Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ақиқатқа қойылған соңғы нүкте

12.11.2014 4513 0 пікір

Бүгін жас ұрпақ, жас толқын алдыңғы толқыннан нені күтеді? Әрине салихалылықты, парасаттылықты күтеді. Зиялылықты күтеді. Бүгінгі күннің зиялысының бірі, әрине, Ислам дінін дұрыс танытып жүргендер. Мұның басында, әлбетте, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы келеді. Діни басқарма соңғы кездері көптеген фәтуалар шығарып келеді. Соның ең басты маған қатты әсер еткені – жиһадқа, тәкпіршілерге қатысты нақты фәтуалары.

Бұл шөліркеген жас ұрпаққа зәмзәм суын бергендей еді. Өйткені, бүгінгі жас ұрпақ мұсылман болғысы келеді. Ата-бабасының салып кеткен сара жолымен жүргісі келеді. Бірақ, соған тұсаулар бұл күнде аз болып па?! Атап айтқанда, тәкпірші деген дін атын жамылғандар шықты да өз тұрған мемлекетіне жиһад жариялап ел ішін дүрліктірді. Бір таңырқайтыным, дүниеде қай елде, қай жерде болмасын, өмір сүрген тәкпіршілер жиһад жариялағанда ешқашан бағытын Исламнан бөтен дінге жария етпеген. Сайып келгенде олардың бәрінің жиһады – мұсылман елімен, мұсылман жерімен, мұсылман халқымен жиһад жасау.

Құранның қай жерінде Құдай Тағала мұсылман мен мұсылман соғыссын депті? Қай жерінде патшаңа, басшыңа қарсы шықсын, ел ішіне бүлік шығарсын депті? Есесіне, кімде кім бір мұсылманды жазықсыз өлтіретін болса мәңгілік тозаққа түсетіні айтылады. Ал, енді біздің елден кеткен тәкпірші қазақтар Сирия еліне барып қара күштердің құрған әскеріне қосылып мешіттерді жарып, мешітте тәспі тартып отырған имамдарды, атақты Ислам ғалымдарын жарылыс жасап өлтіруде. Мұны мұсылмандыққа жатқызбақ тұрмақ, адамдыққа да жатқыза алмайсыз. Солар дін бауырларына қастандық жасап, өздері де өлді. Енді олар сол дүниеде мұсылманды өлтіргеннің тозақы екенін ұғынды. Бірақ соларға қайтарға жол бар ма? «Е, мұсылманды өлтіру, адам өлтіру жер бетіндегі барлық адамды өлтірумен бірдей екен. Біз жиһад деп «тағұттың» әскері болыппыз. Енді қайталамаймыз, кері қайталық» дей ме? Қор болған есіл өмір. Солар өз күш-жігерлерін шынайы Алланың парыз еткен жиһадына арнап нәпсілерімен күрессе, әскер қатарына алынып, хадисте «мақталған екі көз» деп айтылғандай, елді қорғап көп сауапқа кенелсе болмас па еді?! Әрине, болар еді.

Міне, бұл тұрғыдан Діни басқараманың жас ұрпақтың көзін ашып, санасына сәуле ұялату үшін осындай батыл қадамдарға барып нақты шешімдер қабылдағаны құба-құп нәрсе. Иә, Діни басқарма «ештен кеш жақсы» дегендей бұл шешімінде кеш қала қойған жоқ. Олар бұрын да еліміздегі барлық мешіттерде еліміз егеменді ел болғалы бері Исламның сара жолын насихаттап, жиһад ұғымын Құранша насихаттап келуде. Ал бұл фәтуалары сол ақиқаттарға қойылған соңғы нүктедей еді.

Иә, жиһадқа ел басшы мен Діни басқарма ғана фәтуа бере алады. Өз елінің мұсылман басшысы мен ғұламалары тұрып өзге бір елдің өздері жете танымайтын «ғалымдарының» сөзін тыңдау Ислам дінінде «тағұттық», дінбұзарлық, Аллаға қарсы келушілік болмақ. Алла елімізді бірлігі кеткен ел болудан сақтасын!

Мұхитдин Исаұлы, 
«Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетінің
ректор кеңесшісі, профессор, теолог

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру