Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Дін қызметкерлері жолдауға қолдау білдірді

17.11.2014 4400 0 пікір

Қазақ жұрты қарышты қадамын жалғастыруда. «Нұрлы жол – болашаққа бағыт» атты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кезекті Жолдауы бұл сөзімізді растай түсті. Келесі жылға арналған бас құжаттан еліміздің экономикалық-әлеуметтік өрлеуінің бағдарының дұрыстығын айқын көреміз. Және мемлекет басшымыздың көрегендігіне тағы бір мәрте көзіміз жете түседі. Неге? Өйткені, дәл қазіргі әлемдегі ахуалды қай жағынан алып қарасаңыз да, күрделене түскеніне дау жоқ. Қаржы дағдарысы, девальвация, әлеуметтік мәселелер, тіпті, діндердің тыныс-тіршілігіне дейін. Ал мұндай жағдайда тек байыптылық пен дұрыс шешім ғана қажет.

Қазақстан тағы бір сындарлы сәтті басынан өткермек. Алайда, бұдан да сүрінбей шығатынымызға сенім мол. Себебі, бағыт – айқын, меже – белгілі, болжам – нық.

Әлбетте, дін қызметкеріне экономика, саясат, әлеумет тақырыбында сөз қаузау қиынға соғар. Десе де, ел ішінде жүргендіктен, жамағат арасында болатындығымыздан көп жайтқа қанықпыз. Бірлігіміз – бекем, татулығымыз – мығым. Президент Нұқрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауы жолдарынан «Біз Жалпыұлттық идеямыз – Мәңгілік Елді басты бағдар етіп, тәуелсіздігіміздің даму даңғылын Нұрлы Жолға айналдырдық. Қажырлы еңбекті қажет ететін, келешегі кемел Нұрлы Жолда бірлігімізді бекемдеп, аянбай тер төгуіміз керек. Mәңгілік Ел – елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі. Ол «Қазақстан-2050» Стратегиясының ғана емес, XXI ғасырдағы Қазақстан мемлекетінің мызғымас идеялық тұғыры! Жаңа Қазақстандық Патриотизм дегеніміздің өзі – Мәңгілік Ел!

Ол – барша Қазақстан қоғамының осындай ұлы құндылығы» дегенді оқыдым. Міне, менің де, күллі мұсылман бауырларымыздың да көкейлеріндегі сөз осы. Осындай ұстанымымздан айнымасақ, басты мақсатымыз – дамыған отыз елдің қатарына да қсылатын күннің жақын екеніне күмән жоқ.

ҚМДБ наиб мүфти, «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы Серікбай қажы Ораз

 

Жыл аяғындағы Жолдауды жыл басындағы Жолдаудың жалғасы дер едім. Әлеуеті мықты ел ғана Ұлы идеялардың төркінінен табылып, үлкен істерді тындыра алады. Ал Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бағыт» атты Қазақстан халқына Жолдауы қуатты қадамдарға бастап, бірлігімізді күшейте түседі.

Біз – әлімсақтан Ислам дінін ұлықтаған, әр таңында Алладан медет тілеген мұсылман қазақтың ұрпағымыз. Қандай қаралы, алағай да бұлағай замандардарда да Жаратушымыздың атына кір келтірмей, оның ғажап күштің иесі екендігін мойындаған жұрттанбыз. Кешегі қызыл империяның тұсындағы текті аталарымыз, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында болған тоқырау кезеңдеріндегі замандастарымыз Алласын аузынан тастамай, Мұхаммед пайғамбарымызға салауатын жеткізуден жаңылған жоқ еді. Осындай имандылық пен қанымыздағы бабалық қасиеттің арқасында бүгінгі күнге жетіп, әлемнің алпауыт елдерімен иық тіресуге асығып отырған жайымыз бар.

Той да тұрақтылық пен келісім салтанат құрған кезде болады. Ал қазақтың ұланғайыр даласы қашан тойдан арылып еді?.. Ұлы тойлар алда екен. «Біз тұрақтылықты бағалай білгеніміздің арқасында бүгінгі табыстарға жеттік. Ешкімді кемсітпей, ешкімнің тілі мен ділін мансұқтамай, барлық азаматтарға тең мүмкіндік беру арқылы тұрақтылықты нығайтып келеміз. Біздің кейінгі ұрпаққа аманаттар ең басты байлығымыз – Ел бірлігі болуы керек. Осынау жалпыұлттық құндылықты біз әрбір жастың бойына сіңіре білуге тиіспіз» деген Елбасы есік қаққалы тұрған келесі жылдың ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы болатындығын шегелей айтты. Мемлекет басшысы алдағы жылыҚазақ хандығының 550 жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтетінімізді зор қуанышпен жеткізді. Ал мұндай шаралар Жаңа Қазақстандық Патриотизмді ұрпақ жадына сіңіруде айрықша рөлге ие екені сөзсіз. Президенттің 2015 жылды Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп жариялауы да көңілге шаттық ұялатады. Өйткені, елдің тұтастығы мен бірлігі, татулығы мен тыныштығы ең басты назарда болуға тиіс. Сонда ғана меженің жақындайтыны, бағыттың айқындала түсетіні сөзсіз.

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің Бас имамы Садырханов Жұманазар

 

Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауын асыға күтетіндердің қатарынан едім. Келесі жылға арналған бас құжаттың әдеттегіден ерте жариялануының себебін айқын ұғынған сияқтымын. Өйткені, Жолдау – әр үш жүз алпыс бес күннің ғана емес, болашақтың жоспары. Болашақтың жоспары биыл Нұрлы жолмен беки түсті. Ал бұл іске әр қазақстандық үлес қосып, атсалысуы тиіс.

Рас, діннің саясаттың алшақ жатқаны дұрыс. Десе де, біз дін қызметкері болғандықтан, ел бірлігіне, татулығына, ынтымағына күш салуға, ықпал етуге мүмкіндігіміз бар. Сондықтан барша ел мұсылмандары, бауырларымыз Елбасының осы бағыттағы саясатына қолдау білдіреді.

Мемлекет басшысы «Нұрлы жол – болашаққа бағыт» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Алда үлкен де жауапты жұмыстар тұр. Толысқандықтың жаһандық сынынан өту үшін біздің топтаса білуіміз қажет. Біз барлық қазақстандықтар арасындағы сенімді нығайтуға тиіспіз! Бір-бірімізге тағатты болуымыз керек! Бұлар – Қазақстанның болашағына кілттер. Этносаралық келісім – өміршеңдік оттегі. Біз дем алған кезде оны байқамаймыз, ол өздігінен болады – біз тек өмір сүреміз. Бірлігіміз бен этносаралық келісімді біздің өзіміз сақтауға тиіспіз. Оны біз үшін ешкім ешқашан сырттан келіп жасамайды. Біздің жастарымыз жаңа, тәуелсіз елде өсіп келеді. Бүгінгі буын 90-шы жылдардағы этносаралық соғыстар мен қақтығыстарды, күйреуді көрген жоқ. Сондықтан көпшілігі Қазақстандағы тұрақтылық пен қолайлы өмірді туғаннан солай болуға тиіс сияқты қабылдайды» деді. Міне, бұл жолдар – біздің де тілдің ұшында тұрған сөздер.

Ислам діні әуелден діндер достығын, адамдар бауырластығын, татулық-бірлікті ұлықтайды, дос болуды құптайды. Алланың осы әміріне қазақстандық мұсылмандардың да құлақ асатынына күмәнім жоқ. Сол себептен, шекарамыздың тыныш, ел бірлігінің нық болғаны баршамызға қажет және маңызды. Қазақстан халқының жетпіс пайызға жуығы – мұсылман дінінің өкілдері. Ал осындай басым көпшілігіміздің ұстанымымыз «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығару болса, ынтымағымыздың да мызғымайтыны айқын емес пе? Ендеше, әлем бізге қызықсын, бізден үлгі алсын!

«e-islam.kz», «sunna.kz» ақпараттық ағартушылық интернет порталының Бас редакторы
Исатай Бердалиев

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру