Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Нұрбек ЕСМАҒАНБЕТ: Бірлік – болашақтың кепілі

19.11.2014 4566 0 пікір

Нұрбек ЕСМАҒАНБЕТ,
Алматы қаласының Бас имамы 

Бірлік – болашақтың кепілі

Елбасымыздың биылғы халыққа арнаған кезекті Жолдауында Қазақстанның шыққан шыңымен бағындырған биіктерінің ең басты себебі-бірлік екендігі айтылады. Сонымен қатар, Елбасымыз Жолдауында: «Біз Жалпыұлттық идеямыз – Мәңгілік Елді басты бағдар етіп, тәуелсіздігіміздің даму даңғылын Нұрлы Жолға айналдырдық. Қажырлы еңбекті қажет ететін, келешегі кемел Нұрлы Жолда бірлігімізді бекемдеп, аянбай тер төгуіміз керек. Mәңгілік Ел – елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі. Ол – барша Қазақстан қоғамының осындай ұлы құндылығы,- деді.

 Иә, ауызбіршілік қашқан, алауыздық тасқан жерде ешқашан да жалпыұлттық идеялар жүзеге асқан емес. Қазақстанның шыққан шыңы мен бағындырған биіктерінің ең басты себебі – бірлігі мен берекесі.

Еліміздің бүгінгі әлемге үлгі болар тұсы бұл – ұлттар арасындағы татулық, жолдауда осы жағдайларды жастарға ұғындыру керек екені айтылды. Менің ойымша, достық пен келісім болмаған жерде ешқандайда даму да болмақ емес.

Біз бірлігіміздің арқасында ел болып толағай табыстарға жеттік. Ешкімді кемсітпей, ешкімнің тілі мен ділін мансұқтамай, барлық азаматтарға тең мүмкіндік беру арқылы тұрақтылығымыз нығайды. Біздің кейінгі ұрпаққа қалдырар ең басты байлығымыз бен аманатымыз – Ел бірлігі болуы керек.

Елбасының 2015 жылды Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп жариялауы да елдің тұтастығы мен бірлігі, татулығы мен тыныштығын ең басты назарда ұстайтынының айғағы. Бірлікке аса көңіл бөлген елбасы: «Ел бірлігі – біздің барша табыстарымыздың кілті»,- деп атап өтті.

Дана халқымыз «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді. Алтау ала болса,  ауыздағы кетеді», – деп текке айтпаған. Осынау алмағайып заманда мұсылмандардың басын біріктіріп, ел игілігіне жұмылдыруға дін қызметкерлері болып атсалысуымыз қажет. Расында да, жері кең, ал саны аз халқымызға ауызбіршілік керек. Ол үшін іске бір кісіше жұмылуымыз қажет. Ұлы Жаратушымыз Қасиетті Құранда: 

«Түп-түгел Алланың жібінен (дінінен) бекем ұстаңдар да, бөлінбеңдер», – деген («Әли Имран» сүресі, 103-аят). Бізге бірігіп ел игілігі үшін бір атаның баласындай әрекет ету керек. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл». Ұлтқа, тілге, дінге, тағы басқаға бөлінуді дініміз құптамайды. 

 Ал сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (саллаллаһу алейһи уә сәлләм): «Мүміндер кірпіштерден қаланған бір ғимарат іспеттес»- дей отырып біздер үшін бірлік пен ынтымақтың қаншалықты маңызды екендігін өсиет еткен.

Олай болса елбасы жолдауының жүзеге асуына, бірлік пен ынтымақтың нығаюына дінге қызмет етіп жүрген азаматтардың қосар үлесі мол деп сенеміз. Алда үлкен де жауапты жұмыстар тұр. Толысқандықтың жаһандық сынынан өту үшін біздің топтаса білуіміз қажет. Біз барлық қазақстандықтар арасындағы сенімді нығайту үшін, әуелі мешіт жамағаты арасындағы бірлікті нығайтуға тиіспіз! Бір-бірімізге тағатты болуымыз керек! Бұлар – Қазақстанның болашағына кілттер.

Алла Тағала баршамыздың бірлігімізді бекем, жолымызды нұрлы, болашағымызды жарқын етсін! Әмин!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру