеген адам, оның ғылымдағы орнының ерекше және мұхит іспеттес білімі бар екендігін аңғарады» (Имам Зәһәби).

«Ол Ислам фиқһының атақты мүжтәһидтерінің бірі болып, артына пайдалы еңбектер қалдырды. Әсіресе, хадис ілімі мен фиқһ саласында оның айтарлық орны бар» (Заһид әл-Кәусари).

Тахауи бірнеше ғылым саласында өшпес із қалдырды. Атап айтқанда, ол тіл білімі, араб тілі грамматикасы, поэзия және қисын ілімдеріне қоса, тәпсір, хадис, фиқһ, кәләм, тарих, шежіре (нәсәб) ілімдері бойынша бірқатар еңбектер жазды.

Имам Тахауидың еңбектері

1. Ақидатут-Тахауи. 
2. Шарху маъаанил-әәсәәр. 
3. Шәрху мушкилил-әәсәәр. 
4. Ахкәәмул-Қур’ан. 
5. Сүнәну-ш-Шафиғи. 
6. Сахихул-Әәсаар. 
7. Шәрху Жәмиъил-кәбир. 
8. Ихтиләфул-ъулама. 
9. Әл-Уасая уәл-Фәуайд. 
10. Ән-Нәуадирул-фиқһийя.

Тахауидың бұлардан басқа да бірнеше еңбектері бар.

Нұрбол ӘБСАТТАРҰЛЫ,
«Астана» медресесінің ұстазы, дінтанушы

Сілтемелер: 

1 “Әке” немесе “Ана” сөзі ұл баланың есіміне байла-ныстырылып айтылатын есімге «күния» дейміз. Мысалы: Хз. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) Қасым деген ұлы болғандығы үшін «Әбул-Қасым» деген күния есімге ие.
2 Хадистердің сәнәдін (тізбегін), мәтінін және рауилердің есімдері мен жағдайларын білген кісіні «мұхаддис» дейміз.
3 Дүниелік нәрселерге мән бермеу.
4 Сенімді.
5 Риуаят етушілерімен бірге жүз мың хадисті жатқа білетін хадис білгірі.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру