Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Біз – ақидасы анық, мұсылманшылығы мығым елміз

12.11.2014 5086 0 пікір

Сонау 751 жылы қазіргі Талас өзені маңында болған қарақытайлар мен арабтар арасындағы шайқаста арабтар жеңіске жетті. Бұл жеңіс – Ислам дінінің қазақ даласына кең ауқымда таралуына ашылған алғашқы қадам еді. Міне, осы кезеңнен қазақ халқының тыныс-тіршілігі, өмірлік ұстанымы Ислам дінінің құндылықтарына негізделе бастады. Қазақ халқының Хақ дінді қарусыз қабыл-дап, болмысына негіздеуінің басты себебі – түркі танымына және салт-санасына Ислам құндылықтарының үйлесімдік табуында еді.

Бұл тұрғыда қарапайым ғана күнделікті тіршілігімізде кездесетін сәлемдесу, үйден шығарда оң аяқпен шығу, науқастың көңілін сұрап бару, туған-туыс арасындағы қарым-қатынас, ата-анаға құрмет көрсету, көрші ақысы сынды көптеген жайттарды тізбектеп атауға болады.

Салт-дәстүр тәрбиелік құрал ретінде ұрпақтан-ұрпаққа отбасылық институт ар-қылы беріліп отырды. Дәстүр мен дін біте-қайнасқан десек, қателеспейміз. Оған мысал көп. Мәселен, беташар мен келіннің сәлем салуы. Азан шақырып ат қою мен сүндет той, тасаттық беру, т.б.

Беташар жайлы айтсақ, шариғатта «Некені жария етіңдер. Некеде дағара соғыңдар», (Барабанға ұқсас музыкалық аспап) «Некеде халал мен харамның арасын бөліп тұрушы дағара және дауыс» деген хадистер бар. Осы мағыналас хадистер қазақтың беташарына негіз болған. Бұл дәстүр бойынша домбырамен жаңа түскен келінге насихат айтылып, қайын жұртының әрқайсысының атын атап, түсін түстеп сәлем бергізеді. Бір сөзбен айтқанда, пайғамбар хадисіне амал етіп, екі жастың некелескенін ағайын-туысқа жар салып жеткізеді.

Ал енді, келіннің сәлем салу дәстүріне келсек. Бұл салт-дәстүрге дін ұстанып, бірақ жат ағымның сөзіне құлақ асқан кейбір жастар Алла тағалаға серік қосу деп шошына қарайды. Бұл құрмет пен құлшылық арасын ажырата алмағандық. Келіннің бас июін сәжде жасаумен теңестіру жөнсіз. Яқұб (ғ.с.) пайғамбар жоғалған ұлы Жүсіпті (ғ.с.) Мысыр еліне іздеп келіп, қауышқан сәті Құранда былайша баяндалады: «Әке-шешесін таққа көтерді. Барлығы оған сәждеге жығылды» («Юсуп» сүресі, 100-аят). Яғни, барлығы Жүсіпке (ғ.с.) құрмет етіп, бас иді. Олай болса, Яқұб (ғ.с.) пайғамбар да Жаратушыға серік қосқаны ма?

Екіншіден, бұл игі дәстүр пайғамбар хадисіне сай келеді. Мұсылманшылықта әйел баласы бөгде ер кісімен қол беріп амандаса алмайды. Айша (р.а.) анамыз: «Алла елшісі (с.ғ.с.) еш уақытта бөтен әйелдің қолын ұстамаған», – дейді. Иә, дінімізде ар тазалығы биік бағаланады. Келіннің бас иіп сәлем салуы осы хадистердің дәстүрмен сабақтасқан көрінісі.

Араб халқының Исламға дейінгі кейбір дәстүрлері дін келген соң да жалғасын тапты. Мәселен, дүниеге сәби келгенде ата-анасының Жаратушыға шүкіршілік ретінде құрбан шалуы. Мұны, ақиқа деп атайды. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) атасы Абдімүтталиб немересінің атынан ақиқа шалғандығы тарих кітаптарында жазылған. Арабтың бұл дәстүрі дінге керағар болмағандықтан, мұсылманшылық келген соң да жалғасын тапты. Демек, діннің басты қағидаттарына қайшы келмейтін жергілікті дәстүрлерге шариғат тыйым салмайды.

Салт-дәстүрдің маңыздылығына қатысты мына бір деректі келтіре кетсек. Имам Шафиғи мәзһабқа қатысты еңбегін бірінші Ирақта жазады. Бірақ, Мысыр еліне келген соң, жергілікті халықтың қажетті-лігіне сай, сол елдің салт-дәстүрлермен санаса отырып, еңбегін қайта жазып шығады. Тіпті, осыдан кейін ол кісінің еңбегіне ескі мәзһаб кітабы және жаңа мәзһаб кітабы деген атаулар да берілген. (Абдулуаһһаб Халлаф, «Фиқһ негіздері» кітабы)

Дәстүрдің туындау мақсаты мен оның тәрбиелік және басқа да мәні көпшілікке белгісіз болғандықтан сынға ұшырауы заңдылық. Сондықтан дәстүрлерді шартты түрде үшке бөлуге болады.

Бірінші: Діннен туған дәстүрлер. Қазақ көптеген діни амалдарды дәстүр еткен. Соның арқасында, дінге тыйым етілген заманда дәстүр арқылы дінін сақтай білген. Мәселен, көрісу салты. Бұл қыс маусымынан шыққан уақытта арадағы үзілген қарым-қатынасты жалғау үшін орындалатын дәстүр. Бұл дініміздің туыстық қарым-қатынасты берік ұстау қағидасына сай келеді. Сондай-ақ, азан шақырып ат қою, сүндет той, тасаттық беру, неке қию, жетім-жесірге қамқор болу, т.б.

Екінші: Дінге қайшы емес дәстүрлер. Мәселен, сырға салу, шілдехана, тоқымқағар секілді. Пайғамбар заманында Ислам дініне дейін араб халқының арасында орындалып келген салт-дәстүрлерінің Исламға қайшы келмейтіндерін әрі қарай жалғастыруға үндеді. Сол себепті, салт-дәстүрдің шығу тарихы мен орындалу мақсатына мұқият зер салған жөн.

Үшінші: Дінге жат дәстүрлер. Бүгінде жастар арасында неше түрлі негізсіз мерекелер тойланып, үрдіске айналып жүр. Бұған той-жиынды өткізу барысында ысырапшылыққа жол беру, мазар мә-дениетінің әрқилылығын қосыңыз.

«Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген қағиданы ұстанған қазақ кешірім сұрап келгендерді, ердің құны болса да кешірген. Өз кезегінде әз пайғамбарымыз: «Кісі жазықты болса да, жазықсыз болса да алдына кешірім сұрап келген мұсылман бауырының кінәсін кешсін. Егер олай етпесе (ақыретте) менің қасыма келе алмайды», – деп ескертеді.

Кісі ақысы ше? «Біреудің ақысын жеме», «Ешкімнің ала жібін аттама», «Аманатқа қиянат жасама» деген қазақтың қағидаттарына қаншалықты мән беріп жүрміз? Пайғамбар өсиетінде: «Кімде-кім мұсылман бауырының өзіне немесе бір затына жасаған қиянаты бар болса, динарлар мен дирхамдар табылмайтын күн (ақырет күні) келмей тұрып, одан кешірім сұрасын. Әйтпесе, егер жақсы амалы бар болса, жасаған қиянатының мөлшерінде оның сауабынан алынып жәбірленген адамға беріледі. Егер жақсы амалы жоқ болса, жәбірленушінің күнәлары оның мойнына жүктеледі», – деген. (Хадисті Имам Бұхари риуаят еткен). Бұхар жырау бабамыз: «Кісі ақысын көп жеген, арам емей немене?», – деп қоғамдық індетті сынап өткен. Өкінішке орай, бүгінгі таңда адам ақысын жеудің неше түрлі айла-тәсілдерін ойлап шығаруда. Адамнан қулық артылған ба?! Ала жаздай жинаған ақшасынан айырылып, сан соғып қалып жатқандар қаншама?! Шариғат пен салтыңды ысырып қойып, бүгіні үшін өмір сүретіндер бар қоғамда. Бұл да бір індет емес пе?!

Сондай-ақ, мұсылман баласына тән қасиеттер – уәдеде тұру, қарызын уақытылы қайтару, аманатқа қиянат етпеу. Бұл да біздің өмір салтымызда айрықша орны бар қасиеттер. «Сіздердің ең қайырлыларың – қарызын төлеген адам», – деген пайғамбарымыздың үндеуін өмірлік қағидаға айналдырған халқымыз «Қарыз, қарызды беру – парыз», – деген. Ал, бүгінгі таңда қарыз алған адам емес, керісінше берген адам өзі қуыстанып, сұрауға ұялып жүреді. Өзі берер деп күтеді. Бірақ, оған алған адам асықсын ба?! Тіпті, реті келіп жатса, қайтармай қалуға тырысады. Бірақ, бұл да кісі ақысы емес пе? Қарызды қайтармай, Құдайдың құзырына қалай бармақпыз. Сонда біз ақшамен есептесе алмайтын ақырет күнінде сауабымызбен есептесуге дайынбыз ба? Бұл да бізге ортақ дерт.

Дәстүр – дін мен ұлт тұтастығын қам-тамасыз ететін құрал. Ұлт болмысын оның руханиятымен байлап тұрған дәстүрді жіті зерттеу кезек күттірмес мәселеге айналды. Бұл тақырып жастардың ұлтжандылық және рухани тәрбиесіне оң ықпалын тигізетіні сөзсіз. Ол үшін дәстүрді Ислам, тарих, мәдениет, этнография және әлеумет тұрғысынан зерттеу қажеттілігі туындап отыр. Себебі, кейбір дәстүрлер ұмытылып, ал бағзылары бағыты бұрмаланып дұрыс қолданылмай келеді. Тіпті, кейбір салт-дәстүрлердің түп мақсаты ескерілмей, көз жұмып іске асыруы адамдардың ата дәстүрінен теріс айналуына әкеп соқтырады. Мәселен, қазалы үйде қазан асу.

Шариғатта, алыс-жақыннан көңіл айтып келгендерге қазан асуға болады. Бірақ, аста-төк етіп ысырап етуге рұқсат жоқ. Қала берсе, ысырап – күнә. Бүгінгі таңда, бұл қыруар қаражатты талап етті, тіпті, марқұмның отбасын қарызға батыратыны да мәлім. Салт-дәстүрдің ғылыми негізі болмағандықтан әркім оны әртүрлі қолданып жүр. Жерлеу рәсімдері мен той-жиындарда да бір ізділік жоқ. Осының нәтижесінде жас ұрпаққа салт-дәстүрдің үлгісін әртүрлі етіп ұсынып келеміз. Салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптың халық арасында қалыптасуына ғасырлар керек екендігін ескерсек, дәстүрдің тозығынан арылып, озығын елге ұсыну замана талабы болып отыр.

Бұл тұрғыда Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазрет 2014 жылды «Дін мен дәстүр жылы» деп жариялап, сондай-ақ, «Дін мен Дәстүр» атты кітабы өз уақытында ел игілігіне ұсынылған құнды еңбек болды. Бүгінгі таңда зиялы қауым тарапынан қызу қолдауға ие болған аталмыш еңбек – дін мен дәстүрдің сабақтастығына сызат түсіргісі келетін алып-қашпа пікірлер мен қарама-қайшы көзқарастарға ғылыми тұрғыда тойтарыс берді.

Әу бастан-ақ, қазақтың ақидасы да айқын еді. Өткендеріміз діни жоралғылар мен құлшылықтарын Ханафи мәзһабы мен Матуриди ақидасына сай орындап, өмірлік ұстанымына айналдыра білген. Бүгінде көпшіліктің көңіліне күдік ұялатып, сенімімізді сергелдеңге салғысы келетіндер бар. Тіршілігіміздегі салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарды ширкке шығарып, бидғатқа балайтындар бар. Жаратқанға жисм (дене) беріп, өз қиялдарымен суреттеуге тырысатындар да бар.

Қазақтың Құдайға деген сенімін Мәшһүр Жүсіп бабамыз былайша жырлайды:

Сипаты сегіз болған, бірі – кәләм,
Сөйлейді құдыретімен Алла тағалам.
Сөйлеуі біздей тілмен, жақпен емес,
Тіл, жаққа мұқтаж емес секілді адам.
Алды-арты, асты-үсті, оң-солы жоқ,
Ауыз, мұрын, аяқ, бас, көз, қолы жоқ.
Еш нәрсе ұқсамайды, Ол еш нәрсеге,
Кітаптың айқанынан ойлама көп.

(Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, көп томдық шығармалар жинағы, Алматы – 2003 ж.)

«Кітаптың айтқанынан ойлама көп», – деп Құрандағы ақидаға қатысты Алланың аятын меңзеп тұр емес пе?!

«Ол Алла, саған Құран түсірді. Оның ашық мағыналы аяттары бар. Солар Кітаптың негізгі ірге тасы. Екінші ұқсас ұғымда аяттар бар. Ал жүректеріңде қыңырлық болғандар, бұзақылық іздеп, ұқсас мағыналы аяттардың ұғымын іздестіріп соңына түседі. Оның ұғымын Алла ғана біледі. Сондай-ақ ғылымында озат болғандар: «Бұған сендік. Барлығы Раббымыздың қасынан» дейді. Бұны ақыл иелері ғана түсінеді». («Әл-Имран» сүресі, 7-аят)

Біз Алла тағаланың сипаттарын сол күйін-де қабылдаймыз. Бұл бүгінгі діндарлардың дабылы емес, сондай-ақ, ашқан жаңалығы да емес. Біздің бабаларымыз, әһлі-сүнна уәл жамағаттың сеніміне сай дінін насихаттаған.

Имам Тахауи ақидасында: «Алла шекаралардан, шектерден, тіректерден, мүшелерден, құралдардан асқақ. Оны жаратылған нәрселерге тән алты тарап қамтымайды», – делінген. Мұны Мәшһүр Жүсіп бабамыз қазаққа түсінікті тілде жырлады. Ол кездері халық ауыз әдебиеті арқылы қазақтың қаншама жыр-толғаулары мен дастандары ауыздан-ауызға жатталып тарағандығын жақсы білесіздер. Міне, соны жақсы ұғынған Мәшһүр Жүсіп бабамыз мұсылманның ақидасын қазаққа түсінікті етіп, жанына жақын етіп, өлең шумақтарымен жеткізуге тырысты. Бұл да дәстүрдің пайдасы емес пе?!

Қазақтың сол белгілі ақыны Мәшһүр Жүсіп бір сөзінде: «72 тіл бар. Оның ең асылы – араб тілі. Өйткені, Құран араб тілінде түскен. Одан кейінгі асыл, бай – қазақ тілі. Қазіргі қазақтар ана тілін білмейді. Шіркін, білсе еді ғой. Дін де, ғылым да, әулиелік те қазақтың тілінде тұр», – деген екен.

Тілдің осыншалық құдіреті неде? Қазақ аталы сөзге тоқтаған халық. «Ұят – иманнан», «Көрші ақысы, Тәңір ақысы», «Қызға қырық үйден тыю», «Иті ұры десе намысы келетін» де сол қазақ. Міне, қанатты сөздер. Мұндай сөздер біреуді сабырға шақырады. Уайым-қайғыға батқан адамға үміт сыйлайды. Енді береуді жігерлендіріп, күш береді. Міне, тілдің, сөздің құдіреті. Демек, біз ана тілімізді жетік білу – төл тарихымыз бен салт-дәстүрімізді бойымызға сіңірудің бірден-бір тетігі.

Біз ақидасы анық, мұсылманшылығы мығым, дінді дәстүріне айналдыра білген елдің ұрпағымыз. Сондықтан болмысы-мызбен біте-қайнасып жатқан ата дінімізді ардақтай білейік. Ислам дінімен сабақтасып жатқан салт-дәстүрімізді насихаттай білейік. Өйткені, оның артында – дәстүрлі Ислам дінінің насихаты жатыр. Ал, енді салт-дәстүрімізге жорық жариялағандар қазақты ата дінінен алшақтатуға тырысып жатқанын ұмытпағаны жөн.

Төлеби ОСПАН,
«Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы,
Астана қаласы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру